YouTube Гүлнәр Бажкенованың Вадим Дергачёвпен сұхбатын үнділіктердің шағымынан кейін өшіріп тастады

cover Бейнежазба скриншоты

Дергачёвтің айтуынша, бейнематериалда ешқандай музыка, видеоүзінді, өлең не басқа мәтіндер қолданылмаған, деп хабарлайды Orda.kz. 

Orda.kz бас редакторы Гүлнәр Бажкенованың журналист Вадим Дергачёвке берген сұхбаты 12 шілдеде оның YouTube-арнасы — Dergachyov Insight — арқылы жарияланған болатын. Бейнематериалдың атауы да мазмұнын айқындап тұр: «Гүлнәр Бажкенова: «Ордаға» қысым, «Шишкинмен сот» , «пышақтасу» және «эмиграция мүмкіндігі туралы».

18 шілде кешке Вадим Дергачёв өзінің арнасынан бұл видеоның өшірілгенін хабарлады. Себеп — Үндістанда тіркелген бір компанияның шағымы.

«Контентке құқықты Үндістанда тіркелген бір медиахолдинг өз атына жазып алған. Ең қызығы — видеода музыка жоқ, басқа видеоүзінділер жоқ, өлең не мәтіндер де жоқ. Үнді әріптестеріміз нақты не нәрсеге шағымданғаны да түсініксіз» деп жазды Дергачёв Facebook парақшасында. 

Журналистің пайымдауынша, бұл әдейі ұйымдастырылған хакерлік шабуыл болуы мүмкін.

«Қазақстандық IT-мамандардың айтуынша, үнді хакерлеріне осындай «тапсырыс» беру шамамен 200–300 АҚШ доллары болуы мүмкін. Сол себепті біздің құрметті қызмет өкілдерінен өтініш: мырза майор! Бұл операцияны бастықтарға 5000–6000 доллар деп жазып, есеп бермеңңіздер, ол оған тұрмайды!» деп мысқылдап жазды Дергачёв. 

Дегенмен ол бұл жағдайды кездейсоқтық немесе үнді тарапының қатесі болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Ал шағымның негізділігі YouTube тарапынан 10 күн ішінде қаралады.

«Бірақ енді бұл кездейсоқтық деп айту қиындау: «Гиперборей» арнасының авторы Вадим Борейконың Instagram және Facebook парақшаларының өшірілуі, «Просто журналистика» арнасының (Рауль Упоров пен Лұқпан Ахмедияров) YouTube-арнасының жойылуы — осының бәрі бір нәрсені білдіретін сияқты. Бізде ақпарат кеңістігі неге бұлай тазартылып жатыр? Бұрын мұндай тазалаудан кейін күтпеген сайлау өтетін» деп түйіндейді Дергачёв. 


Сонымен қатар, аталған сұхбат 17 шілде күні автордың рұқсатымен Orda News YouTube-арнасына жүктелген және ол қазір де сол жерде қолжетімді. Дергачёв сұхбатты сол жерден көруге кеңес береді.

Жаңарту (UPD): Осы материал жарияланғаннан шамамен бір сағат өткен соң, Facebook Вадим Дергачёвтің аккаунты бұғатталды. 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар