Түркістандағы әкесін өлімші етіп сабаған адам 6 жылға сотталуы мүмкін

cover Фото: Бейнеден кадр

Прокурор Түркістан облысы Шардара ауданына қарасты Қоссейіт ауылының 41 жастағы тұрғынына 6 жыл 2 ай бас бостандығынан айыру жазасын сұрады, деп хабарлайды Orda.kz. 

Іс материалдарына сәйкес, денсаулығына байланысты тұрақты күтімді қажет еткен қарт адам 2025 жылдың мамыр айынан бастап ұлының қолында тұрған. Тергеу дерегінше, айыпталушы тамыз айында әкесіне бірнеше рет күш көрсеткен, ал 3 қыркүйекке қараған түні қария қайтыс болды.

Сотта ауыр қылмыстық іс бойынша жарыссөз өтті. Өз әкесін аса қатыгездікпен ұрып-соқты деп айыпталған 41 жастағы Алмас Садақбаев кінәсін толық мойындап, сот залында көз жасын төкті. 

«Кешірім өтінемін. Қазір ұяттан басымды көтере алмаймын. Өзім де не болғанын білмеймін. Есімнен адастым. Соттан жазамды жеңілдетуді сұраймын. Кәмелетке толмаған балаларым бар. Әйелім жұмыс істемейді, отбасындағы жалғыз асыраушымын», — деді ол.

Еске салар болсақ, ер адамның қарияны ұрып-соғып жатқан видеосы тараған еді. Кадрдан беті қан болған ақсақалды көреміз. Үлкен кісі орнынан тұра алмаған соң, оны ұрған жігіт әйелін шақырып, екеуі бірге қарияны сүйрей бастайды.

Осы әкесін аямай ұрып-соққан оқиғаны сол кезде  көршісі телефонға түсіріп жариялаған болатын. Содан кейін оқиға резонанс тудырып, жұрт қатты  дүрлігіп, әркім әртүрлі пікір айтты, көпшілігі мейірімнен жұрдай ұлды жауапқа тартуды сұрады.

Атасы қаза тапқаннан кейін ұлына қатысты ҚР ҚК-нің 106-бабының 3-бөлігі бойынша «жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» дерегімен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Оның адвокаты да соттан қатаң жаза қолданбауды өтінді.

Жұрттың жағасын ұстатқан өрескел оқиғаға қатысты материалдарды оқи отырыңыз:


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар