Трамп соғыста «алдын ала жеңіп жатырмыз» деді. Алайда шығын шаш етектен
Дональд Трамп. Фото: ЖИ көмегімен жасалған
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы әскери операцияда «кестеден озып жеңіп жатырмыз» деп мәлімдеді. Алайда соңғы оқиғалар мен нақты нәтижелерге қарағанда, Ақ үйдің ресми мәлімдемелері мен майдандағы жағдай арасында айтарлықтай қайшылық бар. Сарапшылардың пікірінше, соғыс барысы Трамп әкімшілігінің бірнеше стратегиялық қателігін көрсетті. Orda.kz тілшісі АҚШ президентінің сөзі мен майдандағы жағдайдың қайшылығын баяндайды.
Соғыстың себебі неге бұлыңғыр?
Трамптың негізгі уәжі — АҚШ Иран соққы жасамай тұрып, алдын ала шабуыл жасағаны. Оның айтуынша, былтырғы шабуылдардан кейін Иран жаңа жерасты ядролық нысандарын сала бастаған, сондықтан жаңа әскери операция қажет болған. Алайда мәселе мынада: дәл сол былтырғы соққылардан кейін Трамп Иранның ядролық бағдарламасы толық жойылды деп мәлімдеген еді.
Бірнеше айдан кейін сол «жойылған» бағдарламаны тоқтату үшін тағы соғыс бастау қажет болып шықты. Бұл жағдай Ақ үйдің қазіргі мәлімдемелеріне күмән туғызды.
Байытылған уран мәселесі бар ма, жоқ па?
Соғыстың тағы бір басты себептерінің бірі — Ирандағы байытылған уран қоры. Бұған дейін Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф Иранда шамамен 11 ядролық бомба жасауға жететін уран бар деп мәлімдеген. Бұл қауіп әскери операцияны бастауға негізгі дәлелдердің бірі ретінде көрсетілген.
Алайда қазір Трамп операция «сәтті өтті» деп мәлімдейді. Егер байытылған уран Иранның қолында қала берсе, онда қауіп толық жойылды деп айту қиын.
Иран зымырандары туралы асыра бағалау
Вашингтон Иранның зымыран бағдарламасын да басты қауіп ретінде көрсетті. Бірақ халықаралық зерттеу орталықтарының бағалауынша, Иран баллистикалық зымырандарының ұшу қашықтығы шамамен 2–2,5 мың шақырым ғана. Ал АҚШ-тың батыс жағалауына жету үшін кемінде 9–10 мың шақырым ұшатын құрлықаралық зымыран қажет. Мұндай технология әзірге Иранда жоқ және оны жасау үшін бірнеше жыл қажет.
Жалпы әскери операция басталған кезде Вашингтон бірнеше стратегиялық мақсат қойған болатын. Бірақ олардың көпшілігі орындалған жоқ.
Біріншіден, Ирандағы билік құлаған жоқ. Керісінше, жаңа жоғарғы көшбасшы сайланып, жүйе тұрақтылығын сақтап қалды. Екіншіден, Трамп үміт артқан жаппай халықтық көтеріліс болған жоқ. Үшіншіден, АҚШ күткендей күрд күштері Иран билігіне қарсы соғыс бастаған жоқ.
Сарапшылардың айтуынша, Иран қоғамында режимге сын айтатындар көп болғанымен, елдің тұтастығы мәселесі туғанда халық біріге түседі. Ал күрд күштерінің автономия талаптары қоғамды керісінше біріктіріп жіберген.
Тағы бір маңызды мәселе — Иранның ядролық бағдарламасының нақты қаншалықты жойылғаны белгісіз. Егер сарапшылар айтқан 460 келі жоғары байытылған уран расымен сақталып қалса, онда ядролық қару жасау қаупі әлі де жойылған жоқ.
Ормуз бұғазы және әлемдік мұнай нарығы
Соғыстың ең ауыр геосаяси салдарының бірі — Ормуз бұғазы төңірегіндегі жағдай. Иран алғаш рет бұл стратегиялық өткелді жауып тастады. Бұл бұғаз арқылы әлемдік мұнай тасымалының едәуір бөлігі өтеді.
АҚШ танкерлерді қорғау және Иран флотына қысым жасау сияқты шаралар қолданғанымен, бұғаз толық ашылған жоқ. Соның салдарынан әлемдік мұнай бағасы күрт өсіп, жаһандық нарықта тұрақсыздық пайда болды.
Соғыстың АҚШ ішіндегі саяси салдары
Әскери операцияның салдары АҚШ-тың ішкі саясатына да әсер ете бастады. Мұнай мен жанармай бағасының өсуі инфляцияны күшейтті. Сауалнамаларға сәйкес, Трамптың әрекетін қолдайтындар шамамен 42%, ал қарсы пікір білдірушілер 55%-ға жеткен. Бұл президенттің саяси позициясын әлсіретіп отыр.
Осылайша қазір Ақ үй күрделі жағдайға тап болды. Егер соғыс тоқтатылса — қойылған мақсаттардың орындалмағаны анық көрінеді. Ал әскери операция жалғасса — экономикалық және саяси шығындар одан әрі өседі.
Парсы шығанағы да шығынға батты
Парсы шығанағындағы энергетикалық дағдарыс әлемдік мұнай нарығы тарихындағы ең ірі жеткізілім үзілісі болды. Мұндай бағаны Халықаралық энергетикалық агенттік (IEA) беріп отыр. Агенттік мәліметінше, қазіргі жағдай тіпті АҚШ-тың Парсы шығанағындағы екі соғысынан да ауыр. Дағдарыстың басты себебі — Иранның аймақтағы мұнай танкерлеріне жасаған шабуылдары. Соның салдарынан мұнай тасымалында шешуші рөл атқаратын Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасы күрт азайды. Әдетте бұл өткелмен тәулігіне шамамен 20 миллион баррель мұнай, яғни әлемдік мұнайдың шамамен 20 пайызы өтетін. Ал қазір IEA дерегінше, бұл бағыттағы тасымал іс жүзінде тоқтап қалған.
Жағдайды тұрақтандыру үшін IEA-ға мүше 32 мемлекет стратегиялық қорларынан 400 миллион баррель мұнайды нарыққа шығаруға келісті. Бұл — ұйым тарихындағы ең ірі бірлескен қор босату шарасы. Бірақ бұл қадам әзірге бағаның өсуін тоқтата алған жоқ. Мысалы, Brent маркалы мұнайдың бағасы қысқа уақытқа барреліне 100 доллардан асып, кейін сәл төмендегенімен, қайтадан өсіп, тағы сол деңгейге жақындады.
Дағдарыс Парсы шығанағы елдеріндегі өндіріс көлеміне де әсер етті. Экспорт баяулап, қоймалар толып кеткендіктен немесе Иран шабуылдарынан бүлінгендіктен, аймақта мұнай өндіру тәулігіне шамамен 10 миллион баррельге азайған.
Азия да, Еуропа да шығын көріп отыр
The Washington Post мәліметінше, Еуропа мен Азия елдері Иранға қарсы АҚШ пен Израиль жүргізіп жатқан әскери операцияның экономикалық салдарын АҚШ-қа қарағанда көбірек сезініп отыр. Басылымның мәліметінше, соғыстың әсері тек Ормуз бұғазы арқылы өтетін мұнай мен газ тасымалына ғана байланысты емес. Қақтығыс аймағындағы бірнеше ірі халықаралық әуежайдың жабылуы жаһандық логистикаға да айтарлықтай соққы жасаған. Мәселен, Дубайдағы әуежайды қоса алғанда, бірқатар халықаралық әуежайлардың жұмысы тоқтағандықтан, әлемдегі әуе арқылы жүк тасымалының шамамен бестен бірі уақытша тоқтап қалды. Соның салдарынан тұрмыстық электроника, фармацевтикалық өнімдер және бағалы металдардың жеткізілуінде іркілістер пайда болған.
Контекст. Иран мен АҚШ арасындағы шиеленіс соңғы жылдары ядролық бағдарлама, аймақтық ықпал және санкциялар мәселесіне байланысты күшейді. Вашингтон Тегеранды ядролық қару жасауға жақындап қалды деп айыптаса, Иран билігі бағдарламаның тек бейбіт мақсатта екенін айтып келеді. Соңғы әскери операция осы ұзаққа созылған текетірестің ең қауіпті кезеңдерінің біріне айналды.
Қазіргі жағдайға қарағанда, Иран да өз жеңісін жариялауы мүмкін. Өйткені кез келген әскери операцияның нәтижесі бір өлшеммен бағаланады — мақсат орындалды ма, жоқ па? Ал әзірге байқалғаны: Иранға қарсы соғыс Трамп күткен жылдам саяси жеңістен гөрі әлдеқайда күрделі геосаяси дағдарысқа айналып барады.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- Тоқаев судьялар корпусында ауқымды кадрлық өзгеріс жасады
- Павлодарда бір жарым жастағы бала тазартқыш сұйықтық ішіп, мүгедек болып қалды
- Алматыда жоспарлы түрде жарық өшеді: Қай көшелерде?
- «Иран бұрынғыдай емес»: Нетаньяху соғыс басталғалы бергі алғашқы баспасөз мәслихатын өткізді
- Трамп соғыста «алдын ала жеңіп жатырмыз» деді. Алайда шығын шаш етектен
- Польшада жоғалған қазақстандық әйелдің мәйіті табылды
- Билік Қазақстан экономикасына 22,7 трлн инвестиция құйылғанын айтты
- Арыс ауданында жоқ малға субсидия алған әйел сотталды
- Иран Дубайдағы халықаралық қаржы орталығына шабуыл жасады
- Марқұм Әли Хаменейдің әйелі тірі
- Иран СІМ: Ормуз бұғазына мина қойып жатқан жоқпыз
- Астанада алғаш рет семсерлесуден Әлем кубогінің кезеңі өтеді
- Иранның жаңа көшбасшысы үндеу жасады: Иран кек алмай қоймайды
- 13 наурызда барлық өңірде күн жылы болады
- БҚО-да мемлекеттік мекеменің есепшісі бюджет қаражатын бәске тігіп жіберген
- Атырау облысындағы Қарабатан полигонында сарбаз қаза тапты
- Қазақстан оқушылары көктемгі демалыста қанша күн демалады?
- Ақтөбеде екі ер адамның мәйіті табылды: «Маньяк» туралы ақпарат рас па?
- Тұрғындарды «референдумға тіркеу» сылтауымен алдап жатыр
- Таяу Шығыстан 10 мыңнан астам қазақстандық елге оралды