Тікелей аударма немесе кальканың тілге тигізер әсері

cover

Дүкендерде «темекі бұйымдарын 21 жасқа толмаған азаматтарға сатпаймыз», «маска киіп кірмесе болмайды» деген жазулар көзге үйреншікті болып кетті. Десек те, көз үйренді деп қазақ тілін қорлау дұрыс емес.

Тілді барынша бұрмалап, басқа тілдің ережесін қолданып сөйлем құрастыру тікелей аударма немесе калька деп аталады.

Орыс тіліндегі тұрақты тіркестерді, мәтіндерді тікелей аудару қазақтың төл сөздері мен тұрақты тіркестерінің ұмытылуына алып келуі мүмкін. Тікелей аударма тілге қандай қауіп төндіреді?

Түркі тілдер тобынан шыққан қазақ тілі – XV ғасырдан бері қалыптасқан. Кез-келген тілде негізгі сөздерден басқа, көрші мемлекеттердің немесе сауда серіктестерінен келген кірме сөздер бар. Қазақ тілі де әлемдік өзгерістермен бірге дамуда. Жаңа пәндер, технологиялар, оқиғалар өз атауын талап етеді.

Ашық дереккөздерге сенсек, қарапайым адамның лексикалық қорында 15-40 мың сөз болады. Бұл барлық тілдерге тиесілі статистика.

1995 жылы Қалдыбай Бектаевтың үш томнан тұратын «Қазақша - орысша сөздік» кітабы жарық көрді. Сөздіктің бірінші томында 85 000 сөз бен тұрақты сөз тіркестері бар. Екінші том - 25 мыңнан астам сөзді қамтитын орысша-қазақша сөздік. Үшінші томда сөздерді синтездеу алгоритмдері көрсетілген 750-ден астам сөзді өзгертетін аффикстер бар.

Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының мамандары 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігін» жасады. Сөздікте 92 300 сөз және 57 856 сөз тіркесі бар. Лексикографиялық іріктеу барысында барлығы 150 156 лексикалық бірлік анықталған. Жалпы, 166 мыңнан астам сөзге түсіндірме беріледі.

2014 жылы «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» басылып шықты. Бұл сөздікте «Қазақ əдеби тілінің 15 томдық түсіндірме сөздігінде» жоқ 10 мың 690 сөз бен 2 мың 645 тұрақты сөз тіркесі – барлығы 13 мың 335 тілдік бірлік жинақталып, олардың əрқайсысына анықтама беріліп, мысалдар келтірілді.

Қазақ тілінің электронды сөздігінде 320 мың сөз жинақталған.

Сонша байлықты қолданбай, орыстың сөздерін қолданып, сөз тіркестерін тікелей аударып жүрген қандастарымызға реніші бар тіл жанашырларын түсінуге болады.

Белгілі редактор, әлеуметтік желіде тікелей аудармаларға қатысты белсенді пікір білдіретін журналист Назгүл Қожабектің пікірі мынадай:

Назгүл Қожабек

— Калькаға қатысты екі түрлі пікір бар. Біреулердің ойынша калька тілді байытады. Менің ойымша кальканың тілге қажеті жоқ. Ол тілді басқа тілдің ығына жығып береді. Басқа тілдің көркемдік, стилистикалық ерекшелігіне байланып қалады. Кез-келген тілде сөздің өз баламасы бар. Тұрақты тіркестерді калькалап аударып, халықтың дүниетанымына ыңғайластырып келтіру мүмкін болар. Ал, грамматикалық калькаларды қолдануға болмайды (!). Себебі кез-келген тілде нақты заттың сын-сипатын білдіретін өзінің грамматикалық формалары бар. Соларды қолдану керекпіз.

Орыс тілінен ілік, көмектес септіктерін калькалап жатырмыз. Осы мәселелерді шешпесек - көмектес септігінің байырғы функциясынан айрылып қаламыз. Бұл тұтас грамматикалық құрылымды бұзады.

Журналистің ойынша калька пайдалану орысша ойлаудан шығады:

— Калька деген неден шығады? Калька адам орысша ойланып, қазақша жазғанда шығады. Таза қазақша ойлайтын адамның мәтінінде калька кездеспеу керек. Мысалы сіз орысша ойлап отырсаңыз «поделиться новостью» дегенді «жаңалықпен бөлісу» деп жазасыз. Қазақша ойласаңыз «жаңалықты бөлісу» деп жазасыз.

Философия ғылымдарының кандидаты Зира Наурызбаева калькаға байланысты жағдайды былай түсіндіреді:

Зира Наурызбаева

— Тікелей аударма - тілді жетік білмеудің салдарынан туындайды. Бір тілдің екінші тілге тәуелді болуы креолизация деп аталады. Басқа тілдің заңдарына бағынып мәтін жазуға болмайды. Қазақша жазғанда орыс тілі басым адамдар калька қолданады. Мәтіннің мағынасы жоғалады. Кейде тіпті қазақша жазылған мәтінді түсіну үшін орысшаға қайта аудару керек болатын жағдайлар кездеседі. Аударманың маңыздылығын түсініп, өз шамаңызға баға бере білу керек.

Жазушылар Одағының мүшесі, кәсіпқой аудармашы Айнагүл Садық бір тілден екінші тілге аударғанда кездесетін қиындықтарды айта кетті:

Айнагүл Садық

— Кейде калька керек болатын жағдайлар бар. Бірақ, калькаға бармай-ақ, жекелеген сөз, сөз тіркесі я, тіпті, сөйлемнің болсын, үстеген ойын толық ашуға тілдің өз қоры, өз қауқары жетіп тұр. Калька қолданбай жазу әбден мүмкін. Кейде мүлдем аудару мүмкін емес жағдайлар кездеседі. Ондай жағдайларда балама сөздерді қолдануға тырысамын. Аударма түсініксіз болған жағдайда, оқырманға ойды түсіндіре өткен жөн.

Редакциядан: Әр тілдің өз ерекшелігі болады. Тілдің байырғы әсемдігін сақтап қалу үшін - басқа тілдің ережелеріне бағынбай, өзіміздің ережелерімізді, сөздерімізді қолданған жөн.

Кеңес заманында қазақ тілі барынша бұрмаланып қолданылды. Мысал ретінде, сол заманда шыққан «Әдебиет және искусство» журналын атап өтелік.

Кеңес замандағы қазақша журналдың «описаниесі»:

Әдебиет және искусство: декабрь, 1940 ж. ; Қазақстан совет жазушылар союзы мен искусство істері управлениесінің айына бір рет шығатын әдебиет және искусство журналы.

Журнал әдебиет және искусство саласын кеңінен қамтиды. Онда поэмалар, драмалар, ертегілер, пьеса, қазақ, орыс және шетел ақын-жазушы мен искусство қайраткерлерінің ой-пікірлері, шығармалары жазылған.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар