Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты мұнай бағасы көтеріліп барады

cover Фото: ISNA

Мұнай бағасы Ормуз бұғазы маңындағы танкерлерге жасалған шабуылдар мен Иранмен соғыс аясында мұнай нарығындағы баға саясаты күрт өзгеріп, әлем жағдайдың қалай болатынын аңдып отыр, деп хабарлайды Orda.kz. 

Мұнай бағасы дүйсенбі, 2 наурыз күні сауда-саттықты күрт өсіммен бастады. 28 ақпанда басталған АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясы және Ислам Республикасының жауап соққыларынан кейін мұнай бағасы өсе түсті.

Лондондағы ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың мамыр айындағы фьючерстерінің құны 13,04 пайызға өсіп, Астана уақытымен сағат 04:00-дегі сауда деректеріне сәйкес, шарықтау шегінде барреліне 82,37 долларға жетті.

Бұған дейін мұнай бағасы барреліне 82 доллардан жоғары деңгейде бір жылдан астам уақыт бұрын — 2025 жылғы 16 қаңтарда саудаланған болатын. Кейін өсім бәсеңдеп, 8,93 пайыз болды, ал мұнай барреліне 79,38 доллар деңгейінде саудаланды.

Демалыс күндері ICE Futures алаңында Brent мұнайымен сауда жүргізілмейтіндіктен, нарық Ирандағы оқиғаларға тек бүгін ғана толық реакция білдіріп отыр.

Ормуз бұғазы ресми түрде жабылған жоқ, алайда үш танкер шабуылға ұшырады. Сақтандыру компаниялары сақтандыруды тоқтатып жатыр, ал ірі мұнай компаниялары мен трейдерлер мұнай, жанармай және сұйытылған табиғи газды (СПГ) жөнелтуді уақытша тоқтатты. Бұғаз арқылы өтетін трафик 38–50 пайызға азайған.

Кемінде  150 танкер, оның ішінде мұнай тасымалдайтын кемелер, Ормуз бұғазынан кейінгі Парсы шығанағының ашық суларында зәкір тастап тұр. Тағы ондаған кеме бұғаздың арғы бетінде — Араб теңізінде орналасқан. Бұл туралы Reuters агенттігі MarineTraffic кеме қозғалысын қадағалау платформасының деректеріне сілтеме жасап хабарлады.

Сарапшылардың пікірінше, егер Ормуз бұғазы толық жабылатын болса, мұнай бағасы 100 доллар межесінен асуы мүмкін.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар