Сирияда отырып Қазақстанға теріс дінді насихаттаған әйел жеті жылға сотталды

cover Фото: Gerd Altmann / Wikimedia Commons, CC0

Жезқазған қаласының соты Сирияда отырып, бір жыл бойы Қазақстанға экстремистік материал жіберген әйелді жеті жылға соттады, деп хабарлайды Orda.kz.

Сирияға кеткен Жезқазған қаласының тумасы Telegram арқылы Сәтпаев қаласындағы туысына радикалды діни материалдар жіберіп отырған. Сотта ол кінәсін мойындап, жазасын жеңілдетуді сұрады. Алайда судья прокурор сұраған жазаны тағайындады.

«ҚК 256-бабы 2-бөлігі (Терроризмді насихаттау) бойынша қылмыстық құқық бұзушылық ауыр қылмыстар қатарына жатады. Бұл бап бойынша мүлкі тәркіленіп, жеті жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Сот жазаны қылмыстық құқық бұзушылықтың сипатына қарап және қоғамға қаншалықты қауіпті екенін ескере отырып тағайындады», деп түсіндірді Ұлытау облыстық соты.

Сотталған әйелдің кәмелетке толмаған балалары бар. Олар қамқорлық жасайтын органдарға тапсырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетсек, Бағдат түрмесінде терроризмге көмек көрсету айыбымен өмір бойына сотталған алты қазақстандық әйел бар. 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар