Семейдегі тым-тырыс сайлау: Алаштың астанасындағы «демократия»

cover Фото: @mysemey

Қазанның 12-сі күні Абай облысының орталығында, кезінде Алаш орданың жүрегі болған Семейде Қазақстан тарихындағы тұңғыш облыс деңгейіндегі қала әкімінің сайлауы өтеді. Өз тірлігін дөңгелетіп отырған 300 мыңнан астам тұрғыны бар бұл шаһар сайлауға қалай қарайды? Саяси дода шын мәнінде қалай өтіп жатыр?

Orda.kz бұл жолы сайлау барысын онлайн да, офлайн да бақылап көрді.

Еске сала кетсек, 2025 жылдың 16 қыркүйегінде Семей қаласы әкімдігіне үміткерлерді тіркеу аяқталған еді. Ұзаққа созылған, жүйкені жұқартқан оқиғадан кейін соңғы кезеңге төрт үміткер өтті. Екі коммуналдық мекеме басшысы (Жастар сарайы мен колледж директоры), бір жұмыссыз азамат және Көкпекті ауданының әкімі. Барлығы да мемлекеттік құрылымдармен тығыз байланыста, әрі AMANAT партиясының мүшелері.

Қала тұрғындарының көбі сол күні-ақ әкімдікке үміткерлердің ішінен ауқымды істі істі басқаруға тәжірибесі бар жалғыз кандидат ретінде басты фаворит деп бір адамды ғана таныған. Осылайша, 16 қыркүйектен бастап ресми түрде үгіт-насихат кезеңі де басталған еді.

Алайда 25 қыркүйекте, Orda.kz тілшілері сайлау тартысының қызу майданын іздеп, бақталастық пен бәсекенің қызған сәтін көреміз деп ойлаған еді. Алайда саяси дода тынып жатыр. Фейсбуктегі жазбаларға қарағанда, мұндай жағдайды тек біз ғана емес, тұрғындар да байқаған.

Қаладағы белсенді Майра Әбенованың жариялаған суреттері де үгіт науқаны басталғаннан кейін бір апта өтсе де, қалада айқын саяси белсенділіктің байқалмағанын көрсетеді. Әр кандидатқа үгіт жұмыстарына 850 мың теңгеден бөлінгендіктен, олардың ақпараттық кеңістіктегі көрінісі де шамалас болады.

Заң бойынша, журналистер барлық үміткердің үгіт жұмысы туралы тең дәрежеде жазуы қажет. Бірақ үгіт-насихат жайлы ақпараттарды барлық кандидаттан та алмадық. Келесі аптада олардың әрқайсысынан пікір алып, тең дәрежеде жариялауға тырысамыз. 

25–26 қыркүйекте өткізілген тілшілер рейді сайлау учаскелерінде де айтарлықтай қызу бәсеке байқалмайтынын көрсетті.

Жұтаңдау, бірақ тап-таза дәліздер. Тілшілеріміз бос залдарды аралап, үміткерлердің суреттері ілініп тұрған қабылғаларды сипап қайтты. 

Әйтеуір, көзге жиі түскені — Көкпекті ауданының әкімі Әділет Қожанбаевтың бағдарламалары мен суреттері болды.

28 қыркүйекте қала тұрғындарының назарын аударған бір қызық жайт — №11 мектептен тараған сурет. Онда сайлаудың басты фавориті бейнеленген плакаттың қасына оқушылар аңға немесе елеске ұқсайтын суреттерді салып кеткен. Бұл бәсеке жоқ сайлаудың шын мәнінде қалай өтетіні жайлы әжуа суретпен көзқарасты көрсету ме, әлде балалықпен өз үміткерлерін ұсыну ма? Ол жағы беймәлім.

Өз аяғымызбен барып, шынайы өмірде ешқандай доданы таба алмаған соң, виртуалды кеңістікке зер салып көрдік. SEMEYNEWS атты телеграм-арнасынан кейбір жұмыстарды байқадық. Бұл арна өзін аймақтағы ресми тіркелген бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде «ең ірісі» деп таныстырады.

Белгілі болғандай, үміткерлердің бірі — Әділет Қожанбаев — өз сайлауалды штабын 18 қыркүйекте-ақ құрған. Ал қалған кандидаттар жөнінде, тіпті танымал дереккөздердің өзінен де, мұндай мәлімет табылмады. Сол телеграм-арнадағы жазбаларға қарағанда, Әділет Қожанбаев ардагерлермен кездесіп, Комсомол кентіне, «Жастық», «Үшбұрыш», «Сегізінші шақырым», «Су» және «Жоламан» ықшамаудандарына барған. Әр жерде ол өз сайлауалды бағдарламасының негізгі тұстарын таныстырып, тұрғындардың мәселелерін тыңдаған.

Әр жазбада қысқаша мәтін бар және ұзақтығы бірнеше ондаған секунд болатын бейнежазба жарияланған. Сол бейнежазбалардан үміткердің халықпен кездесуіне орта есеппен 10–15 адам қатысқанын байқауға болады.

Сол кездесулердің біріне қатысқан Қанат Жұмағұловтың пікірінше, кездесулерді жұмыс күндері емес, жұрттың көбі үйде болатын демалыс күндері өткізу тиімдірек болар еді.

«Мен оған (Әділет Қожанбаевқа — авт.) айттым. Жексенбі күні келіп, ауылдың мәселесін сөйлессек деп. Ол барлық күндері алдын ала жоспарланғанын айтты. Мен қыстамадым. Колледжде істейтін басқа бір үміткерді де шақырдым, ол да бара алмайтынын, іссапарға кететінін айтты», — дейді Қанат.

Қанат Жұмағұловтың айтуынша, ол Семей қаласының әкімі болуға үміткер Қожанбаевпен әңгіме барысында Семейде тәртіп орнату Көкпекті ауданындағыдан әлдеқайда күрделі екенін жеткізген. Өйткені өзі тұратын кенттің халқының саны Көкпекті ауданының тұрғындарынан әлдеқайда көп.

«Мен оған (Әділет Қожанбаевқа — авт.) ауылдағы жағдайды айттым. Бізде түк жоқ. Ол таңғалды. «Мен бұлай деп ойламаппын» деді. Ол тек жол, жарық, автобус мәселесі бар деп ойлапты. Мен айттым: «сіздерде 11 мың халық бар (сөз Көкпекті ауданы жайлы — авт.). Аудан орталығында 6–7 мың адам тұрады (Көкпекті ауылында — шын мәнінде шамамен 3,5 мың адам — авт.). Ал бізде 14 мың халық бар (Семейдің шетінде орналасқан Су кенті туралы — авт.), бірақ бізде ештеңе жоқ. Біздің сөзімізге ешкім құлақ аспайды. Қағаз жүзінде жауап береді де, нақты іс жоқ. Бұл — Семейдегі ең үлкен кент! Қалғандары әлдеқайда кішірек». Ол маған өз бағдарламасы барын айтты. Мен: «біздің қала үлкен, мәселеміз көп. Қалай болар екен?» дедім. Ол аз ғана уақыт шенеунік болған ғой. Дегенмен барлық үміткердің ішінен осы жігіт жарайды деп ойлаймын», — дейді Қанат.

Үміткерлерге қатысты өзге де қызықты жайттардың бірі — Әділет Қожанбаевтың жаз айларында семейліктердің үйлеріне ыстық суды үзу мәселесін шешемін деп уәде етуі.

Айта-айта жауыр болған соң, мұндай мәлімдемелерге ел күдікпен қарайды. Нақтырақ айтқанда, бұл Әділет Қожанбаевтың сайлауалды уәдесі емес, облыс әкімі Берік Уәлидің жоспарлары. Яғни, Семей қаласының әкімі болуға үміткер сайлаушыларға облыс басшысы коммуналдық қызметтерге әлдеқашан тапсырған істі қайта уәде етіп отыр.

«Облыс әкімінің тапсырмасы бар. Келесі жазда семейліктерді ыстық сумен қамтамасыз ету қажет. Қазір жүзеге асырып жатқан жобалардың бірі — мысалы, Ғаббасов және №103 қазандықтарының арасында қосымша желіні салу. Бұл апат болған жағдайда тұтынушыларды басқа жылу көздеріне ауыстыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, осы желінің арқасында бір қазандықты ғана қосып, отын мен қаржы үнемдеп, экологияға зиянын азайта отырып, жаз кезінде қаланы ыстық сумен қамтамасыз ете аламыз. Қазір біз №103 және Ғаббасов қазандықтарын қосу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, №1 мектеп маңында жұмыстар атқарылып жатыр», — деді Раджан Сейітқанов. 

Әрине, ешбір шенеунікке облыс әкімінің айтқанын қайталауға тыйым салынбайды. Семей қаласы әкіміне үміткердің де мұндай құқығы бар. Дәл сол сияқты, Абай облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Раджан Сейітқанов та бұл туралы қыркүйектің 9-ы күні хабарлаған болатын.

Жалпы алғанда, Семейдегі сайлау науқаны тым-тырыс өтіп жатыр деуге болады. Тек жергілікті «Арнапресс» басылымы ғана бұл тақырыпқа байыппен қарап, бейнеподкаст шығаруды жөн көрген.

Подкаст жүргізушісі Екатерина Бобко мынадай сұрақтарды қойған:

  • Қала сайлауға дайын ба?
  • Неліктен жұрт Семейдегі сайлаудың тағдыры алдын ала шешілген деп санайды?
  • Неге үміткерлер арасында азаматтық қоғам өкілдерінен азаматтар жоқ?
  • Дауыс ұрлау қалай жүзеге асады?
  • Тәуелсіз бақылаушылардың жұмысы қандай деңгейде?

Семейдегі тым-тырыс сайлауда әзірге көзге түсіп отырған жалғыз үміткер бар. Оның сайлауалды жұмысы да (ондаған адам қатысқан шағын кездесулер мен коммуналдық қызметтер атқарып жатқан істерді уәде ету) әзірге көңілге қаяу түсіреді.

Orda.kz редакциясы өзге үміткерлердің де сайлауалды науқандарын зерттеуді жалғастырады. Алдағы мақалаларымызда олар жайлы толыққанды баяндаймыз және әр үміткермен тілдесуге тырысамыз.

Сондай-ақ, 12 қазан болатын дауыс беру күнінің қалай өтетіні туралы да міндетті түрде жазамыз.

Автор: Илья Бароховский

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар