Өрттен зардап шеккендер үйсіз қалмайды

cover

Шығыс Қазастан облысының әкімі Даниал Ахметов Риддер қаласының жанындағы Лесхоз кентінің тұрғындарымен кездесіп, өрт салдарынан жапа шеккен өңір жағдайымен танысты.

- Бүгін біздің өңір үшін өте ауыр күн. Өрт кезінде қаза тапқан кент тұрғыны Галина Спивакованың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Сондай-ақ табиғат апатынан зардап шеккен азаматтарға тезірек сауығуларын тілеймін. Үкімет пен облыс әкімдігі тарапынан сіздерге жан-жақты қолдау мен көмек көрсетіледі! Өрттен зардап шеккендердің барлығы баспана алады, - деді облыс әкімі.

Тілсіз жаудан 35 үй мен 9 ғимарат зардап шеккен.

- Бұл жұмыс ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ерекше бақылауында екенін атап өткім келеді. Алдын ала есеп бойынша, тұрғын үй мәселесін толық шешу үшін бізге екі жарым ай қажет. Риддерде салынып бітпеген бірнеше көпқабатты үйлер бар, оларды біз сатып алып, құрылысын аяқтауды межеге алып отырмыз. Бұл баспаналар кірпіштен жасалған, бүгін кездесуден кейін біреуінің жағдайын жеке өзім барып көрдім. Таңертең құрылыс компанияларымен бірге қалған үйлерді бағалап шығамыз, - деді облыс басшысы.

Әкім бұл іспен арнайы комиссия шұғылданып, шығын құнынын анықтайтынын айтты. Сол заңнама ережелеріне сай өтемақы төленеді.

- Егер кімде-кім көпқабатты тұрғын үйден бас тартса және ескісін жөндеуді талап етсе, жөндеп береміз. Құжаттарды қалпына келтіруге қатысты айтар болсақ, бұл жұмыспен Полиция департаменті мен ХҚКО ертеңнен бастап айналысады. Барлық құжаттарды бірқалыпты тәртіпте қалпына келтіреміз. Мүліктік шығындарға төлемдер заңға сәйкес жүзеге асырылады. Агротехникалық колледж жатақханасы мен профилакторий базасында барлық зардап шеккендерді қоныстандыру үшін орындар ұйымдастырылды. Алдағы екі-үш күнде өрттің себебі анықталады, - деді ол.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар