Расул Жұмалы: бар жауапкершілік Израиль жағында

cover

Израиль мен Палестина арасындағы жағдай әлі де ушығып тұр. Соңғы мәліметтерге сенсек, Израиль соққыларынан бүгінге дейін 109 палестиналық қаза тапқан. Ал Израильде бес адамның, оның ішінде бір сарбаздың өлімі туралы хабарланды. Осы орайда Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты саясаттанушы Расул Жұмалының ойымен бөліскенді жөн көрдік.

— Бұл 1947 жылдан бері келе жатқан тақырып. Таяу Шығыста еврей жас мемлекеті пайда болғаннан бері мінекей 70-80 жылға тақап қалды. Жалпы екі ел арасындағы текетірес Палестин мен Израиль ғана емес, сонымен бірге Израиль мен араб әлемінің арасында да бар. Шиеленіс, уақыт өте келе осындай көтеріліс, ашық соғыс әрекеттеріне дейін жетіп жатады. Дәл осы күндерде болып жатқан оқиғалар секілді ара-арасында өздерінің немесе  сыртқы күштердің, халықаралық ұйымдардың, АҚШ пен Еуропаның сүйемелдеуімен бейбіт келісімге келіп тұрады.

Алайда 70-80 жыл өтсе де, толыққанды бейбітшілік орнаған жоқ. Палестиналықтар «біздің жерімізді тартып алды, құндылықтарымыз бен қасиетті жерлерімізді иемденіп алды», «туған жерімізден қуып шықты, бізді екінші дәрежелі адам ретінде көреді» дегенді алға тартады. Жалпы арабтардың да айтатын уәжі осы тектес: Израильдің басып алған жерлерінде Палестинаның ғана емес, сонымен қатар Ливанның, Сирияның, Иорданияның жерлері бар. Ол жерде бүкіл араб әлемі үшін қасиетті саналатын Құддыс қаласы, әл-Ақса мешіті бар. Түпкі себебі - осы мәселелер. Енді дәл осы ретте, айтылған себептерге қосымша, тағы бір түрткі болған оқиға — Иерусалим күні деген бар.

1967 жылы израильдықтар Иерусалимді басып алып, өзінің астанасы ретінде жариялады. Сол күні еврей жастары шеру ұйымдастырады. Шеру араб, мұсылман аудандары арқылы өтеді. Бұл кәдімгідей арандату әрекеті ретінде бағаланып, жергілікті тұрғындардың, жастардың намысына тиеді. Бұл — бір. Екіншіден —Израиль полициясы намаз оқып жатқан мұсылмандарға қысым жасап, қудалайды. Оның үстіне дәл сол кезде араб әлемінде Рамазан айы жүріп жатты ғой. Ол да ашу-ыза тудырды. Үшіншіден — сол Иерусалимнің маңында араб аудандары бар. Оларды ежелден тұрып келе жатқан қоныстарынан қуып,  Израильдіктер жаңа тұрғын үйлер сала бастады. Осы үш дүние арандатуға әкеп тіреді. Бұған дейін де қордаланып, кернеген ашу-ыза жарылып, сыртқа шықты.

Палестина бүгінде біртұтас мемлекет емес. Иордан өзенінің батысын ФАТХ ұйымы басқарады, президенті - Махмұд Аббас, ал екінші бөлігінде Газада билік құрған ХАМАС ұйымы бар. Көбінде радикалды деп танылған. Осы Газа бас көтерді. ХАМАС ұйымы, ХАСАН бригадасы нақты қолында бар мүмкіндіктермен Израильді атқылады. Израиль тарапы қарымды соққылар жасады. Оның үстіне жергілікті азаматтар таспен қорғанып, көтеріліс жасап еврейлер мен арабтардың арасында қақтығыс ушыға түсті.

Израиль мен Палестина арасындағы жағдай осылай өршіді. Палестинаның қасіреті Араб елдері мен мұсылмандарды бей-жай қалдырған жоқ. Көптеген елдерде шерулер болып жатыр. Әсіресе, көршілес елдерде. Түркияда, Мысырда,  Иорданияда, Сауд Арабиясында Израиль әрекеттеріне қарсы елшілік алдында шерулер өтіп жатыр. Қантөгіс болып жатқаны өте өкінішті. Жағдайдың қашан тынышыталатынын айту қиын.

Саясаттанушы бұл қақтығыстың Қазақстанға тікелей болмаса да, жанама әсері болатынын да алға тартады.

Расул Жұмалы

— Екі ел арасындағы қақтығыс тікелей әсер ете қоймаса да, жанама әсері болады. Қазақстан мұсылман әлемінің бір бөлігі болғандықтан, біз үшін де бұл өте сезімтал мәселе. Иерусалим, яғни Құддыс қаласы мұсылман әлемі үшін — Мекке мен Мединадан кейін үшінші орында тұр. Сондықтан діни тұрғыдан бұл өте сезімтал дүние. Әлбетте, кез-келген қақтығыс пен шиеленіс мына ғаламданған заманда сол аймақпен ғана шектеліп қоймай, басқа да аймақтарға әсерін тигізетіні белгілі.

Саяси ислам, діни радикализм, экстермизм сияқты мәселелер тағы бар. Израиль мен Палестинаға тиіп тұрған Сирияда 10 жылдан бері азаматтық соғыс жүріп жатыр. Осындай қауіпті факторлар сол аймақпен шектеліп қалмай, ерте ме, кеш пе террорлық әрекет ретінде, қысым ретінде сыртқа шығады. Еуропадағы жарылыстар, Солтүстік Африкадағы террорлық әрекеттер, солардың бірталайының шығу тегі белгілі бір дәрежеде Таяу Шығыстан.

Оның ішінде Сирия, Ирак жеріндегі қозғалыстардың ықпалы тікелей немесе Ауғанстан арқылы Орталық Азияға жетуде. Оның бір жанама әсері осы. Екіншіден, кезінде Сирияда қақтығыс басталғанда жиһадқа қатысамын деп жүздеген қазақ азаматтары отбасы мен бала-шағасын ертіп аттанды. Олардың Жусанның екі оперциясы арқылы елге қайтарылғаны белгілі. Бұл мәселенің осылайша бізге әсер ететін идеологиялық жағы, дінді саясилану жақтары бар.  Сондықтан, әлбетте кез-келген тұрақсыздықтың алыс-жақын болсын Қазақстанға жағымсыз әсері болады.

Саясаттанушы Қазақстан тарапының бұл соғысқа қатысты ұстанымы екі жақты келісімге келтіруге бағытталуы тиіс деп санайды.

— Жағдайдың шиеленісуіне әкелген Израильдық тараптың жекелеген азаматтары мен ресми органдарының бассыздығы. Таза арандату жасаған. Намаз оқып жатқандарды келіп, тепкіге алу, палестиналықтарды өз қаласында, көшеде жүргізбей қуу — таза арандату. Сондықтан да мұнда бар жауапкершілік Израиль жағында.

Енді Қазақстанға қандай позиция ұстану керек?! Палестина халқының заңды құқы бар, БҰҰ, басқа халықаралық ұйымдар мойындаған өз жері, өз мемлекеті, өз мүдделері бар қорғалатын. Сондықтан да мұнда қолдау арқылы айдап салу тактикасын ұстанбай, сабырлыққа, ақылға шақыру, келісімге келу, дәнекерлік көмек көрсету қажет.

Сирияда шиеленіс болғанда Қазақстан татуластыру мақсатында жағымды қадамдар жасады. Бұл жерде қолдау көрсетем деп, ашық айдап салып, қару-жарақпен қамтамасыз етеміз деп үдетпеген жөн. Ұстамдылық пен сабырлылыққа шақыратын бағыт-бағдар ұстану керек.     

Сабина Зәкіржанқызы

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар