Перизат Қайраттың Араб Әмірліктерінің билеуші әулетімен байланысы бар

cover Фото: instagram/ Перизат Қайрат

Атышулы «Biz Birgemiz» қоры ісі бойынша сотта Asarume қорының басшысы Асхат Нұрмашев Перизат Қайраттың Біріккен Араб Әмірліктерінің билеуші әулетімен байланысы болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Orda.kz.

Оның айтуынша, Asarume қоры көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй, балаларға білім беру, ата-аналарды жұмысқа орналастыру және өзін-өзі жұмыспен қамту бағытында көмек көрсетеді.

«Біз Газа секторындағы тұрғындарға гуманитарлық көмек ұйымдастыруды ойластырып жүрдік. Кім арқылы көмектесуге болатынын іздедік. Сол кезде мен Перизат Қайратпен сөйлесіп, оның Палестина елшілігімен келісімі бар екенін, Абу-Дабиде халықаралық гуманитарлық жүктерді жинақтайтын арнайы хабқа қолжетімдігі барын білдім», – деді ол.

Асхат Нұрмашевтың айтуынша, 2023 жылғы 10 қарашадан бастап Asarume қоры ресми шотына қаражат жинауды бастаған. Бұл іске кіріспес бұрын Перизат Қайратпен келісім жасалып, қор өкілдеріне халықаралық хабқа қол жеткізуге уәде берілген.

«Біз Перизат Қайратпен бірге Әбу-Дабидегі сол қоймаға бардық. Сол кезде ғана оның бұл хабқа ғана емес, Араб Әмірліктерінің билеуші әулетімен де байланысы барын білдік», – деді Нұрмашев.

Бес күн ішінде Asarume қоры Газа секторындағы зардап шеккендерге 293 млн теңге жинап, бұл ұйым тарихындағы ең ірі гуманитарлық көмекке айналған. Алдымен 200 млн теңге аударып, үдерісті бақылау жоспарланған. Қалған 93 млн теңге кейінірек жіберілуі тиіс болған.

2023 жылғы 28 қарашада Asarume 200 млн теңгені Biz Birgemiz қорының шотына аударған. Келісім бойынша Перизат Қайрат желтоқсан айында қаржының қалай жұмсалғаны туралы есеп беруі керек еді. Алайда белгіленген мерзімде есеп түспеген.

«Басында Перизат техникалық ақауларға сілтеп, сәл күте тұруды өтінді. Кейін бір ішкі құжат жіберді. Тек 2024 жылғы ақпанда ғана Әбу-Дабидегі қорға ақша аударылғанын растайтын банктік түбіртектер келді», – деді Нұрмашев.

Оның айтуынша, сол кезде Перизат Қайраттың адалдығына еш күмән болмаған. Құжаттардың жалған болуы мүмкін екенін еш ойламаған. Тек тергеу қорытындысы бойынша бұл түбіртектердің жалған екені анықталған.

Ал қалған 93 млн теңге Asarume қорының бастамасымен Палестина елшілігінің шотына тікелей аударылып, Газа тұрғындарына гуманитарлық көмек ретінде жіберілген.

Еске салсақ, Перизат Қайратқа қатысты қылмыстық іс Астанадағы сотта қаралып жатыр. Оған және анасы Ғайни Алашбаеваға қайырымдылыққа жиналған қаражатты жымқырды және ақшаны заңдастырды деген айып тағылған. Айыптау актісінде олар алдын ала сөз байласқаны да көрсетілген.

Сотта MM Group құрылыс компаниясының негізін қалаушы Мөлдір Сүйіншәлі куәлік беріп, қайырымдылық кешінде Геннадий Головкиннің қолғаптарын 10 млн теңгеге сатып алғанын айтты. Ол бұл қаражаттың ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған орталықтың құрылысына жұмсалатынына сенгенін жеткізді. Алайда күмән туындаған соң қаражаттың қайтарылуын талап етіп отыр.

Перизат Қайрат тағылған айыптарды мойындамайды. Оның айтуынша, қорды өзі құрмаған, бастаманы партия мен бұрынғы әкім Бауыржан Байбек ұсынған. Сотта Қайрат Байбекті куә ретінде шақыруды сұрады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар