Нығматулиннің ұлы рейдерлік іс бойынша күдікті деп танылған жоқ

cover Фото: баспасөз қызметінің мұрағаты Нұржан Нұрланов

Мәжілістің бұрынғы спикері Нұрлан Нығматулиннің ұлы Нұржан Нұрланов заңсыз кәсіпорынды тартып алу ісі бойынша күдікті деп танылған жоқ, деп хабарлайды Orda.kz.

2022 жылғы Қаңтар оқиғасына дейін Нұржан Нұрланов 2019 жылдың ақпанынан бастап «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС-нің бас директоры қызметін атқарған. Бұған дейін, 2018 жылдың қаңтарынан бастап «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма мүшесі болған. Одан ертерек Нұрлан Нығматулиннің ұлы түрлі мемлекеттік және квазимемлекеттік секторларда еңбек еткен.

2025 жылдың 22 ақпанында Алматы қалалық полиция департаменті Қанат Әміркиннің арызы негізінде ҚР Қылмыстық кодексінің 389-бабы 3-бөлігі (озбырлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған еді. Бұл іс бойынша Нұржан Нұрланов күдікті ретінде танылмаған, сондықтан оған қатысты бұлтартпау шарасы да қолданылмағаны хабарланды.

Нұрлан Нығматулин Қаңтар оқиғасынан кейін, 2022 жылдың 1 ақпанында мәжіліс спикері қызметінен кеткен. Ол 2016 жылдан бастап төменгі палатаға төрағалық еткен. Бұған дейін 2012–2014 жылдары да мәжілісті басқарған. Президент әкімшілігін басқарған кездері де болды. Сондай-ақ Қарағанды облысының әкімі болған.

Нұрлан Нығматулиннің егізі Ерлан Нығматулин де мәжіліс пен сенатта депутат болған. Ағайынды Нығматулиндердің үлкені Арғын Нығматулин – Қарағанды облысы мәслихатының бұрынғы депутаты.

Ағайындыларға заңсыз басып алуға қатысы бар деген айып тағылды және қылмыстық ұйымдармен араласуы мүмкін деген айыптар бірнеше рет тағылса да, олар әлі күнге дейін бостандықта жүр.

Еске сала кетсек, Orda.kz Нығматулиннің ұлы Нұржан Нұрлановтың үстінен іс қозғалып, тергеу жұмыстарының жүріп жатқаны жайлы хабарлаған болатын.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар