«Мұнайшының өлімі»: Маңғыстаудағы қытай кәсіпорнына мұнайшылар талап қойды

cover Фото: freepik.com

Маңғыстау облысындағы Солтүстік Бозашы кен орнында болған қайғылы оқиға еңбек жағдайларының қауіпсіздігі мәселесін қайта көтерді, деп хабарлайды Orda.kz.

Lada.kz мәліметіне қарасақ, 24 желтоқсанда Солтүстік Бозашы кен орнында 1988 жылы туған төртінші разрядты мұнай-газ өндіру операторы Досан Ахметов қаза тапты. Оның өлімінің себебі анықталып жатыр. Белгілі болғаны – марқұмның денесі жұмыс істеп тұрған мұнай айдағыштың жанынан табылған.

«GPS деректеріне қарасақ, ол сағат 09:53-те объектіге келіп, кезекшілікке кіріскен. Ал 11:15-те тіршілік белгілері жоқ өлі денесі табылды. 25 желтоқсан күні таңертең өндірістегі жазатайым оқиғаны тергеу комиссиясы оқиға орнына барды», – деп мәлімдеді мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Нұрәлі Баулыбаев.

Инспекторлар жабдықтарды тексеріп, техникалық құжаттарды зерттеп, куәгерлерден жауап алды. Сонымен қатар мұнай айдағышты сынақ үшін іске қосып көрді.

«Бұл мәліметтердің барлығы хаттамаға тіркелді. Қазіргі уақытта оқиға себептері анықталып жатыр», – деді Баулыбаев. 

Қайғылы жағдайдан кейін марқұмның әріптестері бейнеүндеу жолдады. Олар жұмыс орындарындағы қауіпсіздік деңгейіне алаңдайтындарын айтты. Досан Ахметов – үш баланың әкесі, отбасының жалғыз асыраушысы болған.

«Үлкен баласы науқас, ал кенжесі бар болғаны бір-ақ жаста. Бұл қаза бәрімізді ауыр күйзеліске ұшыратты. Әрқайсымыз күн сайын қауіпті нысандарда жұмыс істеп, өз өмірімізді тәуекелге қоямыз. Біз тек жұмысшы ғана емес, әрқайсымыз отбасымыздың асыраушысымыз. Жұмыс орындарындағы қауіпсіздік күмән тудырғанда, бейжай қала алмаймыз», – деді мұнайшылар. 

Олар еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын талқылау үшін «Бозашы Оперейтинг» компаниясы басшылығымен кездесуді талап етті.

Қайғылы жағдайға байланысты полиция Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 156-бабы («Еңбекті қорғау ережелерін бұзу») бойынша қылмыстық іс қозғады.

Солтүстік Бозашы кен орнының операторы – Buzachi Operating Ltd компаниясы 2004 жылы осы кен орнын игеру үшін арнайы құрылған. Компания иелері – қытайлық CNPC және Sinopec корпорациялары (әрқайсысында 50%). Өткен жылы компания қызметкерлері жаппай жұмыстан босату мен басшылық тарапынан қысым көрсетілгеніне шағымданған еді. Ал бірнеше жыл бұрын олар жалақыны көтеруді талап еткен болатын.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар