Миллиард болатын дау: Мәсімовтің қызы бұрынғы күйеуіне зәулім сарайды беруге мәжбүр болды
Мәскеуде ҚР ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің отбасына қатысты сот ісі аяқталды, деп хабарлайды Orda.kz. Оның қызы Тамила Кәрім бұрынғы күйеуі Азамат Қапеновтен құны шамамен бір миллиард рубль тұратын Серебряный Бордағы элиталық үй мен жер телімін дауға салған еді. Редакция қолына Мәскеудің Мещан аудандық сотының шешімі тиді.
Құжатта Қапенов пен Тамиланың 2013 жылы үйленгені, екеуінің де Ресей азаматтары болғаны көрсетілген. Некеде тұрған жылдары олар Мәскеуде қымбат жылжымайтын мүлік иеленген. Ал Қапенов Мәсімовтің қызына үйленгенге дейін табысты кәсіпкер болмаған. Тіпті 2009 жылы Алматыда продюсер Елтінжал Тұрғанәлиевті соққыға жыққаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Алайда, атақты отбасына «күйеу бала» атанған соң, бұл оқиға ұмыт болып, оның мәнсабы өсіп, тасы өрге домалаған.

Бірақ некелері ұзаққа бармады. 2019 жылы Тамила Кәрім күйеуінен ажырасты. Бір жылдан кейін ол жазбаша түрде ортақ мүліктен үлес талап етпейтінін мәлімдеді. Дубайдағы Ресей елшілігінде куәландырылған сол құжат Мәскеу сотында негізгі дәлел болды.
Жылжымайтын мүлікті бөлу туралы келісім нотариуста рәсімделмегенімен, консулдық қызметкерлерінің көзінше қол қойылғандықтан, сот оны заңды деп таныды. Осыған байланысты Тамиланың Қапенов жасаған мәмілелерді жарамсыз деп тану және элиталық үй мен жерден үлес алу жөніндегі талаптары қанағаттандырылмады.
«Т. Кәрім келісімге қол қою кезінде елшілікте жеке өзі болды және қол қоюдың түпнұсқалығын куәландырды. Кейін бұл құжатқа немесе жылжымайтын мүліктің тағдырына қатысты шағым білдірмеді, керісінше дәлелдер сотқа ұсынылған жоқ. Сондықтан 2020 жылғы 19 шілдеде жасалған келісімді жарамсыз деп тануға құқықтық негіз жоқ», — делінген Мәскеу сотының шешімінде.
Қапенов бұл жылжымайтын мүлікті сатып үлгерген. Ол ғимарат пен аумағы 2900 шаршы метр жер телімін Ч. Б. Шейшекеева деген адамға өткізген.
Анықтама: Хорошевский Серебряный Бор — Мәскеудегі ерекше қорғалатын табиғи аумақ. XVII ғасырдан белгілі орманды саябақ, Хорошёво-Мнёвники ауданында орналасқан.
Бұл мүлік жайлы біз бұған дейін, маусым айында жазғанбыз. 2020 жылы Сосновый Бордағы екі қабатты коттедж бір миллиард рубльге бағаланып, сатылымға қойылған. Жарнамада үйде бірнеше жатын бөлме, төрт автокөлікке арналған тұрақ, сауна, кір жуу бөлмесі бар екені көрсетілген.

Мещан аудандық соты Азамат Қапеновтің бұл мүлікті сатуын заңды әрі бұрынғы жұбайының мүддесіне қайшы емес деп тапты.
Ал 22 тамызда апелляциялық алқа бірінші инстанцияның шешімін күшінде қалдырды. Сөйтіп екі жылдан астам уақытқа созылған сот процесі Мәсімовтің қызының жеңілісімен аяқталды.
Сонымен қатар Ресейдегі мүлік дауларына қоса, басқа елдерде де сот процестері жүріп жатыр. Бұрынғы ерлі-зайыптылар БАӘ-де балалардың қамқорлығына байланысты соттасқан.
Сот материалдарында балалардың айдың жартысын әкесімен, жартысын анасымен өткізетіні көрсетілген.
Ал Азамат Қапеновтің өзі қазақстандық және ресейлік құқық қорғау органдарының назарына әлдеқашан іліккен. Бір жыл бұрын, 2024 жылғы тамызда оған «алаяқтық» және «бөтеннің мүлкін иемдену» айыптары бойынша халықаралық іздеу салынды. БАҚ деректеріне сенсек, оның атына Подмосковьедегі коттедж ғана емес, Рублёвкадағы зәулім сарай мен Мәскеу орталығындағы Варсонофьевский тар көшесіндегі пәтер де тіркелген. Қазір ол пәтер ресми түрде Қапеновтің анасы Айгүл Мұсаеваның атына жазылған.

Азамат Қапеновтің БАӘ-де ұсталғаны жайлы соңғы хабарлар бұл іске жаңа бір драма қосты. Егер бұл дерек расталса, ол Мәсімовтің айналасындағы қашқындарды құрықтау оқиғасының ең атышулы эпизодтарының бірі болғалы тұр.
Еске сала кетсек, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы Азамат Қапеновтің ұсталғандығы туралы ақпаратқа қатысты мәлімет беруден бас тартты.
Автор: Динара Бекболаева
Жаңалықтар
- Қазақстан оқушылары көктемгі демалыста қанша күн демалады?
- Ақтөбеде екі ер адамның мәйіті табылды: «Маньяк» туралы ақпарат рас па?
- Тұрғындарды «референдумға тіркеу» сылтауымен алдап жатыр
- Таяу Шығыстан 10 мыңнан астам қазақстандық елге оралды
- Тоқаев: Әлемде соғыс қаупі күшейді, Қазақстан теңгерімді сыртқы саясат жүргізеді
- «Түптеп келгенде, мұның бәрі елдің ертеңі үшін жасалып жатыр»: Тоқаев референдум жайлы сөз қозғады
- Таразда 9-сынып оқушысын жеті қыз жабылып кастетпен ұрып кеткен
- Қазақ тілінің мәртебесі төмендеді деп байбалам салудың қажеті жоқ – Тоқаев
- Тоқаев қолданыстағы Конституцияны сынамауға шақырды
- Тоқаев: Бюджет қаражатына ғана иек артып отыратын «масылдықтан» арылу қажет
- Иранның Қазақстандағы елшісі — «Қазақстан үшін Ираннан ешқандай қауіп жоқ»
- «Крокус Сити Холл» теракті: Күдікті өмір бойына сотталды
- Атырауда алты сағат қызды қорлаған жігіт 30 тәулікке қамалды
- Енді электрлі самокаттарды да нөмір болуы міндеттеледі
- LRT жол жүру құны шамамен 200 теңге болуы мүмкін
- Алматыда қойма ғимаратынан өрт шықты
- Ирак жағалауында мұнай танкері жарылып, бір адам ажал құшты
- Үндістандағы балық базарында ірі өрт жүздеген лашықтың күлін көкке ұшырды
- Петропавлдық мұғалім Гиннестің рекордтар кітабына енді
- Заңсыз 185 млн теңге тапқан: Теміртауда криптоферма ашқан ер адам сотталды