Мемлекет басшысы Digital Qazaqstan жобасы бойынша кеңес өткізді
Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Digital Qazaqstan жобасының жүзеге асырылуы жөнінде жұмыс кеңесі өтті, деп хабарлайды Orda.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік құрылымдар жасанды интеллект және цифрландыру жылы аясында ауқымды жұмыс істеуі қажет екеніне назар аударды. Негізгі мақсат – озық технология мен жасанды интеллектіні ел өмірінің әр саласына жаппай енгізу.
«Ең алдымен, қолайлы институционалдық, құқықтық және іскерлік орта қалыптастыру қажет. Қазақстан – ыңғайлы және озық цифрлық реттеу жүйесін енгізген елдердің қатарында. Біз бұл жұмысты алғашқылардың бірі болып бастадық. Атап айтқанда, елімізде Цифрлық кодекс қабылданды. Жасанды интеллект туралы арнайы заң күшіне енді. Бірақ бұл тек ауқымды жұмыстың басы ғана, мұнымен тоқтап қалмауымыз керек. Әлемде болып жатқан өзгерістердің қарқыны өте жоғары. Оны жақсы білесіздер. Ғылым, білім, технология аса жоғары жылдамдықпен дамып жатыр. Сондықтан нормативтік құжаттарды да дер кезінде жаңартып отыру керек. Бір сөзбен, қазіргі заманда әрбір азаматқа түсінікті және айқын болатын «Цифрлық мемлекет» ұғымын қалыптастыру қажет, яғни Digital Qazaqstan стратегиясы азаматтар мен бизнестің нақты талап-тілегін ескеруге тиіс» , – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, Digital Qazaqstan стратегиясында қағазбастылықтан арылып, ішкі процестерді түбегейлі қайта құруға баса мән беру қажет.
Президент Үкіметке мемлекеттік аппаратты түбегейлі трансформациялау міндетін жүктеді. Бұл істі үйлестірумен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі айналысады.
Қасым-Жомарт Тоқаев ведомство жыл соңына дейін өзгелерге үлгі көрсетіп, азаматтармен, бизнеспен және мемлекеттік органдармен қарым-қатынастың жаңа форматына бірінші болып ауысуы керек екенін атап өтті.
Президент AI-Sana бағдарламасын одан әрі дамыта отырып, нақты нәтижелерге қол жеткізуді тапсырды. Мемлекет басшысы отандық IT-бизнестің көкжиегін кеңейтуді негізгі міндеттердің бірі ретінде қарастыруға шақырды.
«Бұл бағытта қазірдің өзінде көп жұмыс істелді. Astana Hub-тың негізінде кәсіпкерлерге барынша қолайлы жағдай жасалды. Еліміздегі IT қызметтердің экспортынан түскен табыс 1 миллиард долларға жуықтады. Зияткерлік өнім өндіретін, оны шетелге сататын жобаларға мемлекеттік қолдау көрсетілуі қажет» , – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект технологияларын өндіріс саласына енгізуді ынталандыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ цифрлық төлем инфрақұрылымына қатысты мәселені шешуді тапсырды. Президенттің айтуынша, жасанды интеллектіні экономиканың нақты секторында кеңінен қолдану технологиялық дербестік пен экономикалық өсімнің маңызды факторы саналады. Үкіметтің алдында өнеркәсіпке озық технологиялар енгізу үшін ынталандыру тетіктерін қарастыру міндеті тұр.
Сонымен қатар баяндамада криптоиндустрияны дамыту мәселесі көтерілді. Бұл саланы реттейтін заңнамалық өзгерістер биыл мамыр айында күшіне енеді. Президент қаржы саласын реттеуші органдарға Үкіметпен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, цифрлық активтер саласын дамыту жоспарын әзірлеуді тапсырды. Онда қаржы тұрақтылығына зиян келтірмеу, алаяқтыққа және капиталды заңсыз шығаруға қарсы тиімді күрес шаралары ескерілуге тиіс.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы құпиялылықты сақтаудың, дербес дерекке заңсыз қол жеткізудің кез келген түріне тосқауыл қоюдың маңызына назар аударды. Президенттің пікірінше, жеке мәліметтің тарап кету жағдайлары мемлекетке деген сенімді азайтады. Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарымыз жаңа Ата заң жобасын қолдаса, дербес деректерді қорғау конституциялық міндет ретінде бекітілетінін жеткізді.
Оқи отырыңыз:
- Тоқаев судьялар корпусында ауқымды кадрлық өзгеріс жасады
- Тоқаев: Бюджет қаражатына ғана иек артып отыратын «масылдықтан» арылу қажет
- Тоқаев: Әлемде соғыс қаупі күшейді, Қазақстан теңгерімді сыртқы саясат жүргізеді
Жаңалықтар
- «Көрісу» дәстүрінің тарихы
- Паралимпиада ойындарында Қазақстан қоржынына алтын түсті
- Мемлекет басшысы Digital Qazaqstan жобасы бойынша кеңес өткізді
- Теңізде төтенше жағдай: Компания өрттің шығу себебін тексеріп жатыр
- Түркияның орталық бөлігінде магнитудасы 5,5 болатын жер сілкінісі болды
- Блогер Жанабыловтар отбасының ісі бойынша сот тыңдауы басталды
- 4 адам мерт болды: Иракта АҚШ-тың жанармай құятын әскери ұшағы құлады
- Снежанна Имашева отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл болды
- Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары ауысты
- Қазақстан азаматтарына БАӘ-де 217 жылжымайтын мүлік тиесілі
- Референдум: Бүгін үгіт-насихат жұмыстары аяқталады
- Терезе алдындағы ішімдік бөтелкелері: Абай облысында прокуратура қызметкерлері сөгіс алды
- Тоқаев судьялар корпусында ауқымды кадрлық өзгеріс жасады
- Павлодарда бір жарым жастағы бала тазартқыш сұйықтық ішіп, мүгедек болып қалды
- Алматыда жоспарлы түрде жарық өшеді: Қай көшелерде?
- «Иран бұрынғыдай емес»: Нетаньяху соғыс басталғалы бергі алғашқы баспасөз мәслихатын өткізді
- Трамп соғыста «алдын ала жеңіп жатырмыз» деді. Алайда шығын шаш етектен
- Польшада жоғалған қазақстандық әйелдің мәйіті табылды
- Билік Қазақстан экономикасына 22,7 трлн инвестиция құйылғанын айтты
- Арыс ауданында жоқ малға субсидия алған әйел сотталды