Маңғыстау облысының жаңа әкімі таныстырылды

cover Фото: Ашық дереккөзден

Жаңа әкімді белсенділерге таныстырған Айбек Дәдебай Нұрдәулет Қилыбайдың Маңғыстау облысының тумасы, өңірде түрлі жауапты қызметтерде болған тәжірибелі басшы екенін айтты, деп хабарлайды Orda.kz порталы Казинформ-ға сілтеме жасап.

Сонымен қатар, баяндамада Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы және уақтылы орындау маңыздылығы аталды.

«Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен жүзеге асырылған шаралар арқасында соңғы 5 жылда облысқа 3,6 триллион теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл жаңа жұмыс орындары мен экономикалық өсуді қамтамасыз етті. Болашақта бұл көрсеткішті екі есеге арттыруымыз керек. Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірде ондаған жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Атап айтқанда, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 22 мың орындық 21 мектептің құрылысы басталды. Халық санының қарқынды өсуі Маңғыстау облысы үшін өте маңызды. Президент облыс әкіміне үлкен міндеттер жүктеді», – деді Президент Әкімшілігінің Басшысы. 

Айбек Дәдебай мәлім еткендей, әкімдікке инвестициялық ахуалды жақсарту, жаңа өндіріс құру, көлік-логистикалық және туристік әлеуетті дамыту, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жаңғырту, экологиялық мәселелерді шешу, құрылыс саласын оңтайландыру жүктелді.

Соңында Айбек Дәдебай Нұрдәулет Қилыбайға президенттің облыс тұрғындарының игілігі үшін жүктеген барлық тапсырмаларын жүзеге асыруда сәттілік тіледі. Президент Әкімшілігінің басшысы облыстың бұрынғы әкімі Нұрлан Ноғаевқа да атқарылған жұмыстары үшін ризашылығын білдірді.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар