Латын әліпбиінің неге әлі қарасы да көрінбейді?

cover Коллаж: Orda.kz

Қазақ қоғамында тіл мәселесінің орны ерекше. Тіл туралы биік, елдің ең жоғары мінберлерінен де, әр отбасының төрінен де базына азаяр емес. 2017 жылы Назарбаевтың кезінде жария етілген мемлекеттік тілдің кең ауқымды реформасы әлі күнге дейін өз мәресіне жетпеді. Тіпті әліпби ауыстырудың қарапайым мәселесі де бірнеше жылдан бері шешімін таппады. Осы мәселе бойынша  Orda.kz тілшісі латын әліпбиін жасаған комиссияның жетекшісі Ерден Қажыбекке және ҚР ғылым және жоғары білім министрлігіне хабарласып көптің көкейінде жүрген сауалды қойды.

Әрине, қандай жолдау жарияланса да, мақала жазылса да жанталасып, жатып алып мақтайтын «күнбағыс» секілді шенеуніктер мен азаматтар жетерлік. Олар күн қайда қараса, сонда бұрылған күйі тұрады. Алайда қай ғасырда болсын тіл мен ұлт мүддесіне келгенде жанын аямаған қазақ зиялылары өмір сүрді. Сондықтан да осы ғасырда жаңа реформа жасар болсақ, байыппен, мықты ғалымдарға жол беріп, бақталастық пен күндестікке бармай, шын мықтыға дес беру қажет.

2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев латын әліпбиі жайлы тапсырма берді. 2021 жылы тіл орталықтарының басшылары іс бастап жатқанын мәлімдеген болатын. Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба мен «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов үлкен іс атқарылып жатқаны жайлы, 2025 жылға қарай кезең-кезеңімен латын әліпбиіне көшетінімізді айтқан  болатын. «Міне, 2025 жыл, латын әліпбиі қайдасың?» деген сұрақ туады.

Оған жауап берер болсақ, 2023 жылы ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев латын әліпбиінің осал тұстары жайлы жалпылама айтқан соң, латын әліпбиіне көшу 2027 жылға қалды.

«Бұл мәселе бүкіл қоғамның ықыласын тудырғаны белгілі. Мен бұрын бұл мәселе бойынша талай рет айттым: біз, ең алдымен, осы сәтті пайдалана отырып, қазақ тіліне реформа жасауымыз керек. Мәселе кирилл әліпбиінен латын әліпбиіне механикалық түрде көшуде емес. Біз латын әліпбиіне тез арада көшуіміз керек деп, көптеген өрескел қате жібердік», – деді президент. 
Фото: Ақорда

Сондай-ақ «У» әріпіне қатысты пікірін айтты.

«Бір мысал келтірейін. Мен бұл мәселе бойынша Құрылтай отырысында айттым. Кириллицада көптеген сөзде «ы» деген әріп бар. Мысалы, «ырымшыл» деген сөзде үш «ы». Біз оны автоматты түрде «у» деп жазатын болдық. Сонда «ырымшыл» деген сөзді латын әліпбиінде жазатын болсақ, үш игрек болады. Бұл қазақ тілі ме? Оны кім оқи алады? Ақырында, тіліміз кирилл әліпбиімен де, тіпті, латын әліпбиімен де жағымсыз көрінетін болды», – деді президент. 

«Президент таң қалды»

Әуелі мемлекеттік тілдің даму мәселесін талқылау үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, «Халықаралық Qazaq tili академиясы» мен «Халықаралық түріктану орталығының» президенті, Ерден Задаұлы Қажыбекпен сұхбаттасудың сәті түсті. Orda.kz тілшісі ол кісіге хабарласып, латын әліпбиіне көшу мәселесі жайлы сұрастырды.

Ерден Задаұлы тіліміздің тағдыры, зерттелуі, насихатталуы және даму мәселелері өзінің мамандығы екенін, алайда қазір тіл білімі институтында жұмыс істемейтінін айтты. Ерден Қажыбек 2021 жылдан бастап «Халықаралық Qazaq tili академиясында» қызмет етіп жүр. Сол кездегі ең абсурдтық жағдай – ұсынылған әліпбидің тіл ғалымдарына еш қатысы жоқ еді. Ерден Қажыбек бастаған ғалымдар басқа, дұрыс нұсқаны дайындаған еді.

Фото: Facebook / Ерден Қажыбек 
«ҚР президенті лауазымына үміткерлерден қазақ тілінен емтихан алғанда, біз жазбаша сұрақтардан бөлек, тілдің дамуы мен қызмет етуі мәселелері жайлы әңгімелесетінбіз. Қасым-Жомарт Кемелұлы бізге, комиссия мүшелеріне, өзі сұрақ қойды: «Жауап беріңізші, қоғам талқысына ұсынылған латын әліпбиінде дауыссыз «у» дыбысын таңбалайтын «w»  әрпі неге кездеспейді? Егер мен қателеспесем, бұл дыбыс біздің «тау», «жау», «ауа», «жауап» сықылды сөздерімізде бар ғой. Ал орыс тілінде, керісінше, бұл дыбыс жоқ. Дыбыс болмаған соң, таңба да болмаған. Сондықтан кириллицамызда бұл еріндік дауыссызды біздер дауысты дыбысты білдіретін «у» әрпімен қате, «орысша» таңбалап жүрдік. Бұл қаншалықты дұрыс? Осы дыбысты біз whatsapp, Washington, what және т.б. ағылшын сөздерінде көреміз. Қазір «w» деген әріп те орнында, бізде осы әріпке сай дыбыс та тілімізде тұр. Алфавитке неге енбей жүр? Мен дұрыс айтып отырмын ба?» деді. Біздің қалай қуанғанымызды көрсеңіз ғой! Өйткені осы сұрағымен тіл реформамыздың ең осал жерін дөп басып айтты», – деді Ерден Қажыбек. 

Содан кейін ол тіл ғалымдарының президентке бір ауыздан осы пікірдің кәсіби лингвистердің, қазақ тілі мамандарының ұстанымымен толық сәйкес келетінін түсіндіруге кіріскендерін айтты. Сондай-ақ президент жоғары парламент қарап жатқан әліпби нұсқасының бұл ғалымдарға қатысы жоқ екенін естіп таңқалғанын айтты.

«Алайда президент пен парламенттің жоғары шешімдерімен бекітіліп жатқан әліпби нұсқаларының бізге, тіл ғалымдарына ешқандай қатысы жоқ екенін естігенде, Қасым-Жомарт Кемелұлының таң қалғаны есімде...», – деді Ерден Қажыбек.  

Міне, 2017 жылдан бастап, биыл тоғызыншы жыл болды. Әлі де әліпбиді латын әріптеріне ауыстырмадық. Ерден Қажыбек сол комиссия жетекшісі болғанын, ғалымдар мен қоғам қайраткерлерін, тіл жанашырларын қатыстырып, көп нұсқаларды сарапқа салып, 2017 жылдың сәуірінде басталған жұмысты тамыз айында бітіріп Президент Әкімшілігіне тапсырғандарын айтты. Оның айтуынша, қазақ тілінің латын негізді әліпбиінің дайын болғанына отыз жылдан астам уақыт өткен.

«Біріншіден, бүкіл әлем бойынша түрік тілдерінің тілші ғалымдары КСРО әлі тарамай тұрған кезде, 1991 жылы, Ахмет Байтұрсынұлының: «Басқа түріктерге жазу тіліміз түсінікті болу үшін мүкіндігінше жанастыру жағына қарап икемдеу [қажет]...Түрік жұрттары үшін бір әліпби түзеу деген мәселені – бір әліпбиді бәрі негізге алып, түрік жұртының әр қайсысы өз тіліне үйлестіру деп түсіну керек. Солай болған соң бізге ең әуелі, негіз боларлық әліпби керек. Сол әліпбиді қарастырып табуымыз керек» деген өсиетін орындау бағытында бірегей, яғни бір, баршаға ортақ нұсқаны жасақтап, бекітті. Соны негізге алып, 1993 жылы ұстазымыз, Тіл білімі институтының директоры, академик Әбдуәлі Қайдар 28 әріптен тұратын қазақ тілінің латын әліпбиін «Кемел елге кемел әліпби керек» деген тақырыппен «Ана тілі» газетінің № 52 санында жариялады», – деді Ерден Қажыбек.  

Ол осы нұсқаны Тіл білімі институты да, ұлттық және өңірлік университеттері де, отандық тілші мамандары да тұтас, түгел бәрі бір ауыздан қолдағанын айтты.

«Сол 1991 жылдан бері қарай кешегі 2021 жылға дейін қазақ тілші ғалымдары дәл осы нұсқадан азғантай да бір ауытқып көрген емес. 2000 жылы «Егемен Қазақстан» газетінің 26 шілде күні шыққан санында «Жаңа қазақ әліпбиі» атты мақаласында Әбдуәлі Тұғанбайұлы 28 әріптен тұратын әліпбиін тағы да тәптіштеп түсіндіріп: «Бұл жоба қабылданған... ортақ әліпбиге сәйкес алынып отыр. Бұл – бүкіл түркі тілдеріне бірдей қойылатын талап. Одан ауытқуға болмайды» деп тұжырымдады. Әрине, 2017 жылы біздің комиссиямыз да сол бірегей нұсқаны ұсынды», – деді Ерден Қажыбек.   

Латын әліпбиіне тосқауылдар 

және Ерден Қажыбекті жұмыстан шетқақпайлау

Біз осы нұсқаны ұсынғаннан кейін қандай нәтиже болғанын ғалымнан сұраған едік. Алайда ол сол кезде сауатсыз, ақылға сыймайтын түрлі нұсқалардың көбейіп кеткенін және өзін басқа жұмысқа ауыстырып, артынша жұмыстан шығарудың амалын тапқанын айтты. Әрине, тарихи сәтте реформаның авторы атағын алуды талайы көздеген болуы қажет.

«Үлкен айғай-шу болды. «Президенттің тапсырмасын орындамадыңыз» деп, маған ашық: «Жұмыстан кетесіз» деді. Комиссия жұмысын шұғыл тоқтатып тастады. Ақылға сыймайтын нұсқалар бірінен-соң бірі пайда бола бастады. Комиссия жоқ... Сол тұста менің бірден институт басшылығынан ұшып кетпегенім – бұқара-халықтың жасанды, сауатсыз нұсқаларға қарсы шығып, өре түрегелгені әсер етті, сөзсіз... Алайда, биліктің айдағанына көне бермейтін адамды кім көп ұстайды... Зейнет жасына жеткен сәттен бастап, министрлер жалынғандай болып: «Не қыласыз басыңызды қатырып, бас ғылыми қызметкері, бөлім жетекшісі болыңыз, бізде тәртіп өзгеріп жатыр, ендігәрі зейнет жасына жеткендер директор бола алмайтын болады» деп, әке-көкелеп, бөлім меңгерушілікке ауыстырды. Бір-екі жылдан кейін институттың жетекшісі бөлімді де жапты, «қаржы жоқ деп» менімен де қоштасты...», – деді Ерден Қажыбек.    

Ерден Қажыбек Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғалымдардың пікіріне құлақ асатынын және алғашқы олқы нұсқаларды ашық сынағанын айтты. Комиссия жұмысы тоқтады екен деп берілмей, ғалым түрлі жиындар өткізіп, БАҚ өкілдерін пайдаланып, дұрыс нұсқаны халыққа паш еткендерін айтты.

«Ең кереметі – ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғалымдардың пікіріне құлақ асатынында. Бұрын, жоғарыда жазғанымдай, біз кереңмен сөйлескендей я соқырмен тығылмақ ойнағандай күйде болдық қой... Институттан кейін табысты жұмыс істеп келе жатқан түркологиялық орталығымыздан бөлек арнайы жаңа «Халықаралық Qazaq tili академиясы» үкіметтік емес, бейкоммерциялық ұйымын аштық. Айналдырған бірер жылда жиырмадан астам түрлі форматтағы ғылыми басқосуларды, конференция, дөңгелек үстел, семинар, сессия, құрылтай, симпозиумдерді өткіздік, 20-30 монография, сөздік, тақырыптық жинақтар шығардық, жеке журналымыз да бар, «Академия арнамыз» да... Маңызды ұжымдық шешімдерімізді ел басшысынан бастап, бүкіл жауапты мемлекеттік органдарға жібереміз, БАҚ, әлеуметтік желілер, ТВ мен радио, ақпараттық порталдар арқылы отандық ақпараттық кеңістікке, қалың жұртшылыққа паш еттік», – деді Ерден Қажыбек.   

Назарбаев президент болғанда әліпби нұсқалары жыл сайын президент жарлығымен я парламент қаулысымен бекітілетін. Ғалым содан тығырыққа тірелгендерін айтты. Себебі оның сөзінше, үкімет басшысы мен министрлерден бастап барлық шенеуніктер оларды «іске асыруға» дереу кірісетін. 

«Ақылға кірмейтін тірлік еді бұл, жұмсартып айтсақ... Ал қазір – президенттің бірер жыл ішінде бірде-бір жарлығы шыққан жоқ. Керісінше, отандық ғылыми қауымдастық атынан жолданып жатқан дәйектемелерімізді ескеріп отырғанын жасырмай, президент бірнеше рет министрлер бекітуге ұсынған нұсқаларды ашық сынады: «Қарпімізде әлі де олқылықтар бар... Ұсынылған әліпби нұсқасы қоғамда қарама қайшылық тудырып отыр» – деп. Тіпті, керек болса, жасырмай: «Латын әліпбиі бойынша қоғам талқылауындағы мардымды ұсыныстарды ескеруі қажет» – деп те түйіндеді. Ол ол ма, қазақ тіліндегі [ы] мен [й] дыбыстарын латынша дұрыс таңбалаудың және осындай нақты бірнеше басқа маңызды мәселелерді, қоймай, қайталап нұқып көрсетті», – деді Ерден Қажыбек.  
Оның сөзінше ұстаз әрі Ерден Задаұлы достай жақын араласатын профессор Әлімхан Жүнісбектің: «Бұрынғы әліпби нұсқалары жаппай өрескел қатеге толы болса, қазіргі соңғы вариантында азғантай ғана жөндейтін жері қалды» дегені, мамандарға мәлім шындық. [Ү] дыбысын "ü"-мен, [ө]-ні "ö"-мен, [ш] дыбысын "ș"-мен, [ә]-ні "ä"-мен, [ғ] дыбысын "ğ"-мен, [ы] дыбысын нүктесіз "ı"-мен, [ң]-ды "ñ"-мен, [й] дыбысын "у"-мен беру – мұның бәрі, сөзсіз, біздің 2017 жылы ұсынған алғаш әліпбиге жақындау әрі біздердің шырылдап айтып та, жазып та жүрген талап-тілектеріміздің қабылданғанының жарқын дәлелі. Қалып отырған бірақ мәселе, бірақ дыбысымызды дұрыс таңбалау – дауыссыз ерінді [w]-ні.

Ерден Қажыбек президенттің «у» әріпіне байланысты сынына келісетінін және қатесі бар жазу жүйесін мақұлдау қылмыспен тең екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, ешқандай дау туғызбайтын, дұрыс нұсқаның жақын арада қабылданатынына сенімі мол екенін баяндады.

Әліпбидің ескі нұсқасы, Фото: adilet.zan.kz 2017 жыл

Айта кетсек, Әлімхан Жүнісбек 2021 жылы 28 қаңтарда ұсынылған латын әліпбиінің нұсқасы дұрыс екенін айтқан болады. 

Фото: Ерден Қажыбек


Orda.kz тілшісі оңтүстік астанамыз — Алматы қаласының ішін аралап көрді. Көрікті жерлері мен түрлі сауда орталықтарына дейін латын әріпін маңдайшаларына жазып алған орындарды байқадық.

Фото: Orda.kz

Қарапайым пицца жасайтын дәмханаларда осы әріппен маңдайшаларына жазу жазып қойған.

Фото: Orda.kz
Фото: Orda.kz

Қала ішінде латын әріпімен жазылған сөздер көп. Бұл халықтың осы жазуға деген ықыласын көрсететін секілді. 

Orda.kz осы мәселе бойынша ҚР ғылым және жоғары білім министрлігіне арнайы сауал жолдаған болатын. Олар мемлекет басшысының тапсырмасымен уәкілетті органға қазақ тілінің латын графикасына негізделген әліпбиін жетілдіру бойынша шаралар қабылдау тапсырылғанын хабарлады. Бұл жұмысқа ғалым-лингвистер кірісетін көрінеді.

«Президент мемлекеттік органға қазақ тілінің латын графикасына негізделген әліпбиін жетілдіру бойынша шаралар қабылдауды тапсырған. Бұл жұмысқа лингвист ғалымдар кірісіп, тиісті зерттеулер жүріп жатыр. Мемлекеттік орган түркі тілдес елдердің латын әліпбиіне көшу тәжірибесін, сондай-ақ бірқатар еуропалық мемлекеттердің осы графикалық жүйені қолдану тәжірибесін зерттеді. Бұл әліпби Түркі академиясы әзірлеген Жалпы түркі әліпбиіне қарап жасалады. Алайда, бұл халықаралық ұйымның ұсынған әліпбиі тек ұсынымдық сипатқа ие екенін атап өту маңызды. Әліпби мен орфография ережелерін жасау бір-бірімен тығыз байланысты. Қазақ тілінің латын графикасына негізделген әліпбиіне кезең-кезеңімен көшу жұмысы әліпби жобасы мен орфографиялық ережелерді бекіткеннен кейін ғана басталады. Әліпби жетілдірілген соң, оны кезең-кезеңмен енгізу жоспары жасалатын болады», — деп жауап берді министрлік. 

Осы мәселе айтылғалы 8 жыл болды. Orda.kz белгілі тіл мамандарына хабарласып, осы мәселе жайлы сұраған болатын. Мықты мамандардың бірі пікірі билікке қарама-қайшы болған соң, бұл жайлы сөз қозғағысы келмейтінін айтты. Дегенмен оның пікіріне қарасақ, «біз латын әліпбиіне көшетін уақытты жіберіп алдық». «Бұл қазіргі кезде тек мәселелерді ушықтырып жібереді». Назарбаев қабылдаған латын әліпбиіне көшу мәселесін қолына әліпбидің қате нұсқасы түскен қазіргі президент жан-жақты саралап, «келісіп пішуіміз» керек екенін меңзеді. 2027 жылға қалған бұл іс 2 жылдың ішінде қалай өзгереді? 2022 жылы сайланған Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2029 жылы президенттік қызметі аяқталып, жаңа сайлау басталғанға дейін бұл іс өз мәресіне жете ме? Уақыт еншісінде.




Жаңалықтар

барлық жаңалықтар