«Қызымның зорланған суретін талап етті»: Мемлекеттік қорғаушының сатқындығы

cover Коллаж: Orda.kz

6 жасар қызын туған әкесінің зорлығынан құтқарам деп 3 жыл 6 айға сотталған Алматы тұрғыны жайлы материал жарыққа шыққанда іске қатысты барлық адамдар мен тергеушілер, мемлекеттік адвокаттың есімі жасырылған еді. Бұл жолы келіншек Orda.kz тілшісіне барлығын ашық айтып, жүзін көрсетуге әрі материал шыққан соң іс қалай өрбігендігін, тергеушілердің қысымы туралы баяндады. 

Еске салсақ, Жанат атты келіншек 3 жылдан соң абақтыға тоғытылады. Сот оның екі кішкентай балалары болғандықтан жаза өтеу мерізімін 4 жылға кейінге шегерген. Алайда сот үкімі шығып қойғандықтан, сотталды деген таңба оған не жұмыс істеуге, не тыныш өмірге мүмкіндік бермейді. 3 жыл 6 айға үкім шыққанымен 8 жылдық өмірі толыққанды тұсауда өтуі мүмкін.

Жанат күйеуі Амангелді Жақыпов пен бірге мұсылмандық некеде небары 1,5 жыл ғана тұрған. 2017 жылдан бері бірге тұрмайды. Әрі ер адамның төлемеген алименті 1,5 млн теңгеден асып жығылады. Оның үсітне дәл сол 2017 жылы еркекке қылмыстық іс қозғалады. Ол Жанаттың бірінші некеден болған ұлына ойына келгенін жасап, зорламақшы болған екен. 2019 жылға дейін қозғалған іс 4 рет ашылып, жабылған. Ол кезде сараптама жасаушы баланың денесінде зорлық белгілері болғанын ауызша айтса да, қағазда олай көрсетпеген. Жанаттың айтуынша, Амангелді ол сараптамада шындықты жазылмауына барынша кедергі болған екен.   

Ал оқиға орын болған күнге қысқаша тоқтала кетсек, Амангелді алдымен Жанатты зорлап, артынша арам ойын өзінің туған қызына жасамақшы болып, небары 6 жасар бүлдіршінің үстінде тыр жалаңаш жатқан. Сол сәтте Жанат қызды әкесінің астынан суырып алады. Ары қарай қызы үшін арпалысып жатқанда, аффект әсерімен қолына пышақты алып күйеуінің арқасына қалай сұғып алғанын өзі де білмей қалады. Келіншек сол сәтте жедел жәрдем шақырады. Бірақ полиция қызметкерлері қызды зорламақ болғаны мен келіншектің өзін әрі баласын қорғауға әрекет жасағанын ескермейді. Тіпті аффект жағдайын анықтау үшін сараптаманы 1 айдан соң ғана белгілеген. 

Жанаттың айтуынша, дәл осы тергеушілер мен мемлекеттік адвокат бұл істе өрескел қателіктер жіберді. Тергеушілердің қысымы мен мемлекеттік қорғаушы Жанатты қорғаудың орнына күйеуіне жақтас болуы нені білдіреді?

 – Жанат бұған дейін сізге өзін-өзі қорғағаны үшін емес, 106-бап, яғни қасақана орта деңгейдегі қылмыс бойынша іс қозғап, не ұлыңыздан, не қызыңыздан алынған жауап сотта қаралмаған болатын. Қазір іс қалай өрбіуде?

– Иә, ол кезде балалардың куәгерлік сөздері тіркелмеді. Не сот, не тергеуші бұл істі орындамады. Менің тергеушім мені жарға жықты, осындай қиын істі  22-25 жас аралығындағы тәжірибесіз қызға тапсырды. Олар мені Бостандық аудандық полиция басқармасының жертөлесінде үш күн бойы ас-сусыз аштан қатырды. Мені сараптамаға апарған жоқ, ештеңе жасамады. Телефонмен сөйлесуге де рұқсат бермеді. Сол жерде мен полиция басқармасының басшысы Санжар Аухадиевтың атына арыз жаздым. Ол арыз тіркелмеді. Адвокаттардың көмегімен тіркелген арызымды да қарамады, екі жыл болды, бұл күрес әлі жалғасуда. Менің қызымды зорлауға әрекет ету фактісі де қарастырылмады. Олар істі дұрыс қарамады, бұл жерде 124-бап (кәмелетке толмағандарды азғындау) емес, бұл – зорлауға әрекет ету бабы бойынша қаралуы керек іс еді. Менің әрекеттерімді қажетті қорғаныс деп бағалауға болар еді, өйткені мен өз үйімде едім. Өзімді және баламды қорғадым. Маған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру деп айып тақты. Маған жеңілдететін де, ауырлататын да мән-жайлар берілмеді, өйткені мен жедел жәрдем келгенше жараны спиртпен, сутегі тотығымен өңдеп, жедел медициналық көмек көрсеткенім де ескерілмеді.

– Тағы қандай өрескел заңбұзушылықтарға жолықтыңыз?

Қызымның да, ұлымның да куәліктері назарға алынбады. Тіпті, ұлымның куәгерлік сөзі бұрмаланды. Балаларды тергегенде жандарында психолог болмаған. Ал барлық хаттамаларға өткен күнмен қол қойдырып алған.  Бұдан басқа, менің мемлекет берген адвокатым, ақшам жетпегендіктен, бірнеше адвокат ауысты. Мемлекеттік адвокатым Гүлшат Құлжанова жәбірленушімен бетпе-бет кездестіру бойынша жұмыс істеді. Ол мені қорғаудың орнына Амангелдіге соққы жасалған орын мен уақытты қалай дұрыс айту, қалай жауап беру керектігін оған айтып көмектесіп отырды. «Ол адам ас үйде отырғанда оған бір әйел қоңырау шалып, ал мен қызғаныштан оны пышақ ала жүгіргенім», — туралы әңгімені осы мемлекеттік адвокат құрастырып берді.  Сонымен қатар, маған тергеуші «Егер сіз қызыңызды зорламақшы болған кезде суретке түсіріп алғанда, бұны дәлелдеу оңайырақ болатын еді» деп айтты. Тергеуші істі дұрыс қарамағанымен қоймай, менен фото талап етіп, мазақ еткендей болды. Ол кезде менің ойымда суретке түсірмек түгілі баламды жауыздан құтқарудан басқа ешқандай ой болған жоқ. 

– Неге мемлекеттік адвокат осылай істеді деп ойлайсыз?

– Мен шынымды айтсам білмеймін. Неге мені қорғауға тиісті адвокат жеме-жемге келгенде сатып кетті? Одан кейін олар мені қорқытып, бопсалап, бірқатар қажетті процессуалдық құжаттарға қол қоюға мәжбүрледі. Түсінесіз бе, қорқытты. Мен іске қатысты маңызды құжаттар мен сөздерімді неге ескермейсіздер десем, бізге бұл қажет емес дейді. Олар маған тіпті сот алдында болатын тыңдауға қатысуға мүмкіндік бермеді. Маған үй қамақтан ауыстырылғанымды да, айтқан жоқ. Тергеуші мен мемлекеттік қорғаушының құдды бір жеке мүддесі бардай істі жүргізді. Менің сотқа құжаттарым тапсырылғанын да, сот тыңдауының болатынын да маған хабарлаған жоқ.

– Енді алда не күтіп тұр сізді?

– Маған жалпы 14 жасқа дейін кейінге қалдыру берілді. Апелляциялық соттан қайыр бола ма дегенде олар мүлдем 12 жасқа дейін қысқартып тастады. Яғни, қызым 12-ге толғанда 4 жылдан соң 3 жыл 6 айға орташа қауіпсіздік жүйесіндегі түрмеге қамайды.  Ал әкесі ата-ана құқығынан да айырылмады, бұл туралы мен арыз тастадым. Сотта прокурор оны әкелік құқықтан айыруға ешқандай негіз жоқ деді. Сонда ертең мені қамаса, балалар кімнің қарауында қалатыны да белгісіз. Төленбеген алиментке де зорламақшы болып істеген әрекеттеріне де сот еш маңызға алмады. 2019 жылдан бастап оның шетелге шығуға шектеуі болған. Оның атында 1,5 миллион төленбеген алименті бар. Бірақ, менің рұқсатымсыз оған қазір жеке сот орындаушысы оны босатып, шектеуді алып тастап жатыр. Барлығы өткен күнмен жасап отыр, яғни ол бәрін төлеген сияқты көрсетіп, төлем құжаттарын жасатып алған.  

– Инга Иманбай араласқан соң іс қалай өрбіді? 

– Иә, қазір менің адвокатым Инга Иманбай, ол кісі іске араласқалы іс қайта қозғалып, тергеу басталды. Инга Иманбай бас прокуратура мен омбудсменге арыз жазды. Олар істі қайта ашуға мәжбүр болды, менен және баламнан жауап алынды. Нәтижесінде менің айғақтарым мен баламның айғақтары сәйкес келетіндігі расталды. Психолог баламны өтірік айтпағанын көрсетті. Демек еркекті қамауға алуға санкция шығару керек. Бірақ тергеуші қайтадан қарсылық білдіріп, мені қорқытқысы келді. Маған полиграфтан өткіземіз деді. Мен бірден келісім бердім, менің жасыратын ештеңгем жоқ. Өздері айтарын айтып алып енді қарсылық білдіріп отыр, істі тағы да созбалақтап отыр, міне 3 аптадан асты. Неге еркекті іс бойынша беттестіруге осында алып келмейді, ол қалайша Шымкентте тергеліп жатыр. Беттестіру жүргізгеннен соң еркекке қатысты санкция қабылдау керек. Тағы бір жағдай – оның іш киімдері жоғалған, заттай дәлел ретінде маған көрсеткен де жоқ. Ал біздің барлық заттай дәлелдерімізді тәркілегенді, оның заттай дәлелдері тергеу құжаттарында жоқ. Ол сот отырыстарына ішімдік ішіп келіп отырды. Оған ешқандай ескерту жасалған жоқ. Мен сотта  заттай дәлел ретінде бөтелке мен шалбарды қабылдауды ұсынған кезде, судья маған «Оны алып таста, әйтпесе қазір сені уақытша ұстау изоляторына жібереміз», — деді. 

Енді Жанат адвокат Инга Иманбаймен бірге істің соңына дейін жетіп, тергеуден заң бұзбай ер адамға қатысты санкция шығаруды және қызын зорлауға оқталғаны үшін іс қозғауды талап етеді. Осы жолда Жанат айтқандарын дәлелдеу үшін тергеушінің өзі ұсынып, артынан айнып қалған полигрфтан да өтуге бек дайын екендігін жеткізді. Істің алда қалай өрбитіндігі Orda.kz бақылауында болады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар