Күн сайын бір айыппұл: Ақтөбелік жүргізуші құқық бұзушылық бойынша рекорд орнатты

cover Фото: freepik

Ақтөбеде жүргізуші жол жүру ережесін 131 рет бұзып, 3,5 миллион теңге көлемінде айыппұл алды, деп хабарлайды Orda.kz «Мой город» порталына сілтеме жасап.

27 жастағы Toyota маркалы шетелдік нөмірлі автокөлігі бар жүргізуші рекордтық мөлшердегі айыппұлды  жинап алған. Ол екі ай ішінде жол жүру ережесін 131 рет бұзыпты. Көлігі айыппұл тұрағына қойылды.

Жүргізуші жол жүру ережелерін өрескел бұзған: жылдамдықты асырған, дұрыс емес маневр жасаған және жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндіретін басқа да әрекеттерге барған.

«Жиі жасалған жол ережесін бұзу сипатын ескерсек, бұл жүргізушінің әрекеттері ауыр жол-көлік оқиғаларына, тіпті қайғылы жағдайларға алып келуі мүмкін еді. Әрбір бұзушылық — адам өміріне төнетін қауіп», деп хабарлады облыстық полиция департаменті. 


Ақтөбе облыстық полиция департаменті барлық жүргізушілерге жол ережесін сақтауға, жолда барынша мұқият болуға және қауіпсіздік — әр адамның жеке жауапкершілігі екенін ұмытпауға шақырды.

Айта кетейік, Қырғызстанда президент Садыр Жапаровтың тапсырмасымен осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап жол ережесін бұзған жүргізушілерді жолда тоқтатқан бойда жүргізушілік емтихан тапсыруға міндеттейтін жаңа ереже енгізіледі. Сонымен қатар қырғызстандықтар автокөлік үшін салық төлемейді.


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар