Қостанай облысының тергеудегі экс-шенеунігіне қандай айып тағылды?

cover Фото: gov.kz

Қостанай облысының прокуратурасы өңір әкімінің бұрынғы орынбасары Гүлбарам Мұсағазинаға қатысты іс бойынша жаңа мәліметтер ұсынды, деп хабарлайды Orda.kz.      

Прокуратураның дерегінше, Мұсағазинаға қатысты іс ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабы — «Лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану» бойынша тергеліп жатыр.

Тергеуді Қостанай облысы бойынша ҰҚК департаменті жүргізуде. Қазіргі уақытта экс-әкім орынбасары үйқамақта отыр, сот оған қатысты бұлтартпау шарасын таңдаған.

«ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», деп қосты қадағалаушы орган.

Еске салайық, бұған дейін Қостанай облысы әкімінің орынбасары Гүлбарам Мұсағазинаның ұсталғаны белгілі болған еді. ҰҚК оның үстінен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлаған болатын.

Желіде әкім орынбасарының есімі денсаулық сақтау саласындағы резонансты сыбайлас жемқорлық ісімен байланысты болғаны жазылды. Атап айтқанда, облыстық басқарманың бұрынғы басшысы Данияр Жандаев, оның орынбасары Ерболат Доспанов және Қарасу аудандық ауруханасының бас дәрігері Владимир Голубевтің қамауға алынуы туралы сөз болған.

Бұған дейін облыс прокуратурасы медициналық ұйымдардың қажет етілмеген жабдықтарды жоғары бағамен сатып алу фактілерін анықтағанын хабарлаған еді. Келтірілген шығын көлемі 2 млрд теңгеден асқан.

Экс-шенеунік 11 ақпанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінде жауап алынғаннан кейін ұсталды. Кейінірек Гүлбарам Мұсағазинаға үй қамағына алу шарасы қолданылды. Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов сол кезде оның бұрынғы орынбасары ұсталған күні жұмыстан шығуға өтініш жазғанын айтқан болатын.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар