Коронавирустан да қауіпті ауруға назар аударайық

cover

Елдің ойы коронавирус. Десек те, басқа ауруларды ұмытпау, оларды алдын алу да маңызды әрекет. Бұқаралық ақпарат құралы болғандықтае, оқырманға жаңалықтан бөлек маңызды ақпарат беру біздің жұмысымыз.

ORDA. редакциясы санитариялық – эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми – практикалық орталығының дәрігер эпидемиологы Анаркүл Жүнісова туберкулезге қатысты маңызды сұрақтар қойды.

ORDA. Туберкулез туралы жалпы түсінік бере кетсеңіз. Жұрт көп біле бермейтін, маңызды қандай ақпарат бар?

Эпидемиолог: Туберкулез - бұл туберкулез микобактериясы тудыратын жұқпалы ауру. Туберкулез көбінесе өкпені зақымдайды, бірақ басқа органдарда да өрбуі мүмкін (бүйрек, сүйек және т.б.).

Mикобактерияның маңызды ерекшелігі: Алғашқы инфекциядан кейін аурудың клиникалық көріністері болмауы мүмкін. Ауру дамымайды, бірақ Микобактерия (БК) денеде ұзақ уақыт (жылдар, онжылдықтар) зиян келтірмей жүруі мүмкін. Ауыру тек организм қорғанысының төмендеуі кезеңінде дамиды. Олар, өмір сүру жағдайының нашарлауы, дұрыс тамақтанбау, стрестік жағдайлар, қартаю. Туберкулезді жұқтыру кез келген жастағы адамдар үшін өзекті.

ORDA. Туберкулездің дамуына не ықпал етеді?

Эпидемиолог: Туберкулездің дамуына мыналар ықпал етеді:

  • жеткіліксіз тамақтану және дұрыс тамақтанбау,
  • шамадан тыс жұмыс істеу, ұйқының қанбауы,
  • жүйке стресі,
  • темекі шегу, ішімдік, нашақорлық, АИТВ – инфекциясын жұқтыру.
  • қосымша аурулардың болуы (қант диабеті, асқазан және он екі елі ішектің ойық жарасы, созылмалы спецификалық емес өкпе аурулары, иммундық тапшылық жағдайы және аурулар),
  • тұрмыс жағдайларының нашар болуы.

ORDA. Туберкулез қаншалықты жұқпалы? Мысалы коронавируспен салыстырғанда?

Эпидемиолог: Туберкулездің қоздырғышы бактериялық инфекция. Бактериялар, мысалы, микробактерия туберкулезі, лимфа жүйесінде бірнеше жылдар бойы «ұйықтап», иммунитеттің әлсіреуін күте алады. Туберкулез инфекциясында инкубациялық (жасырын) кезең 3 айдан 1 жылға дейін болуы мүмкін.

Инфекция көзі - науқас адам. Ол кейде өзінің ауруы туралы білмейді, өйткені туберкулез кәдімгі суық тию, ұзақ уақыт емделмейтін пневмония сияқты клиникалық симптомы ұқсас болуы мүмкін. Туберкулезбен ауыратын науқас жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлегенде қоздырғышы бар қақырық тамшыларын таратады.

Короновирусқа келсек, COVID-19 - бұл SARS-CoV-2 деп аталатын жаңа коронавирус тудыратын ауру. Covid-19 жұқтыру көзімен байланысудан бастап симптомның басталуына дейінгі инкубациялық кезеңі, әдетте, 5-6 күнді құрайды және 1-ден 14 күнге дейін.

ORDA. Туберкулезбен ауыратын адамдарға қандай әлеуметтік шектеу қойылады?

Эпидемиолог: Туберкулезбен ауыратын науқасты туберкулезге қарсы препараттармен емдеу және стационарлық жағдайларда оқшаулау жүргізіледі. Амбулаториялық жағдайда емдеуге эпидемияға қарсы режим талаптарын сақтау және аумақтық бөлімшелермен келісу жағдайлары болған кезде жол беріледі.

ORDA. Пневмония мен туберкулездың клиникалық симптомдары ұқсас екенің айта кеттіңіз. Қазіргі таңда пневмониямен көп адам ауырып жатыр, ол ауру туберкулезге қаншалықты ұқсайды?

Эпидемиолог: Пневмониямен туберкулездің кейбір клиникалық симптомдары ұқсас бірақ зертханалық тексеру нәтижесінің қорытындысы бойынша қақырықта туберкулез таяқшалары табылған жағдайда туберкулез нақтыланады.

ORDA. Туберкулездің алғашқы белгілері қандай?

Эпидемиолог:

  • тез шаршау және жалпы әлсіздіктің пайда болуы;
  • тәбеттің төмендеуі немесе болмауы, салмақ жоғалту;
  • қатты терлеу, әсіресе таңертеңгі кезде және негізінен дененің жоғарғы жағының қатты терлеуі;
  • денеге аздап күш түскенде ентігудің пайда болуы;
  • кешке дене қызуының шамалы көтерілуі;
  • екі аптадан артық жалғасатын жөтел немесе қақырықты жөтел (қан араласуы мүмкін);

ORDA. Түрмеде неліктен туберкулез қатты тараған?

Эпидемиолог: Себебі, жабық мекемелерде ұстау жағдайлары туберкулез инфекцияның резервуарын жинай отырып, туберкулездің таралуына ықпал етеді. Айта кетсем, түрмелердегі туберкулез ауруының өсуі жалпы қоғамдағы туберкулез ауруына едәуір әсерін тигізеді.

ORDA. Адамның үй жағдайы туберкулезға шалдығуға қаншалықты әсер етеді? Мысалы, сыз бар үйлерде, саяжайларда, тіпті далада тұратын адамдар бар. Олардың туберкулез жұқтыру ықтималдығы қаншалықты?

Эпидемиолог: Әрине, тұрмыс жағдайы төмен, толыққанды тамақтанбайтын және ішімдік, нашақорлық және т.б. зиянды әдеттері бар адамдарда туберкулез ауруына шалдығу қаупі жоғары. Туберкулез таяқшалары өте төзімді және табиғатта ұзақ уақыт сақталады. Дезинфекцияның ең жақсы құралы - құрамында хлор бар препараттар.

ORDA. Қазақстанда туберкулезбен күрес қалай жүруде?

Эпидемиолог: Бізде туберкулез науқастарын ерте анықтауды меншік нысанына қарамастан барлық медициналық ұйымдарда жүргізіледі. Туберкеулезді ерте анықтау мақсатында туберкулезді флюорография әдісімен анықтау сырқаттанудың жоғары қаупі бар және міндетті флюорографиялық тексеруге жататын адамдардың арасында жүргізеді. Туберкулездің спецификалық профилактикасы оның ішінде: БЦЖ вакцинациясын, манту, диаскинтест диагностикалық сынамаларын және химиотерапияны жүргізуді көздейді. Мемлекет тарапынан бұл ауруға көп көңіл бөлінген, мемлекеттің жіті бақылауында. Елімізде туберкулезден емделу тегін жүргізілетіні де үлкен септік тигізеді.  

ORDA. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда прогресс бар ма?

Эпидемиолог: Республика бойынша 2020 жылы туберкулезбен 6694 адам ауырды (2019 ж. - 8436), 2019 жылмен салыстырғанда сырқаттанушылық көрсеткіші (46,2) 20,8 %-ға төмендеген. Республика бойынша балалар арасында 2020 жылдың сырқаттанушылық көрсеткіші (5,5). Яғни, 2019 ж. сырқаттанушылық көрсеткішімен (6,6) салыстырғанда 17,1%-ға төмендеген. Жасөспірімдер арасында 2020 жылдың сырқаттанушылық көрсеткіші (30,3) 2019 ж. сырқаттанушылық көрсеткішімен (46,7) салыстырғанда 35,2 %-ға төмендеген.

ORDA. 2020 жылы туберкулезге қанша адам шалдықты, қаншасы емделіп шықты?

Эпидемиолог: Республика бойынша 2020 жылы туберкулез ауруына 6694 адам шалдықты (2019 ж. - 8436). Туберкулез ауруының емделу мерзімі 6 айдан 20 айға дейін созылады. Бізде қанша науқас ауырғаны туралы нақты ақпарат жоқ.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар