Қонаевта депутаттың көз алдында әйел суға батып кетті: Жағажайда құтқарушылар да, дәрігерлер де болмаған

cover Фото: Orda.kz.

Қонаев қаласындағы жағажайда жас әйел суға батып кетті. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек  қайғылы оқиғаның куәсі болды. Оқиға жексенбі күні, депутат отбасымен демалуға келген кезде болған, деп хабарлайды Orda.kz.

Бақытжан Базарбектің айтуынша, бұл жағажай жекеменшікке берілген және кәсіпкерлер демалушылардан ақы алумен ғана шектеліп, қауіпсіздік шараларын мүлдем қамтамасыз етпеген. Аумағында құтқарушылар да, бейнебақылау камералары да, бақылау мұнаралары да, медициналық қызметкерлері де жоқ. Куәгерлер зардап шеккен әйелді судан шығарып, алғашқы көмек көрсетуге тырысқанымен, оны аман алып қалу мүмкін болмады.

«Мұндай жағажайларда міндетті түрде медициналық қызмет болуы керек. Бірақ ешкім жауап бермейді. Міне, қыз қайтыс болды. Осындай жауапсыз жағажайлар ашылып жатыр. Ал адамдардың өліміне кім жауап береді? Қауіпсіздік жүйесі қайда?» – деп ашуланды депутат.

Оқиға орнына келген дәрігерлер мен полицейлер еш шара қолдана алмаған. Полиция өкілі бұл мәселе бойынша тиісті мемлекеттік органдарға жүгінуді ұсынып, олардың ведомствосы судағы қауіпсіздікке жауап бермейтінін айтқан.

Orda.kz Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті мен полициясынан ресми түсініктеме күтеді.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар