«Қоқысты шығарған соң, қамауға алынды»: Түрме басшысының орынбасары жүйедегі былықты жайып салды

cover Фото: Orda.kz

Orda.kz Алматы тергеу изоляторы басшысының орынбасары қоқыс шығару схемасы үшін сыбайлас жемқорлық бойынша айыпталғанын анықтады. Оның өзі бұл жағдайды комитет қызметкерлері жала жабу үшін әдейі істеді деп санайды. 

Соңғы жылдары ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесінде болып тұратын сыбайлас жемқорлық туралы дауларға етіміз үйреніп қалды. Біз ақша мен тыйым салынған заттарды түрмеге кіргізуден бастап, VIP камералардың болатынына дейін білеміз. Кейбір отырғандардың мұртын балта шаппауы үшін бар жағдайын жасайтын түрме қызметкерлерінің қомақты ақша алатынын да көріп жүрміз. 

Бірақ бір қызығы, жемқор бақылаушылар мен олардың басшыларының соттары тек жасырын түрде өтеді. Журналистер  шыққан үкімді әдетте, «Сот кабинеті» ақпараттық бағдарламасынан немесе кездейсоқ, құқық қорғау органдарындағы дереккөздерінен ғана естиді. ҰҚК және Антикордың баспасөз қызметі мұндай сот отырыстары туралы БАҚ-қа сирек жариялайды.

 

Тағы бір журналистер білмеген сот отырысы 2025 жылдың наурызында Алматының Түрксіб аудандық сотында өтті. Сотта бұрынғы ДУИС Ішкі істер министрлігінің тергеу изоляторы бастығының орынбасары Ринат Ахметжановтың қылмыстық ісі қаралды. Оны түрмеден қоқыс шығару арқылы заңсыз бизнес ұйымдастыруға тырысты деп айыптады. Айыпталушы өз кінәсін мойындаудан үзілді-кесілді бас тартты, істі ҰҚК тергеушілері мойнына ілгенін айтып, азарда-безер болды.

Алайда сот Ахметжановты қызметтік өкілетін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танып, алты жылға бас бостандығынан айырды.

Orda.kz журналистері «қоқыс» ісін саралап, түрмедегі моральдық ахуал туралы елең еткізетін мәліметтер алды. Мәселе адам өмірі мен заң бұзушылық жайлы болған соң, бей-жай қала алмадық.

Қоқыс шығару мәселесі

Алдымен біз бірінші инстанция сотының үкімін қарап шықтық. Істің фабуласы бір қарағанда қарапайым: 2024 жылдың көктемінде тергеу изоляторының (ресми атауы № 72 мекеме) басшылығы мен бір жеке кәсіпкер арасында қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару туралы келісім жасалды. Алайда, көп ұзамай, оны бір тарап бұзды. Кәсіп иесі техникалық сипаттама шарттарын бұзғаны үшін міндеттемелерін орындаудан бас тартты.

Қоқыс шығарылмай қалды, сондықтан тергеу изоляторы аумағында қалдықтар үйіліп қалды. Қалалық ҚАЖД басшылығы түрменің уақытша басшысы Ринат Ахметжановқа ескерту жасады. Мәселені шешу үшін подполковник сотталған Әзімбек Құдайқұловты тартты. Ол изоляторда денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін жазасын өтеп жатқан. Оның мерзімі қысқа – үш жыл, сондықтан оны шаруашылық қамтамасыз ету отрядына қабылдады.

Әзімбек Құдайқұловтың таңдалуының себебі, ол бұрын арнайы техниканы ұсыну қызметінде жұмыс істеген. 2024 жылдың 16 мамырында Ахметжанов оны кабинетіне шақырып, изолятор аумағынан қоқысты шығару үшін арнайы техниканы өз бетінше табуды талап етті, жүргізушілермен есеп айырысуды бұйырыпты-мыс. Әйтпесе, оны басқа өңірге ауыстырамын деп қорқытқан екен.

Сот үкіміне қарасақ, Құдайқұлов сол күні таныстарына телефон шалып, олардың қолында өзі түсіретін жүк көлігі, трактор және экскаватор бар екенін айтып, қалдықтарды қоқыс полигонына шығаруды сұрады. Олар арнайы техниканы КПП-ға жеткізді. Ахметжанов кезекшіге оны ҚАЖ мекемелеріне кіру ережелеріне қарамастан өткізуін бұйырды. Подполковник арнайы көліктің мекеме аумағына кіруі үшін жазбаша бұйрық беруі тиіс еді, бірақ ол тек ауызша бұйрық берді.

Жұмысшылар тапсырманы тез орындап шықты. Өз қызметтерін 130 мың теңгеге бағалады. Олармен Құдайқұловтың анасы мен әйелі есеп айырысты. Әйелдер екі траншпен өз мобильді телефондарынан жүргізушілердің бірінің анасының картасына қажетті соманы аударды.

 

Сотта Ахметжанов өз кінәсін мойындамады және 2024 жылдың 1 маусымынан бастап изолятордың уақытша басшысы болып қызмет атқарғанын түсіндірді. Ал 16-18 мамыр аралығында мекеменің режим және қауіпсіздік бойынша орынбасары болып, тәртіп пен қауіпсіздікке жауапты болған. Тұрмыстық мәселелермен, оның айтуынша, мекеменің жалпы мәселелер бойынша орынбасары айналысқан. Құдайқұлов Ахметжановты жек көрген соң, оған жала жапқанын айтты.

Ал Құдайқұлов, сотта айыптау жағынан басты куәгер ретінде сөз сөйлеп, Ахметжановтың оған тыныштық бермегенін, қоқысты шығару үшін арнайы техниканы табуды және жүргізушілермен өз қалтасынан ақша шығарып, есеп айырысуды талап еткенін мәлімдеді.

Тыйым салынған заттар

Енді қызық басталады. Қоқыстың ішінен бақылаушылар 12 телефон тауып алған. Мұны білген подполковник Ахметжанов төрт қызметкерін жұмыстан шығарды. Әңгімеден кейін Құдайқұловты басқа кабинетке апарып, бірдеңені сыбырлады. Әзімбек Құдайқұлов арыз жазамын деп қорқытқанда ғана олар сабасына түсіпті.

2024 жылдың 20 мамырында түрмеге адвокат шақырылған. Тараптар келісімге келген. Егер Әзімбек Құдайқұлов шағымданбайтын болса, оны қоныс-колонияға ауыстырамын деп сөз берген. Кейін ол расында Алматы облысындағы Заречный ауылындағы 49-шы ең жеңіл қауіпсіздік жүйесі бар колонияға ауыстырылған. Алайда сотталған адам бәрібір ҰҚК-ге арыз жазып, подполковник Ахметжанов пен жедел қызметкерлерді өкілеттігін асыра пайдаланды деп айыптаған. 2024 жылдың 24 шілдесінде комитет қызметкерлері Ахметжановты қамауға алып, ҰҚК-нің тергеу изоляторына қамаған. Осылайша «қоқыс» ісі пайда болды.

Куәгерлердің соттағы сөздері әртүрлі болды.

Біреулер Құдайқұловтың №72 мекеменің жедел бөлімінде соққыға жығылғаны және Ахметжанов тарапынан психологиялық қысым болғаны туралы мәлімдемесіне күмәнмен қарады. Басқалары, керісінше, оны толықтай қолдады.

Біз Түрксіб аудандық сотының үкімін басынан аяғына дейін оқып шықтық, тергеу изоляторында коммуналдық мәселелер қалай шешілгенін және не себепті оның аумағына ұялы телефондар тиелген жүк көлігі кіріп кеткенін түсіну үшін істі сараладық. Алайда бәрі оңай бола қоймады.

Сұралған түрме қызметкерлері сотта 2024 жылдың мамыр айының ортасында мекеме аумағына арнайы техниканың расында кіргенін растады.

Алайда бұл туралы келушілер есебінің журналына неге жазылмағанын, олар есіне түсіре алмады. Нұсқаулық бойынша, уақытша ұстау изоляторының аумағына кіретін кез келген көлік міндетті түрде тіркелуі тиіс. Бірақ бұл жолы ол не себепті жасалмағаны түсініксіз.

Қоқыс шығару мәселесіне келсек, бұл жерде мүлде «қара құрдым» пайда болған. Мекеме бастығының орынбасары Мұрат Кәкімжанов сотта 2022 жылы түрме мен «Алматы Тазалық» АҚ арасында қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару туралы келісімшарт жасалғанын айтты. Кейін басқа коммуналдық компания пайда болған, бірақ ол оның атын есіне түсіре алмады. 2024 жылдың 16 және 18 мамыр күндері Кәкімжанов отбасындағы жағдайларға байланысты жұмыста болмаған, сол себепті ол күндері не болғанын білмейді.

Сотқа қалалық ҚАЖ департаментінің жаңа басшысы шақырылды, бірақ ол да өз қызметкерлері сияқты сөзге сараң болды. Куәгер Ахметжанов тарапынан заңсыз әрекеттерді байқамағанын айтты. Ол қоқыс шығару дауына байланысты қызметтік тексеру жүргізілгенін есінде сақтапты, бірақ нақты кім жазаланғаны есінде жоқ.

СИЗО-дағы жағдайды жақсы білген жалғыз адам басты куәгердің туған ағасы Мұқағали Құдайқұлов болса керек. Ол сотта 2023 жылдан бастап інісі Әзімбек және түрмеден қоқыс шығаратын арнайы техника жүргізушілері жиі хабарласқанын айтты. Олар көрсеткен қызметтері үшін ақша сұрап отырған, ал ол үнемі 60 мың теңгеден аударып тұрған.

Мұқағалидің айтуынша, оған ақшаны қайтарамыз деп уәде берген, бірақ ақыры қайтармаған.
Бастапқыда сотталған інісі СИЗО басшылығына жиі шағымданатын. Алайда уақыт өте келе жағдай түбегейлі өзгерген. Әзімбек қоқысты үнемі шығаратын болғаннан кейін, оның ұсталуының шарттарына жеңілдіктер жасалған. Туыстары оны жиі көріп тұратын. Екі айда бір рет қана келуге рұқсат берілгеннің орнына, олар әлдеқайда жиі келген. Бұдан бөлек, Әзімбек кейде азық-түлікке ақша сұрап отырған. Мұқағали кейде тамақ салынған пакеттерді беріп жіберген, бір жолы оларды такси арқылы жіберген.

 

Мұқағали Құдайқұловтың куәлік етуі бойынша, түрмеден қоқыс шығарудың «көлеңкелі» сызбасы айыптау актісінде сипатталған оқиғалардан әлдеқайда бұрын пайда болған.
Алайда, неге екені белгісіз, судья қаладағы ҚАЖ департаменті басшысының атына заң бұзушылықтарды жою туралы жеке қаулы шығарған жоқ.

2025 жылдың 13 наурызында үкім жарияланды. Айыпталушы Ринат Ахметжанов ҚР ҚК 362-бабының 4-бөлігі «Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» бойынша кінәлі деп танылып, алты жылға жалпы режимдегі колонияға сотталды. Сонымен қатар, ол әділет подполковнигі атағынан айырылып, өмір бойына мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазым иеленуге тыйым салынды. Ахметжановтан жәбірленушілерге  20 АЕК өтемақы және іс жүргізу шығындарын жабу үшін 117 374 теңге өндіріп алынды.

Айта кету керек, ҚК 362-бабының 4-бөлігі бес жылдан он жылға дейінгі бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу жазасын көздейді. Ахметжановқа салыстырмалы түрде жеңіл жаза тағайындалды. Сот оның кінәсін ауырлататын мән-жай ретінде антты бұзуды, ал жеңілдететін мән-жай ретінде — кәмелетке толмаған балаларының болуын ескерді.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Айыпталушының қорғаушылары Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына аппелляциялық шағым түсірді. Тағдыр тәлкегімен 2025 жылдың 2 сәуірінде Ахметжанов ҰҚК тергеу изоляторынан өзінің «таныс» №72 мекемесіне ауыстырылып, апелляциялық сот шешімін сол жерде күтіп жатыр.

Екінші тарап

Біз үкімге қатысты отбасының пікірін білу үшін айыпталушының қызы Құндыз Ахметжановамен сөйлестік.

«Біз соттың шешімімен келіспейміз. Біз сот отырыстарының бәріне қатыстық және бәрі біздің пайдамызға шешіледі деп ойладық. Бас куәгердің жауабы екіұшты болды, ал басқа куәгерлер бұрынғы сөздерінен бас тартты. Сондықтан біз ақтау үкімін күткенбіз. Бірақ айыптау үкімін естігенде, төбе шашымыз тік тұрды. Әділет үшін күресеміз, себебі менің әкем ешқандай қылмыс жасаған жоқ!», – дейді Құндыз Ахметжанова.

Айыпталушының қызының айтуынша, айыптау актісінде шындыққа жанаспайтын мәліметтер бар, бірақ сот оларды тексермеген. Ал дәл сол деректер қылмыстық істі қозғауға негіз болған.

«ІІМ ҚАЖК төрағасының бұйрығымен менің әкем Ринат Ахметжанов 2024 жылдың 1 маусымынан бастап мекеме бастығының міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалды. Алайда айыптау актісі мен үкімде басқа күн, 16 мамыр көрсетілген. Ол коммуналдық-шаруашылық мәселелермен айналыспаған, өйткені бұл басқа орынбасардың құзыретіне кіретін. Әкем жедел бөлім мен режим бөлімі жұмысына жауап берді және заң мен тәртіп бұзушылықтарға байланысты қызметтік тексерулер жүргізіп отырды. Біз, балалары, оны үйде сирек көретінбіз, өйткені ол үнемі жұмыста болатын», – деді Құндыз.

Құндыздың айтуынша, әкесі ІІМ ҚАЖ жүйесінде 20 жыл қызмет еткен. Зейнетке шығуға толық құқығы болғанымен, қызметте қалуды жөн көрген. Әріптестері оны жауапкершілігі бар, тура мінезді және басқару қабілеті жоғары маман ретінде сипаттайды.

 

Ахметжановтың достары мен бұрынғы әріптестері де бізбен әңгімелескенде оның неге мұншалықты қатаң жазаланғанын түсіне алмағандарын айтты.

Олардың айтуынша, Ринат 45 жасына дейін жеке баспанасы болмаған, әйелі және төрт баласымен пәтер жалдап тұрған. Сондықтан олар оны жемқор деп есептемейді. Айыпталушының бұрынғы әріптестері өз есімдерін атамауды өтінді, ал кейінірек біз Ахметжановтың мәжіліс депутатына жазған хаты арқылы олардың неліктен алаңдағанын түсіндік. Олар пікір білдіргенде қысқа қайырды.

«Егер нақты қарайтын болсақ, Ринаттың әрекеті қылмыстық құқық бұзушылықтан гөрі тәртіптік теріс қылыққа көбірек ұқсайды. Бірақ, өкінішке қарай, біреу басқаша шешім қабылдаған. Қазір екінші орынбасарға қатысты да ҚК-нің өкілеттікті асыра пайдалану бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. ҰҚК тергеушілері Ринатқа қатысты эпизодты жалпы істен бөліп алып, Түрксіб аудандық сотына жолдаған. Біз апелляциялық инстанция бұл істі әділ қарайды және оны ақтайды деп үміттенеміз», – дейді айыпталушының достары.

Айыпталушының өз пікірін біз оның мәжіліс депутаты Абзал Құспанға жазған хатынан білдік. Ахметжанов бұл халық қалаулысымен Қаңтар оқиғасынан кейін ҚАЖ мекемесінің тергеу изоляторына келіп, ұсталғандар мен олардың туыстарының шағымдарының негізділігін тексеру кезінде білгені белгілі болды. Енді бұрынғы подполковник өзі депутаттан көмек сұрап отыр.

Айыпталушының мәжіліс депутатына жолдаған хатына қарасақ, ол № 72 мекемеде не болып жатқанын тек қамауға алынғаннан кейін ғана білген. Оның айтуынша, әріптестері сотталғандарды заңсыз жұмысқа тартқан және қоймадан тұтқындарға арналған азық-түлікті ұрлап отырған. Осы себепті ҰҚК қызметкерлері түрмедегі барлық лауазымды тұлғаларды сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қатысы бар-жоғына тексерген. Ендеше, неге дәл осы адам олардың назарына іліккен? Ахметжанов өзінің бастан кешкен оқиғаларының жай-жапсарын баяндайды.

«2023 жылдың желтоқсанында мен мекеме бастығының міндетін атқарушы ретінде тінту шаралары барысында ұсталушылардан ұялы телефондарды тәркілегенмін. Осыдан кейін қалалық ҰҚК-нің бесінші басқармасының қызметкері маған хабарласып, тәркіленген телефондардың бір бөлігін қайтарып беруімді өтінді. Себебі олардың оның таныстарына тиесілі екенін алға тартты. Мен сыпайы түрде бас тартып, телефондардың жойылғанын түсіндірдім. Бірақ ол қайталап сұрап, орнына басқа телефондар беруді өтінді. Мен тағы да бас тарттым», — деді Ахметжанов.

Уақыт өте әділет подполковнигі арандатудың құрбанына айналды. Белгісіз «жақсылық тілейтіндер» оның ұялы телефонының балансына 300 мың теңге аударған.

«Мен бұл туралы бірден басшылыққа хабарлап, Түрксіб аудандық полиция басқармасына арандатуға қатысты арыз жаздым. Полицейлерден кімнің ақша салғанын анықтап беруді өтіндім».

Кейін оқиғалар күтпеген бағытта өрбіді. Мұны Ахметжанов өзі былай сипаттайды:

«2024 жылдың 9 маусымына қараған түні ҰҚК қызметкерлері мені қала орталығына кездесуге шақырды. Кездесу түнгі сағат бірге дейін ҰҚК тергеу басқармасының кабинетінде болды. Олар менен мекеме басшысын ҚАЖ департаменті басшысына жала жабуға көндіруді сұрады. Мен одан бас тарттым... 2024 жылдың 24 шілдесінде мені қызметтік кабинетімде қамауға алып, ҰҚК тергеу изоляторына қамады. Тергеушілер жеке әңгімеде кінәмді мойындауымды сұрап, жаза жеңілдетілетінін және қалаған сот шешімі қамтамасыз етілетінін уәде етті».

 

Ахметжановтың айтуынша, оның қорғаушылары сотқа кінәсіздігін дәлелдейтін барлық қажетті айғақтарды ұсынған. Куәгерлер де оның заңсыз әрекеттерге бармағанын растаған. Алайда сот айыптаушы тараптың ұстанымын қолдап, шешім шығарған. Сондықтан айыпталушы мәжіліс депутатына көмек сұрап жүгінеді.

«Әділдікке жалғыз өзім қол жеткізе алмаймын ба деп қорқамын. Мен қандай да бір кісі өлтіруші немесе қарақшы сияқты нақты алты жылға бас бостандығымнан айырылдым. ҰҚК кейбір қызметкерлерінің осындай «арнайы іс-шараларының» салдарынан менің бұрынғы қызметтік орным СИЗО-да сегіз айдан бері бос тұр. Бұл қызметке ұсыныс түскен бірнеше адам менің жағдайымды қайталаймыз ба деп қорқып, одан бас тартқанын нақты білемін... Сізден маған көмектесуді сұраймын. Қажет болған жағдайда мен кінәсіздігімді дәлелдейтін барлық материалдарды ұсынуға дайынмын», – деп қорытындылайды Ахметжанов.

Оның хаттарын оқығаннан кейін ғана біз не себепті оның бұрынғы әріптестері ашық түрде қолдау білдіруден бас тартатынын түсіндік. Олар, сірә, Ахметжановтың айтуынша, сот үкімін алдын ала шешуге қауқарлы кейбір комитет қызметкерлерінің арандатуы мен кек қайтаруынан қорқатын сияқты.

Редакциядан

ҚАЖ жүйесіндегі тергеу изоляторы бастығының бұрынғы орынбасары мен оның әріптесіне қатысты «қоқыс ісіне» әркім әртүрлі көзқараспен қарай алады. Алайда ең қызықты жайт бұл істің ҰҚК-нің ұйымдасқан қылмыс пен құқық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлықпен күреске маманданған бесінші басқармасының қызметкерлерімен байланысы. Дәл осы қызметкерлерді Ринат Ахметжанов өзінің жағдайына кінәлі деп есептейді.

Біз бұған дейін ҰҚК-нің осы бөлімінің екі жедел қызметкерінің ІІМ ҚАЖ мекемесінің тергеу изоляторында отырған тұтқындарды «қамқорлыққа алғаны» туралы жазғанбыз. 2019–2022 жылдары олар бұл түрмені ұлттық қауіпсіздік желісі бойынша қадағалау құқығын пайдаланып, «коммерциялық камералар» орнатқан. Ортадағы делдалдарға 500 мыңнан 2 миллион теңгеге дейін «кіру билетін» төлеген сотталушылар тергеу және сот процесі кезеңінде ұялы телефон мен дәмді тамаққа қолы жетіп, шалқып жүрген. Сонымен қатар, оларды бақылаушылар тексеріп, мазаламаған. Ал СИЗО жағдайында бұл ең басты артықшылық болып есептеледі. Осы себепті тұтқындардың туыстары қамқоршы кураторларға қымбат сыйлықтар да берген.

 

ҰҚК-нің ішкі қауіпсіздік департаменті өздерінің жемқор әріптестеріне қарсы ҚР ҚК-нің 362-бабы — «Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» бойынша қылмыстық іс қозғағанда, ҚАЖ тергеу изоляторының офицерлері бұл істе айыптау тарапынан куәгер ретінде өткен еді.

Нәтижесінде, 2023 және 2024 жылдары сот бұрынғы комитет қызметкерлерін кінәлі деп танып, бес және алты жылға жалпы режимдегі колонияға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Міне енді араға екі жыл салып, түрме бастығының бұрынғы орынбасары Ахметжанов тағы бір басқарма қызметкерінің тұтқындарға «қамқорлық» көрсетіп, оларды ұялы телефонмен қамтамасыз етуді талап етіп жүргенін мәлімдеді. Ендеше, ҰҚК ішкі қауіпсіздік департаментінің басшылығына бұл ақпаратты тексеру керек шығар? Сол кезде белгілі болады. Айыпталушы ва-банкке барып тұр ма, әлде шындықты айтып отыр ма?

Сонымен қатар, ІІМ ҚАЖК-нің басқа тергеу изоляторларында қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару жұмыстары қалай болып жатқанын тексеріп шыққан да артық етпейді. Бәлкім, бұл салада да бір қылмыс ашылып қалар.

Автор: Жанар Құсанова 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар