«Кешірілмейтін іс»: Cancel culture толқыны мен Шәріп Серік
Коллаж: Orda.kz
Соңғы жылдары cancel culture біздің қоғамда да байқала бастады. Оның жарқын көрінісі — актер Шәріп Серіктің бұрынғы қызына қол көтерген бейнежазбасынан соң, жарнамалық компаниялардың келісімшарттарын бұзуы. Тіпті осы оқиғадан кейін Salem Entertainment те фильмдеріне тұрақты түсетін актерден бас тартты. Алайда, дәл біздің қоғам танымал тұлғалардың этикаға сай келмейтін әрекеттерін, заң бұзушылықтарын тез «ұмытып» кетуге бейім. Жалпы cancel culture, яғни қоғам болып бас тарту, бойкот мәдениеті түсініктерін біз қалай түсінеміз?
Orda.kz тілшісі осы мәселенің мән-жайын саралап көрді.
Танымал тұлға үшін әлеуметтік желі ебін тапса, пайдалы құрал, ал арсыз қылығы желіде жарияланса, сойып түсер қылыш екені — бәрімізге белгілі ақиқат. Қоғам болып бас тарту мәдениетін (cancel culture) көбіміз осы әлеуметтік желден естіп, түсіндік. Бұл термин қанша танымал болсаң да, заңның, қоғамның алдында бірдей екенін, істеген әрбір ісің мен отыз екі тісіңнен шыққан сөздің артында жауапкершіліктің бар екенін ұмытпау керегін ұқтырды. Дегенмен де, дәл осы қоғам болып бас тарту ұғымын әркім әртүрлі түсінеді. Бірі — қателік жасаған адамды «жермен жексен» ету керек, тіпті қоғамнан аластату керек десе, енді бірі — сабақ ретінде адам қоғам алдында өз жазасын алу керек, дегенмен «шаш ал десе, бас алғандай» болмауымыз қажет деген ұстанымда. Олар кез-келген адамның қателесетінін алға тартады. Енді осының ара-жігін ажыратып, жалпы cancel culture түсінігін қоғамға сауатты түрде қалай енгіземіз деген сұраққа жауап іздеп көрсек.
Елімізді дүр сілкіндірген оқиғаларды еске сала кетейік. «Cancel culture» — белгілі бір адам немесе бренд қоғамның қабылдамайтын сөздерін айтып, әрекеттерін жасағанда, әлеуметтік желілер арқылы оған қарсы шығу. Бұл — көбіне олардың өнімін немесе қызметін пайдаланбау. Біздің елде көбіне мұндай жағдай тіл мәселесінде және этикалық нормаларды бұзғанда сонымен қатар, зорлық-зомбылыққа қарсы туады.
Мысалы, әнші Төреғали Төреәлі қоғамда бір емес бірнеше рет заңбұзушылық жасады, этикалық нормаларға келмейтін қылықтар да көрсетті. Дәл сол кезде желідегілер әншінің әдепсіздігін бетіне басып, концертіне бармауға шақырғанымен уақыт өте келе «жабулы қазан жабулы күйінде» қалды. Иә, ол заң алдында жазасын алды. Ал қоғамның әсері бес күнге де жетпеді. Былайша қарағанда әдепсіздігін халық өзі сөкті, артынша өзі «ақтап алғандай» әсер қалдырды.
2017 жылы Төреғали Төреәлі Павлодар қаласында концерт беріп жатып, жасы үлкен көрерменін залдан қуып шығып, елді бір шулатқан еді. «Шығып кетсін бе, ағайын?» деген оның сөзі біраз мемдерде жазылып, ел арасында ұмытылмай жүрді. Сол былықтарынан кейін әнші «Қатемді кешіріңдер» деген әнін шығарды.
Осыдан бір жыл бұрынғы Jah Khalib-тің зорлық көрген қыздардың сұмдыққа тап болуы да, болмауы да өздеріне байланысты деген орынсыз пікір айтқаннан кейін желіде шу шықты. Бірақ, бәрі тез ұмытылды. Халық, ашуын тек әлеуметтік желі арқылы алды. Кисло-Сладкий және Bonah жасаған харрасмент те көпшіліктің ызасына тиді. Бұлардың көбі істеген істеріне «уақыт емші» деп үндемей құтылды. Осы тұрғыда жазушы, журналист Перизат Мырзахмет мұндай оқиғалар болғанда қоғам дұрыс реакция беруі керек деп есептейді. Жоғарыда аталған жайттарды қазіргі өсіп, санасы қалыптасып келе жатқан ұрпақ алдағы уақытта ешкімге ешнәрсені ұмыттырмайтынын айтты.
Фото: Jah Khalib Instagram
«Cancel culture» негізінен дұрыс нәрсе, бұл қоғамның ішкі түзелуі, ешқандай заң қудалауынсыз адамдардың өзін-өзі түзеуі, қоғамның реттеуі деген мағына. Бізде бұл сancel процессі ресми түрде болмаса да, ішкі тұрғыда болды. Мысалы Мақпал Жүнісованың ұзақ уақыт экранға шығартпай қойды. Бірде бір телеарнаға шығартпады. Сол кезде мен де жұрт сынды таң қалғанмын, артынша түсінгенімше бұл өздерінің ішкі бір сancel процессі екен. Ұланғасыр Қамиев пен Төреғали Төрәліні де біраз уақыт эфирден, бағдарламалар мен концерттерден де алыстатты. Тіпті жаңа жылдық шоуларда қара тізімде болған кезеңдері де болды. Жария түрдет«Шеттетеміз» деп айтпаса да, өздерінің бір ішкі тәртіптерімен халыққа оғаш қылық көрсеткендерді насихаттамаймыз деп телеарналар алып тастап отырды», — деді Перизат Мырзахмет.
Ол Шәріп Серіктен бас тартқан Salem Entertainment компаниясының келер ұрпақ дәл осы жағдайға сынмен қарайтынын біліп, келісімшартты бұзғанын атап өтті.
«Шәріптің жағдайын келер болсақ, Salem Entertainment — өте мықты команда. Олар болашақты түсініп отыр, альфа, зуммер буыны келе жатыр. Зуммерлер буыны зорлық-зомбылыққа бей-жай қарап, көздерін жұма салар ұрпақ емес. Компания да соны біліп отыр, өйткені олардың аудиториясы зумер екенін түсінді. Менің ойымша компания тарапынан дұрыс әрекет болды деп ойлаймын. Ал Шәріп бұдан сабақ алды деп үміттенемін», — деді Перизат Мырзахмет.
Фото: Перизат Мырзахмет / Instagram
Перизат Мырзахметтің айтуынша қоғам болып бас тартудың да өз ережесі бар. Мысалы, Оңтүстік Кореяның қоғам болып бас тартқанда ешкімді «аямайтынын» баяндады.
«Корей қоғамы адамды жермен жексен етіп тастайды, мүлде ешқандай мүмкіндік бермейді. Біз не дегенімен оларға қарағанда жұмсақ халықпыз, біз адамға мүмкіндік береміз. Ережесіне мысал ретінде Ресейдің тележүргізушісі Регина Тодеренко жайлы айтар болсақ, тұрмыстық зорлық-зомбылықты қолдап, аузына ие бола алмай, айтып қалған сөзі бар. Сол кезде бүкіл жарнамалық компаниялар мен басқа да келісімшарттар бұзылды. Артынан кешірім сұрап, алдағы жұмыстарының барлығын сол зорлық-зомбылыққа қарсы жасаймын деп, кінәмді жуып-шаямын деп кешірім сұрағаннан кейін ғана қоғамның оған беті бұрыла басталды. Қоғам болып бас тартудың негізгі формуласы осындай болу керек», — деді Перизат Мырзахмет.
Перизат Мырзахмет «жығылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» екенін айтып, дегенмен қоғам ретінде біздің үндемей қалмауымыз керек екенінді атап өтті. Оның айтуынша болашақ ұрпақ, зумерлер ештеңені ұмыттырмайды.
«Шәріптің жағдайында бүкіл келісімшарттан айырылды. Бірақ, бұл «оның болашағына балта шабылды, енді ол актер бола алмайды» деген сөз емес. Қоғам болып бас тартудың қалай жұмыс істейтінін халық енді түсініп жатыр. Бұрынғы кейстердің барлығы ұмыт болғанымен, болашақта зумерлер буыны оған мүмкіндік бермейді ұмыттыруға. Ең бастысы шектен шықпау», — деді Перизат Мырзахмет.
Бір жағынан қарасаңыз, қазіргі кезде адамға байкот жариялау да өте оңай. Көп жағдайда бұл үрдіс кінәлі адамның дәрежесі мен қылмыстың ауырлығына қарай зілді болады. Instagram-да айыптаушы пост жазса, кінәлі адам қоғамның «қаһарына» ұшырайды. Ал ондай тұлғамен жұмыс істеу брендтердің имиджін түсіріп, шығынға ұшыратуы мүмкін. Сондықтан жарнама берушілер көбінесе айыпталған танымал адамдармен серіктестік немесе жарнама келісімшартын тоқтатуға тырысады. Дәл осындай жағдай актер Серік Шәріпке қатысты болды. Salem Entertainment пен басқа да жарнамалық компаниялар келісімшартты бұзды. Тіпті 10 сәуірде киноэкрандарға шыққалы жатқан «Патруль» фильміндегі ол түскен сахналар да алынып тасталды. Актер өзі парақшасында бұрынғы қызы мен көпшіліктен кешірім сұраған бейнежазбасын жариялап, кейіннен өшіріп тастады. Артынша актер сот шешімімен 73-баптың 1- бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 5 тәулікке қамауға алынды.

Orda.kz Salem Entertainment PR директоры Ролан Рысбаевқа хабарласып көрді. Рысбаевтың айтуынша, компания қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінді.
«Заң мен қоғамның алдында бәрі бірдей болған соң, біз солай шештік. Шәріп Серікке қатысты бізде тұрақты бір әріптестік келісім жоқ. Ол басқа актерлер сынды жобалардың бәріне кастинг арқылы өтіп отырған. Қоғам болып бас тарту мәдениетіне келсек, біздің бір адамды жоққа шығарайық деген ниетіміз болған жоқ. Актермен келісімшартты бұзғанда біздегі ниет — ол қоғам алдындағы жауапкершілік мәдениетін сақтау болды. Сонымен қатар, біздің тараптан зорлық-зомбылыққа қатысты ұстанымды көрсету болды. Әрине, бұл оңай шешім емес, бірақ қоғам алдында жасауымыз қажет екенін түсіндік. Үлкен экранға шыққалы жатқан фильмді тоқтатып, әлдеқашан Шәріп Серікпен түсіріліп қойылған сахналарды қиғанда шығынға ұшыраймыз. Бірақ, біз компания ретінде сондай бір шешімге келдік», — деді Рысбаев.
Болашақта актермен келісімшартты қайтадан жаңғыртасыз ба деген сұрағымызға, оны ешкім білмейді деп жауап берді.
«Қазір заман өзгеріп жатыр, қоғам болып бас тарту процесінің негізгі мақсаты адамды жоқ қылу емес бұл шектен шығып кеткен әрекетіңе қашанда сұрау бар екенін ұмыттырмау. Сондықтан адам өз ісінің салдарынан зардап шеккісі келмесе, онда өзгеге тіліңмен де, жұдырығыңмен де зияның тимеуі керек», — деді Salem Entertainment PR директоры.
Шәріп Серік өзінің бұрынғы қызына қол көтерді. Қоғамда, әсіресе, әйел адамға көрсетілген зорлық-зомбылықты құлақ естіп, көз көріп жүр.
Медиа және кинотанушы, журналист Молдияр Ергебековтің айтуынша, қазіргі қазақ қоғамында танымалдық – жазадан құтылудың құралына айналған. Қанша тентектік жасаса да, атағы бәрін жуып-шайып береді деген сенім бар. «Мұндай жағдайларды қоғам көбіне «еркелік» ретінде қабылдайды.
Фото: Молдияр Ергебеков
«Біз танымал болуды культке айналдырып алғанбыз. Абайдың дана сөзінде де осындай жағдайларға қатысты кейбір мақалдардың мағынасы сынға алынған: «атың шықпаса, жер өрте», «есектің артын жусаң да, мал тап» дегендей. Яғни, бізде «танымал болсаң, саған бәрі рұқсат» деген қате түсінік қалыптасқан. Бұл — қауіпті тенденция. Бұған жаһанданудың да әсері бар деп ойлаймын. Әлемге танымал адамдар қанша «тентектік» жасаса да, олардың танымалдығы сол әрекетті ақтап алатындай жағдай жасап береді. Сонымен қатар, мұндай әрекеттер тек мәдениет саласында емес, саясатта да кездеседі. Кейбір депутаттар танымалдығын пайдаланып, фейк ақпарат таратады. Бірақ соған қарамастан қоғам оларды кешіріп, тіпті суретке түсіп, парақшаларына салып мәз болады. Жалпы айтқанда, біздің мәдениетімізде күштінің алдында бас ию, күшке табыну бар. Біз танымал мен беделдінің жанында болуды мақтан тұтамыз, ал әлсіз болу — қорқынышты нәрсе сияқты қабылданады», — деді Ергебеков.
Жұрт болып бір ауыздан қарсылық көрсету – бұл қоғамның өзін-өзі қайта тәрбиелеуі. Бұл үрдістің сәтті жүруі үшін оның белгілі бір ережелері, әділдік пен дәйектілікке негізделген ұстанымдары болуы тиіс. Адамның танымалдылығы не дәрежесі оған жеңілдік бермеуі керек. Қоғам болып айтылған қарсылық — нақты әрекетке ұласқанда ғана жемісін береді.
Жаңалықтар
- Қазақстанды қандай идеология дамытады? Ерлан Қарин мақаласында нені меңзеді?
- Бакиев жақсы тұрып жатыр, біз оны сіздерге бермейміз – Лукошенко
- Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермакқа тінту жүргізілді
- Қазақстанда зергерлік бұйымдарды ұрлап, ізін суытқан әйел Стамбұлда ұсталды
- «Алмас менің жүрегімде»: марқұм Алмас Шахимовтың ісіндегі айыпталушы соңғы сөзін айтты
- «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорында 122 млрд-тан астам бұзушылықтар анықталды
- №2 перзентхананың дәрігері өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды
- Елімізге танымал спорт журналисі өмірден озды
- Прокурор «Қазақтың Робин Гуды» Ілияс Сәриев пен оның серіктесін 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады
- Темірлан Еңсебекке тағы бір айып тағыла ма? Qaznews24 әкімшісін прокуратура қайта шақырды
- «Талғар — ең қауіпті аудан емес»: Сұлтанғазиев өңірдегі қылмыс туралы айтып берді
- Солтүстік Корея мектептерінде орыс тілі міндетті пән болып енгізілді
- Жаңа парламентті Мәулен Әшімбаев басқара ма?
- Жамбыл облысында сәлем салудан бас тартқан келін дөрекі сөйлеген күйеуін сотқа берді
- Тоқаев ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шағын құрамдағы отырысына қатысты
- Тасмағамбетовтың қызметтегі соңғы күні: ҰҚШҰ-ның бұрынғы бас хатшысы енді қайда барады?
- «Тасмағамбетов кетіп, Масадықов келді»: Бішкекте ҰҚШҰ-ның жаңа бас хатшысы тағайындалды
- «Бәрі террорист емес»: Әміржан Қосанов Тоқаевты сынап ашық хат жолдады
- Алғабастағы өрттен жапа шеккен жеті жастағы қыз әлі өте ауыр күйде жатыр
- Құлағы нашар еститін жүргізушіге жол ақысын төлемей кеткен жолаушы табылды