Қазақстан шекарасындағы кезек — Қаржы министрлігі қосымша төлем арқылы жылдам өткел ұсынбақ

cover Фото: centralasia.news

Қаржы министрлігі Қазақстан шекарасы арқылы көлік, жүк және тауар өткізуге арналған электронды кезек жүйесіне өзгерістер енгізу ұсынды, деп хабарлайды Orda.kz.       

Тиісті жоба «Ашық НҚА» порталында жарияланып, 14 шілдеге дейін көпшілік талқылауында болады. Түсіндірме жазбада көрсетілгендей, жаңа ережелер шекарадағы жағдайды реттеуге көмектесіп, кезектерді қысқартуға, көлік өткізу процесін жеделдетуге және брондау кезіндегі алыпсатарлықты жоюға бағытталған.

Өзгерістердің негізгі бағыттары:


🔸 Жалған мәлімет пен келмей қалу үшін жаза: бронь жасап, бірақ келмеген немесе жалған ақпарат енгізген қолданушылар жүйеден бұғатталады.

🔸 Кепілдік жарна енгізу: шекарадан нақты өткен жағдайда ғана жарна қайтарылады.

🔸 Күту аймақтары: әкімдіктер шекара бекеттері маңында арнайы тұрақ орындарын ұйымдастыруға міндеттеледі. Бұл жол бойындағы көліктердің жиналып қалуын азайтуға бағытталған.

🔸 Ақылы жедел өту: кезексіз режимнен бөлек, жылдам өткізуге арналған ақылы опция енгізіледі.

🔸 Арнайы жүктерге бөлек слоттар: тірі жануарлар, тез бұзылатын және қауіпті жүктері бар көліктерге жеке уақыт аралығы бөлінеді.

🔸 Деректерді нақты есепке алу: база жұмысы (сақтандыру, VIN-код және т.б.) мен фотофиксация жетілдіріледі.

🔸 Брондауға шектеу: алдын ала және шамадан тыс брондауға тыйым салу ұсынылады, бірақ бір өтінім шеңберінде уақытты ауыстыруға рұқсат беріледі – бұл қолайлылық пен теріс пайдалану арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған.

«Жоба құқық қолдану тәжірибесі, тасымалдаушылардың өтініштері және қолданыстағы заңнама негізінде әзірленген»деп жазылған түсіндірме жазбада.

Министрлік жаңа шаралар шекарадағы өткізу бекеттерін жеңілдетіп, бизнес шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді деп есептейді.

Айта кетейік, бұған дейін жүргізушілер CarGoRuqsat қосымшасының тиімсіздігі туралы бірнеше рет шағымданған болатын, себебі соның салдарынан жүк көліктері шекарада ұзақ кідіріп қалған.

Еске сала кетсек, Ақтөбеде жүргізуші жол жүру ережесін 131 рет бұзып, 3,5 миллион теңге көлемінде айыппұл арқалады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар