«Каспий» футбол клубының бұрынғы директорына қатысты тергеу басталды

cover Фото: freepik.com

Маңғыстау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Каспий» футбол клубының бұрынғы директоры мен деструктивті діни ағым өкілдеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады, деп хабарлайды Orda.kz сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметіне қарасақ, тергеу барысында аса ірі көлемде ақша талап ету және күш қолдану фактілері анықталған. Қазіргі уақытта күдікті деп танылған үш адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сонымен қатар, бұрынғы директордың команданың оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру үшін бөлінген бюджет қаражатын жымқыруға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

«Олар зорлық-зомбылық қолдана отырып, аса ірі мөлшерде ақша бопсалады деп күдіктелуде. Маңғыстау облысы прокуратурасының үйлестіруімен үш күдікті ҚПК-нің 128-бабы негізінде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта бұрынғы директордың оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру үшін футбол клубына бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактілеріне қатыстылығы тексерілуде», деп хабарлады сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі. 

Айта кетейік, бұған дейін «Каспий» футбол клубының бұрынғы басшысы мен оның екі сыбайласына бопсалады әрі қаражатты жымқырды деген айып тағылған болатын.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар