Кәсіпкерлер ел экономикасына қаржы құю керек – Тоқаев

cover Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев капиталын заңдастырғысы келетін кәсіпкерлер ел экономикасына міндетті түрде қаржы құю керектігін баса айтты.

Бұл туралы Тоқаев өз жолдауында хабарлады.

Тоқаев өткен жылы кәсіп иелерімен өзара келісімге келгенін,  яғни «капиталды заңдастыру» үшін міндетті түрде ел экономикасына қаржы салу қажет болатынын айтты.

«Ең бастысы, салынған қаржы ел игілігіне жарауы керек. Бұл талапты нормативтік тұрғыдан бекітіп алу қажет. Тиісті тізілімге енгізілген кәсіпкерлермен келісім жасаған кезде мемлекетке қайтарылатын активтерді «заңсыз» деп танымау туралы норманы бекітуге болады. Бұл – шын мәнінде, ірі кәсіп иелерінің мүддесіне сай келетін маңызды қадам. Бірақ кәсіпкерлер де қаржыны республикалық бюджетке аудару мәселесіне келгенде Үкіметпен және Бас прокуратурамен тығыз байланыста жұмыс істеуге тиіс. Бұл – әр теңге үшін саудаласпай, қажетті шараның бәрін өз еркімен жасау керек деген сөз», - деді Тоқаев жолдауында. 

Нақтырақ айтсақ, бизнесмен осы елдің азаматы ретінде мектеп, аурухана, стадион, музей және басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар салуға қомақты қаржы бөлуге міндетті.

«Мұндай кәсіпкерлердің есімі жомарт жандардың «алтын тізіміне» жазылады. Ал одан бас тартқан немесе сөзбұйдаға салған кәсіпкерлерге қатысты әңгіме басқаша болады», – деп қосты президент.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар