ХҚКО маңындағы «көмекшілер» сан соқтырмасын

cover

Мамандар «көмекшілердің»  арбауына түсіп, үйіңіз бен көлігіңізден  айрылып қалуыңыз мүмкін екендігін ескертеді.

Олар азаматтардың электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы жеке деректерін иеленіп алуы мүмкін дейді. Ал, Елорда тұрғындары сырттағы көмекшілердің көбеюіне қызмет көрсету орталығындағыларды кінәлап отыр.

Алаяқтар Халыққа қызмет көрсету орталығына кезекте тұрғандарға «шаруаңды тез шешіп берем» деп өз қызметтерін ұсынуда.  Асыққандар осындайға тез көне салады. Дегенмен құжат құпияларын танымайтын адамға бере салу дұрыс емес.  

— Олармен біз күресіп жатырмыз. ХҚКО ішінде өзіне өзі қызмет көрсету орны бар. Онда адамдарға көмектесеміз. Оларға жүгінген азамат өзінің ЭЦҚ-ны сеніп тапсырады. Ал ол барлық ақпарат арқылы өздері операция жасауы мүмкін. Үйге тіркеуі, т.б. Бұл дұрыс емес. Даладағы адамдарға жақындамауды өтінеміз, –дейді халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Бауыржан Бектұрсынов.

Алайда тұрғындардың айтуынша  орталықтардың кезекті брондау жүйесі бірізді емес. Алдын ала жазылған күннің өзінде ұзын-сонар кезекке тұрып қана кіре аласыз дейді тұтынушылар.

— Мен қызмет көрсету орталығына екі апта бұрын жазылғанмын. Алайда мында ұзын-сонар кезек. Маңайда жүрген бірнеше адам цифрлық қолдаңба жасап, үйге тіркеймін деп қасыма келді. Әрине, бұл адамдар ол қызметі үшін ақша алады. Бірақ мен өзіме ғана тиесілі құжаттарды бөтен адамдарға сеніп тапсыра алмаймын, – дейді қала тұрғыны Павел Коханец.

Негізі 700-ден астам қызмет тегін көрсетіледі. Оның 90%-і электронды түрде жасалады. Яғни оны үйде отырып-ақ істеуге болады. Алайда халыққа қызмет көрсету орталықтарының маңын торуылдаған «көмекшілердің» айтқанына сенетіндер де табылады. Бейтаныс адам электронды цифрлық қолтаңбаны ашу арқылы кез келген азаматтың дербес деректеріне оңай қол жеткізе алады. Киберқауіпсіздікті зерттеушілердің айтуынша, тіпті атыңыздан онлайн несие рәсімдеуі де мүмкін.

— Сіз алаяқтарға өзіңіз туралы барлық ақпаратты өз қолыңызбен беріп тұрсыз. «Көмекшілер»  сіз туралы дербес деректерді жинай алады. Электронды цифрлық қолтаңбаңызды олар өздері ашып бергендіктен барлық деректерді біліп отырады. Телефон арқылы өзін банк қызметкері немесе полиция ретінде таныстыратындар да көбейді. Олар атыңызға несие рәсімдеп алуы да мүмкін. Сондықтан бейтаныс адамға құпия құжаттарды бермеген жөн, – дейді  киберқауіпсіздік бойынша сарапшы Иван Филко.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар