Дастан Әділбайдың әкесі: баламның әрекетіне дұрыс баға берілмеді

cover

Бір жыл бұрын «Қаңтар қасіреті»  оқиғасы кезінде Жамбыл облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитеті антитеррорлық орталығының бастығы Дастан Әділбай оқ жарақатын алып, ауруханада көз жұмды. 

«Қанды қаңтар» оқиғасына бір жыл өткенде, осыдан бір жыл бұрын оқиға ортасында қаза болған Дастан Әділбайдың әкесі Әділбай Сәрсенұлы қариямен жүздесіп сұхбаттасудың реті келді. 

— Баламның қайтқанына тура бір жыл болды. Қазаның ауыртпашылығын көтеріп келе жатырмыз. Ең қиыны баланың әкеден бұрын қайтуы екен, өте ауыр тиді. Баламның қазасынан соң бір ауырып тұрдым, осы күнге жеттік әйтеуір. Бір ай бұрын баланың жылын өткіздік. Менің ұлымды атқан адам қазір түрмеде жатыр, сараптама жүріп жатыр деп айтқан болатын, - дейді қайғыдан қан жұтқан әке.

Әділбай асақал іспен жәбірленуші ретінде танысқанын айтады. Сол кезде ғана барлық істің мән-жайынан толық мәлімет алған. Ол кісінің айтуынша, қаңтардың 5-нен 6-на  қараған түні ҰҚ департаменті ғимаратына үш мәрте шабуыл жасалған,  300-ге жуық адам болған. Қақпаны балгаркамен кесіп жатқан адамдар камераға түсіп қалған. Ішінде қарулысы бар, қарусызы бар. ҰҚК қызметкерлері терезеден оқ ата бастағанда ғана адамдар қақпаны тастай салып, кері  қашқан.

Олардың беті осылай бір қайтарылады. Одан кейін тағы екі мәрте шабуыл жасалады. Сағат кешкі төртке қарай бұларға көмекке әскери бөлім қызметкерлері келеді. Брондалған машинада  жиырма шақты солдат пен командирі бар. Сол кезде бұлар сыртқа шығады.

Әділбай Сәрсенұлының айтуынша, ол кісінің баласы да сыртқа шыққан. Бұрышта екі адам атысып жатқан. Солардың ортасында тұрған баласына оқ тиеді. 

— Солай болды, менің балам қаза тапты. Іле-шала мемлекет бәріне бірдей марапат жасап жатыр. Көбін «Айбын» орденімен марапаттады. Менің айтайын дегенім, бұл мекеме стратегиялық өте манызы бар, құпия мекеме. Адамдар қалай Ішкі істер департаментін басып алады?  1500 қару ұрланып, үлкен шығынға ұшырады. Бұл деген үлкен қасірет, - дейді ақсақал.

Сонымен қатар ол кісі түнгі уақытта комитеттің алдында, мезгілсіз уақытта көліктер көбейіп кеткенін еске алады.

— Түн ортасы,  комитеттің алдынан машиналар ары-бері өтеді. Бүкіл қаланың бәрі тыныш жатқанда бұлар кімдер? Тексеріп жатқан бір адам жоқ. Бір полиция жоқ. Ол жаңағы бүлікшілер. Төрт-бес машина қарама-қарсы жүйіткіп жүр. Оның бәрі камерада көрініп тұр. Бұл жерде оларды басқаратын адам бар. Солардың басқаруымен органға шабуыл жасап,  басып ала алмады. Әскерилер қарсы шықты, олармен атысты, - деп баянндады кісі.

— Балаңыздың не үшін сыртқа шыққандығы туралы айтылмаған ба? 

— Ол туралы жазылмаған. Сыртқа шығармау керек еді. Қараңыз енді сол мекемені аман алып қалды, жаудың қолына бермеді. Полиция масқара болды, ұят болды мүлдем. Бүкіл халықтың алдында масқара болды. Комитет аман алып қалды, - дейді  Әділбай Сәрсенұлы.

Дастан Әділбай облыс бойынша ҰҚК департаментінің терроризмге қарсы бөлімнің бастығы болған.

— Оның қол астында бірталай  адам бар. Егер жеке басын ойласа, патриоттық сезімі болмаса соларды жұмсап, өзі шықпайтын еді ғой. Оқтар оңды-солды ұшып жатты, қарама қарсы үйлерді қараңыз шұрық-тесік. Брондалған машиналардын бәрі тесіліп қалды. Соған қарамай, басын өлімге тігіп, сол жерде қайтыс болып отыр ғой. Бұл деген ерлік қой. Бір мекемені аман алып қалды. Жанын қиды. Сондағы бергендері «Айбын» деген орден. Мен сізге айтайын, ол орден құқық қорғау органдарының, ҰҚК бастықтары мен олардың орынбасарларында бір емес, екеуден бар. Олар басын өлімге тікпей-ақ, алып отыр. Баламның ерлігіне әлі әділ баға берілмеді. Әлі де зерттесін. Айтатыным сол, берілген  марапаты ерлігіне сай емес, - дейді қария.

Ол кісінің айтуынша ұлына  Қаһарман немес  Батыр  атағын беру керек еді. Сонымен қатар ол кісі бұл істе марапаттаудың саяси астары бар ма, деп ойлайтынын да жасырмады. Дегенмен, ерлік жасаған Отанын қорғаған қазақтың бәріне берсін, қызғанбаймын, деп отыр.

Баласының қазасы жанына батқан әке мұң-мұқтажын айтуға президенттің қабылдауына кірмекші болып, арыз да қалдырып кетіпті. Сол себепті 26 желтоқсанда Астана қаласына барған.

— Сөйтіп президент аппаратының арыз қабылдайтын жеріне бардым. Ол жерде Жайсаңбаев деген кісі бар екен, президенттің көмекшісі. Соған жазыңыз, қабылдайды деді. Солай жазып, арызымды тастап кеттім. Оның көшірмесін ҰҚК орынбасары кадр бөлімінің бастығына беріп кеттім. Енді соны күтіп отырмын. Қазір бір жыл болды ғой, 7 күні жамбасы жерге тиген. Осы кезде билік жанайқайымызды түсініп, мүмкіншілік бола ма деген үміт бар. Басқа қолымыздан не келеді?, - дейді қария.

Үлкен кісі бұл жерде өзін марапатқа деген қызығушылық емес, жастардың патриоттық сезіміне селкеу түспесе екен, отансүйгіш ұлдардың ерлігі лайықты бағаланса екен деген ойын жеткізгісі келгенін айтады.

Қамыға отырып, іштегі сырымен бөліскен Әділбай Сәрсенұлы департамент басшысы болған Марат Иірменовке алғысын білдірді.

— Бірінші көргеннен кешірім сұрап, баламның өмірін сақтай алмағандығын мойындаудың өзі ерлік. Қалай болғаны туралы бәрін бейнежазбадан көрсетті. Ештеңе жасырмады, - дейді қайғылы әке.

Айта кетерлігі,  «Қаңтар қасіреті» оқиғасында қаза тапқан Дастан Әділбайдың қайтқанына 7 қаңтар күні бір жыл толды.

Кейінгі ұрпақ үлгі тұтып, «менің әкем немесе бауырым батыр» деген сезімнің өзі қария мен осындай балаларынынан айрылған ата-аналарға қуат беретіндей. Әңгіме барысында түйгеніміз осы.

Ендігі жерде баласы қаза болған қарияның үніне құлақ асып, зарын тыңдайтын «Естуші мемлекеттен» бір қызметкер шығатынына сенімдіміз.

Исламбек Дастан

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар