БАӘ-нің патша әулетімен араласу: Перизат Қайратқа «атымтай жомарт» демеушілер не себепті сенді?

cover Коллаж: Orda.kz

Атышулы «қайырымдылық қордың басшысы» Перизат Қайратқа қатысты сотта Газа секторы тұрғындарына жылу жинау және гуманитарлық жүк жөнелту ісі бойынша жәбірленушілер мен куәгерлер жауап берді. Бұл «қайырымдылықтың» бәрі Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қоры арқылы ұйымдастырылған.

Orda.kz қолы ашық, «атымтай жомарт» азаматтардың бір әйелге алданып, қомақты қаражаттарды не себепті аудара салғанын баяндайды.

Араб әмірліктерінің патша әулетімен байланыс

Сотта ASAR-UME қорының президенті Асхат Нұрмашев Перизат Қайраттың қалай сеніміне кіргенін баяндап берді. Ол дәл осы іс бойынша жәбірленуші ретінде жауап берді.

ASAR-UME қоры 2023 жылдың қарашасында Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қорының есепшотына 200 миллион теңге аударған.

Асхат Нұрмашев Перизат Қайратпен шамамен 2021 жылдан бері таныс екенін, қайырымдылық кештерінде, еріктілер өткізетін түрлі іс-шараларда кездескенін және оның қоры мұқтаж жандарға көмек жинайды деп білгенін айтты.

2023 жылдың қазан айында Таяу Шығыста қарулы қақтығыс өршіп кеткенде, ASAR-UME қоры Газа секторындағы бейбіт тұрғындарға азық-түлік пен дәрі-дәрмек жинап, көмек көрсету қажет деп шешкен.

«Біз гуманитарлық көмекті жеткізудің жолдарын іздедік. Сол кезде әлеуметтік желіде Перизат Қайраттың Палестина елшілігімен бірлесіп, Газа халқына көмек жинап жатқаны туралы ақпарат тарады. Палестина елшілігімен келісімге келгені айтылды. Мен Перизатпен кездесіп, оның БАӘ-дегі гуманитарлық көмекпен айналысатын қорлармен байланысы бар екенін білдім. Тіпті, Абу-Дабидегі халықаралық гуманитарлық жүктер дайындалатын арнайы хабқа кіре алатын адам екенін білдім», – деді Асхат Нұрмашев. 

ASAR-UME өкілдері Перизат Қайраттан сол қоймаға «хабқа» кіргізуін сұрап, келісімге келген. Осы мақсатта Асхат Нұрмашев Перизатпен бірге Абу-Дабиге барып, қойманы өз көзімен көрген.

Сол сапарда Нұрмашев Перизат Қайраттың тек қоймаға ғана қолы жеткен адам емес, Араб Әмірліктерін билейтін патша әулеттерімен де достық қарым-қатынаста екенін байқаған.

Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қорының басшысының сөзіне сенген ASAR-UME қоры 2023 жылдың 10 қарашасында өздерінің ресми есепшотында қаражат жинауды бастады.

Бес күн ішінде Қазақстан азаматтарынан Газа секторындағы зардап шеккендерге 293 миллион теңге жиналды. Бұл – қор тарихындағы ең үлкен қаржы болды.

Соғыс болып жатқан жерге гуманитарлық көмекті жіберудің қиындығы бар, қомақты қаражаттың жауапкершілігі бар. Сондықтан ASAR-UME құрылтайшыларын қаражаттың бәрін бірден жібермей, 50 миллионнан бөліп жібермек болады. Перизат Қайрат мұндай шешімге мүлде қарсы болған. Ол Нұрмашевке араб қоймасы аз қаражатпен жұмыс істемейтінін, себебі ол халықаралық жүк айналымының орталығы екенін айтып сендірген. Перизат бүкіл қаражатты бірден жіберуді талап еткен.

Қайырымдылықпен айналысатын, көркімен де, сөзімен де сенім ұялатқан жас әйелге деген сенім 14 қарашада, Астанада өткен БАӘ күніне арналған салтанатты кештен кейін одан әрі артты. Асхат Нұрмашевтың айтуынша, сол кешке жоғары лауазымды шенеуніктер де қатысқан.

«Сол жерде БАӘ өкілдері Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қорының қайырымдылық ісінен хабардар екендерін айтты. Мен осы шарада болдым. Ал 29 қарашада бізді Палестина елшілігі ұйымдастырған тағы бір шараға шақырды. Ол кешке менің әріптесім қатысты», – деді ASAR-UME қорының президенті. 

Ақыры қор құрылтайшылары алғашқы транш ретінде 200 миллион теңге жіберуге келісіп, кейін қалған 93 миллионды Перизат Қайрат Дубайға алғашқы транштың бағытталғаны туралы есеп берген соң ғана жолдамақ болған. Қорлар арасындағы келісімде бұл талап нақты көрсетілген.

2023 жылдың 28 қарашасында ASAR-UME қорының ресми есепшотынан Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қорының шотына 200 миллион теңге аударылды.

Келісімшартқа сәйкес, Перизат Қайрат 2023 жылдың желтоқсан айында бұл қаражаттың қалай жұмсалғаны жөнінде есеп беруі керек болатын. Алайда белгіленген мерзімде ешқандай құжат келмеді. Бастапқыда ол техникалық ақауларды сылтауратып, сәл күте тұруын сұраған. Кейін бір құжат жіберіп қойды. Тек келесі жылдың ақпан айында ғана ASAR-UME кеңсесіне Абу-Дабидегі қорға қаражат аударылды деген банк түбіртектері келіп түсті.

«Ол кезде біз оның адалдығына күмәнданбадық. Қаражат Абу-Дабидегі қорға аударылды деген құжаттардың жалған болуы мүмкін деген ой миымызға кіріп шықпады. Бірақ кейін бұл істі тергеп-тексерген орган ол құжаттардың қолдан жасалғанын анықтады. Ал қалған 93 миллион теңге бойынша біз Палестина елшілігімен келісе отырып, бұл қаражатты тікелей сол елшіліктің шотына аудардық. Қаражат Газа халқына көмек ретінде жолданды», – деді Асхат Нұрмашев. 

Сенім ұялатқан тілі майда жан

Сотта жәбірленушілер мен куәгерлер Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қорының қызметіне қатысты жаңа жайттарды айта түсті.

Газа секторына қатысты эпизодта жәбірленуші ретінде танылған тағы бір адам – блогер әрі видеограф Олжас Садық. Ол Instagram парақшасында жиі қайырымдылық жасап, түрлі шаралар ұйымдастырып отырады.

Таяу Шығыстағы қақтығыс өршіп кеткеннен кейін Олжас Садық досы әрі блогер Назим Мисановпен бірігіп, қайырымдылық жасауға шешім қабылдайды. Олар бұл бастаманы достарына да, жазылушыларына да хабарлаған. Жарияланған жазба әп-сәтте миллиондаған қаралым жинап, блогердің картасына қаражат түсе бастаған.

2023 жылдың қазан айының соңында блогер Газа секторындағы тұрғындарға көмек ретінде 83 миллион 542 мың 734 теңге жинады. Бұл туралы ол парақшасында ашық түрде есеп берді.

«Маған қаражатты аударуға арналған реквизиттер берілді. Мен ол деректерді Палестина елшілігінің реквизиттері деп ойладым. Алайда бұл қандай да бір сканерленген құжат болды, елшілікке қатысты ешқандай ресми мәлімет болмады. Онда тек банк шотының деректері ғана тұрды. Өз шамам келгенше ол шотты тексеруге тырыстым. Банк мекенжайы неге екені белгісіз, Израиль аумағында орналасқан болып шықты. Досым біреулер арқылы ол шотты тексеріп көріп, ақша аудару қауіпті екенін, қаражаттың нақты қайда кететіні белгісіз екенін айтты», – деп әңгімеледі Олжас Садық. 

Сондай-ақ, блогер елшіліктен қаражаттың жұмсалуына қатысты толық есеп беруді және гуманитарлық көмекті орайтын қаптамаларда Қазақстан туын көрсетуді сұраған. Бірақ елшілік әскери жағдайды алға тартып, мұндай мүмкіндіктің жоқ екенін айтқан.

Осыдан кейін Олжас ЮНИСЕФ-тің жарнамасына назар аударып, қаражатты БҰҰ құрылымдары арқылы жіберуге шешім қабылдайды. Ол бұл бағытта келіссөздерді аяқтауға жақын қалған кезде, оныған Перизат Қайрат хабарласады. Ол блогерге өзінің Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қорына сенуге болатынын айтып, оған Дубайдағы халықаралық гуманитарлық жүктерге арналған арнайы қойманы көрсетпек болады.

«Елшілікпен жұмыс жасаудан бас тартқан соң, телефоныма бейтаныс адамдардан қоңыраулар түсе бастады. Олар мені кінәлап: «Сен бізді алдағалы отырсың ба?» деген сөздер айтты», – дейді блогер. 

Осы жағдайлар Олжасты Перизат Қайратпен келісіп, әрекет етуге бір жағы мәжбүрледі.

Ақыры ол 83,5 миллион теңгеден астам қаржыны Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қорының шотына аударған.

Алайда бұдан кейін блогер қордан қаражаттың жұмсалуына қатысты есеп беруді немесе кез келген дәлел боларлық құжатты жіберуін талап еткен. Оның айтуынша, Перизат Қайрат содан кейін хабарсыз кеткен, сұрақтарына жауап бермеген.

Олжас Садық бұған дейін бұл қордың басшысының не түрін, не аты-жөнін білмегенін айтты. Бір қызығы, Перизаттың өзі оған бірінші болып хабарласқан.

Перизат Қайратқа блогер жайлы кім айтты?

Перизат Қайратқа Олжастың ЮНИСЕФ пен елшілікпен келіссөз жүргізіп жүргенін, қолында 83,5 миллион теңге барын және оның нөмірін кім беріп жібергені белгісіз.

Бұл оқиғаға байланысты қызықты жайттарды Ақтөбедегі бір емхананың мемлекеттік сатып алу бөлімінің менеджері Алтын Мусина айтып берді. Ол 2023 жылдың қараша-желтоқсан айларында Перизатқа есеп-қисап жүргізуге көмектескен. Нақтырақ айтсақ, ASAR-UME қорынан Газа халқына көмек ретінде жиналған қаражаттың жұмсалуы бойынша есеп жасауға көмектескен.

«Одан есеп сұралды. Бірақ ол есепті қандай форматта жасау керек екенін, не жазылуы керегін түсінбей, менен көмек сұраған еді. Содан мен құжаттарды жіберуін сұрадым. Ол маған WhatsApp арқылы жіберді. Мен Word құжаты арқылы есеп жасадым, қандай құжаттарды тіркеу қажет екенін Перизаттың өзі айтты. Әдетте есепке түбіртектер мен аударым құжаттары тіркеледі. Бірақ менде олардың түпнұсқалары болған жоқ. Оларды Перизаттың өзі ұсынуы тиіс еді», – деді Алтын Мусина. 

Оның айтуынша, Перизат оған халықаралық ақша аударымына қатысты екі түрлі банк өтінішін жіберген. Бұл құжаттардағы жазылған қаражаттар мүлде ұқсамайтын еді.

«Алдымен ол маған шамамен 2000 доллар болатын өтінішті жіберді. Нақты қанша қаражат екені есімде жоқ. Бірақ қомақты емес еді. Кейін соған ұқсас екінші өтініш келді. Менің түсінуімше, Перизат қағаз жүзіндегі құжаттағы қаражатты өзгерткен. Екінші өтініште қаражат әлдеқайда қомақты болды. Шамамен 100 мың доллар болған сияқты. Мен одан кейін бұл екі құжатты салыстырып көрсетіп, айырмашылықтарын, қателіктерін көрсетіп бердім. Осы өтініш негізінде SWIFT-хабарлама жасалуы керек еді. Бірақ оны маған жібермеді. Демек, қаражатты түзетті ме, жоқ па... Ол жағы беймәлім. Себебі ол құжаттарды бірден ASAR-UME-ге берген», – деді Алтын Мусина. 

Жалған құжаттар жетерлік...

Бұл жалған құжаттарға қатысты жайттарды тек Алтын Мусина ғана емес, мемлекеттік айыптаушы Арман Қазыкен де айтты. Ол істің материалдарынан үзіндіні жария етті. Онда Перизат Қайрат пен бухгалтер Алтын Мусинаның алмасқан хаттары көрсетілген:.

Перизат бухгалтерге: Қазір үйде айпадпен жасап көрейін. Тек 200 мың болсын. Телефон экраны кішкентай, марка қою қиын.

Алтын: Сәл де болса түзет, жалпы жақсы шыққан.

Перизат: Өзімді қылмыскер сезініп отырмын.

Алтын: (аудиожазба)

Перизат: Демек, егер сіздер осы төлем қағаздарын қазір сызсаңыздар, олар соған сенсе, онда біз оларға есеп тапсырған боламыз ғой, иә? «Сонда біз сонша күртеше алдық», тағысын-тағы деп жаза саламыз. Сонда қолма-қол доллармен 10 миллион — ана жаққа, 10 миллион — мына жаққа деп бөліп, осы қағаз негізінде бүкіл есепті жасаймыз ғой?

Осындай сарындағы «жылпостықтың» тағы бірнеше мысалы да іс материалында бар.

Сот залында өзін «тергеуші» сезінген Перизат Қайрат

Сот отырыстарының екінші күні-ақ Перизат Қайрат өзін тым сенімді ұстай бастады. Ол сұрақ қойып жатқан куәгерлерді соңына дейін тыңдамай, олардың жауабын нақты айтуын талап етіп отырды. Кей сәттерде сотты өз бетінше жүргізуге тырысып, куәгерлерден белгілі бір жайттарды растауын сұрап, сотқа нақты қандай дәлелдерді қарау керектігін нұсқап, куәгердің бәрін ашып айтпай отырғанын дәлелдегісі келді.

Кей куәгерлерді ашық түрде жалған сөйледі деп айыптап, ал енді біріне алғыс айтып, жылы лебіз білдірді. Тағы бір жағдайда соттан жәбірленуші тараптың басқа өкілін мәжбүрлеп шақыруды сұрады. Себебі оның пікірінше, қазіргі өкіл сұрақтарға толық жауап бермей отыр.

Судья оған кем дегенде алты рет ескерту жасады. 

Перизат Қайратқа қандай айыптар тағылды?

Перизат Қайратқа Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің мынадай баптары бойынша айып тағылған:

  • 190-бап, 4-бөлім, 2-тармақ («Алаяқтық») – үш эпизод бойынша;
  • 218-бап, 2-бөлім, 1-тармақ («Қылмыстық жолмен алынған ақша мен (немесе) басқа мүлікті топтасып, алдын ала сөз байласып заңдастыру»);
  • 218-бап, 3-бөлім, 3-тармақ («Әсіресе ірі көлемде қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру»).

Оның анасы – Ғайни Алашбаева да мынадай баптар бойынша айыпталды:

  • 190-бап, 4-бөлім, 2-тармақ;
  • 218-бап, 2-бөлім, 1-тармақ;
  • 218-бап, 3-бөлім, 3-тармақ.

«Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық қайырымдылық қорының тең құрылтайшысы және жетекшісі Перизат Қайрат 2024 жылдың күзіне қарай қамауға алынған. Қордың қызметі туралы бұған дейін Orda.kz арнайы материал дайындаған болатын.

2024 жылдың 13 желтоқсанында Перизат Қайраттың мүлкіне тыйым салынды. Тәркіленген дүние-мүлік тізімінде элиталық үйлер, қымбат көліктер, зергерлік бұйымдар мен әлемдік брендтердің аксессуарлары бар.

2025 жылдың сәуірінде Перизат пен оның анасы Ғайни Алашбаева қамауға алынды. 30 маусымда іс сотқа жолданды.

Бұл қылмыстық іске байланысты басты сот процесі 2025 жылдың 14 шілдесінде басталды.

Orda.kz бұл істі бақылап, ары қарай ақпарат таратып отырады.

Автор: Анастасия Прилепская

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар