БҚО-да қатты боран салдарынан жолдар жабылып, шатырлар жұлынып, жарық үзілді

cover

Батыс Қазақстан облысында қатты боран соғып, өңірдегі жолдар жабылып, шатырлар жұлынып, электр қуаты үзіліп жатыр, деп хабарлайды «Мой город».

«25 желтоқсанда БҚО-да дауылды ескерту жарияланды. Аймақта бұрқасын, екпінді жел секундына 23 метрге дейін жетеді. Сенбі күні кештен бастап көру мүмкіндігінің нашарлығына байланысты жолдарды жабуға кірісті. Қазірге дейін бірнеше бағытта көлік қозғалысы жабылған. Сонымен, 25 желтоқсанда сағат 21.00-ден бастап Тасқала – Аққурай – Болашақ – Ресей Федерациясының шекарасы (0-157 шқ), сондай-ақ Үлкен Шаған – Переметное (0-42 шқ) аралығында көліктің барлық түрлері үшін қозғалыс жабылды. 26 желтоқсанда сағат 2.05-тен бастап республикалық маңызы бар Самара-Шымкент тас жолында (Оралдан Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі 195-257 шақырым) көліктің барлық түрлері үшін қозғалыс жабылды. Бүгін, 26 желтоқсанда сағат 11.10-да Подстепное-Федоровка-РФ шекарасы (0-144 шқ) тас жолы жабылды» делінген жексенбі күні таратқан хабарламада.

Ал, атап өтілгендей, «облыс орталығында да  жағдай бұдан жақсы емес».

«Сағат 00.05-те желдің екпіні («Қазгидромет» РМК облыстық филиалының мәліметі бойынша секундына 23 метр) 4-ші шағын аудандағы 240 шаршы метр аумақтағы бес қабатты тұрғын үйдің шатырын жұлып кетті» делінген БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарламасында.

Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ екені атап өтілді.

«Оқиға орнында жергілікті атқарушы органдардан құрылған комиссия жұмыс істеп жатыр. Үй 1991 жылы салынған, күрделі жөндеу 2016 жылы жүргізілген. Тұрғын үй балансында жоқ» деді ТЖД.

Сондай-ақ, Ақжайық ауданы Чапаево ауылындағы 150 шаршы метр аумақтағы ауыл шаруашылығы техникалық колледжінің гаражы шатырсыз қалды.

«Бірнеше ауданнан ауыл тұрғындарынан электр қуатының мезгіл-мезгіл сөніп қалуы туралы шағымдар түсіп жатыр» делінген хабарламада.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар