Атышулы Айс Мұратова мен туыстары 32 күн бойы тергеу изоляторында заңсыз қамақта отырды ма?

cover Коллаж: Orda.kz

Ел назарынан түспей келе жатқан Айс Мұратова есімімен танымал кәсіпкер Арайлым Қожамұратоваға қатысты сот процесінде қорғаушылар сот тарапынан өрескел заңбұзушылықтар болғанын айтып, сотталушылардың 32 күн бойы тергеу изоляторында заңсыз ұсталғанын мәлімдеді. Бұл іс бойынша  қазіргі уақытта 298 жәбірленушінің арызы қаралуда, келтірілген шығын көлемі 4,6 млрд теңгеден асады. Orda.kz тілшісі сот отырысына қатысып, істің мән-жайын білді.

Алматы қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өткен кезекті сот отырысы сотталушы тараптың адвокаты Сағынтай Рашқалиевтің өтінішхат оқуымен басталды. Қорғаушының айтуынша, сотталушылардың қамауда ұсталуы ҚР Конституциясының 16-бабына, сондай-ақ Қылмыстық-процестік кодекстің 151 және 342-баптарына тікелей қайшы.

«Қамауда ұстау тек соттың нақты қаулысымен және нақты мерзім көрсетіле отырып қана қолданылуы тиіс. Бұл іс бойынша алты айлық шекті мерзім 2025 жылғы 16 қарашада аяқталған. Алайда қамауда ұстау мерзімі заңда көзделген тәртіппен ұзартылған жоқ. Сот отырысы өткізілмей, қорғау тарапының қатысуынсыз және жаңа қаулы шығарылмай адамдарды қамауда ұстауды жалғастыру — Конституциямен кепілдендірілген жеке бас бостандығын өрескел бұзу. Менің қорғауымдағы азаматтар қазіргі уақытта 32 тәулік бойы заңсыз қамауда отыр. Осыған байланысты соттан оларға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын өзгертіп, үйқамаққа жіберуді сұраймын», — деді адвокат Сағынтай Рашқалиев.
Фото: Orda.kz
Фото: Orda.kz

Прокурор Мейіржан Баймұрзаев қорғау тарапының өтінішхатымен келіспейтінін мәлімдеп, судья Самал Кеңесовадан оны қанағаттандырмауды сұрады. Сондай-ақ сот отырысына онлайн қатысып отырған жәбірленушілер де бір ауыздан өтінішхатқа қарсы екенін білдірді. Өтінішхат тыңдалғаннан кейін судья қаулы шығару үшін кеңесу бөлмесіне кетті.

Еске сала кетейік, бұл кеңінен резонанс тудырған іс 2023 жылы тергеліп басталғанымен, сот процесі тек 2025 жылдың мамыр айында басталды. Айс Мұратова есімімен танымал кәсіпкер Арайлым Қожамұратова Қытайдан арзан тауар әкелемін деп азаматтардан ақша жинап, уәде етілген тауарды жеткізбеді деген күдікпен ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша, яғни алаяқтық дерегімен айыпталып отыр.

Аталған іс бойынша Арайлым Қожамұратовадан бөлек тағы 12 адам сотталушылар қатарында. Олардың басым бөлігі — оның жақын туыстары. Қазіргі уақытта үш адам кепілмен босатылып, сотқа айыпталушы ретінде қатысып отыр, ал қалған он сотталушы тергеу изоляторында қамауда.

Жалпы бұл іс аясында 298 жәбірленушінің арызы қаралуда, олардың жартысына жуығы сотта жауап беріп үлгерген. Тергеу нұсқасына сәйкес, келтірілген шығын көлемі 4,6 млрд теңгеден асады.

Фото: Orda.kz
Фото: Orda.kz

Арайлым Қожамұратованың нағашы ағасы Мұрат Орынбасаровтың айтуынша, қазіргі уақытта уақытша ұстау изоляторында отырған сотталушылардың басым бөлігі Қожамұратованың қоймасында қарапайым жүк тасушы болып жұмыс істеген туыстары. Оның сөзінше, олардың қомақты қаражатқа тікелей қатысы болмапты.

«Мен Арайлымның туған нағашысымын. Қазір қамауда менің ұлым, күйеу балам және жиендерім отыр. Олардың көпшілігі қоймада қарапайым жүк тасушы болып істеген, яғни ірі қаржыға тікелей қатысы жоқ. Соған қарамастан, олар алты айдан бері қамауда отыр. Ұсталу себебі ретінде туыстардың бір-бірімен байланысы бар деп айтылды. Сонымен қатар, адвокаттардың айтуынша, олардың уақытша ұстау изоляторында ұстау мерзімі өтіп кеткен, бұл — заңсыз. Арайлым да өзі алданып отыр. Қытайдан тауар алып келу үшін жиналған қаражатты Дәурен Мұса деген кісіге  берген, ол қазір осы іс бойынша қылмыстық іздеуде жүр.  Тергеу басталған кезде Арайлымның тауарға толы үш қоймасы болды. Алайда тергеушілер қоймаларды тергеуге қатысты деп жауып тастады. Егер сол қоймалар ашылып, жәбірленушілерге тапсырыс берілген тауарлар таратылғанда, жәбірленушілердің саны да азаяр еді», — деді Мұрат Орынбасаров.

Кеңесу бөлмесінен шыққан судья Самал Кеңесова адвокат Рашқалиевтің өтінішхаты қанағаттандырылмағанын мәлімдеді. Судьяның айтуынша, сотталушыларға тағылып отырған айыптың ауырлығы, яғни келтірілген шығын сомасының ірі болуы ескеріліп, оларға қатысты бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылды. Сот сотталушыларды тергеу изоляторында ұстау мерзімін 2026 жылдың мамыр айына дейін ұзартты.

«Басты сот талқылауы барысында сот сотталушыға қатысты бұлтартпау шарасын таңдауға, өзгертуге, күшін жоюға немесе ұзартуға құқылы. Бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстау мерзімі іс сотқа келіп түскен күннен бастап алты айдан аспауы тиіс. Ауыр қылмыстар бойынша бұл мерзім сот қаулысымен он екі айға дейін ұзартылуы мүмкін. Аталған қылмыстық іс сотқа 2025 жылғы 13 мамырда келіп түскен. Сотталушыларға бес жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген айып тағылғанын, сондай-ақ қылмыспен келтірілген материалдық шығынның көлемін ескере отырып, сот бұлтартпау шарасын өзгертуге негіз жоқ деп тапты. Осыған байланысты сотталушыларға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы бұрынғысынша қалдырылып, қамауда ұстау мерзімі 2026 жылғы 13 мамырға дейін ұзартылды», — деді Самал Кеңесова.

Сотталушы тараптың қорғаушысы Рашқалиев судья қаулыны оқып болғаннан кейін, оны түсіндіруді сұрап, сондай-ақ күзетпен ұстау шарасы ұзартылғанға дейінгі алты айлық мерзім аяқталғаннан кейін сотталушылардың 32 күн бойы заңсыз қамауда отырғанын атап өтті.

Судья бұл мәселеге қатысты қаулыны оқыған кезде түсіндірме бергенін жеткізді. Алайда Рашқалиев судьядан толық әрі нақты жауап алмағанын айтып, аталған қаулының заңсыз екенін мәлімдеді. Осыған байланысты ол судья Самал Кеңесоваға қарсылық білдіріп, одан бас тартатынын жеткізді.

Судья Кеңесова өзіне қатысты білдірілген қарсылықты басқа судья қарайтынын хабарлады.

Сотталушы тараптың тағы бір қорғаушысы Айдос Қалжатбай судья Самал Кеңесованың қаулысымен келіспейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, сот сотталушылардың 32 тәулік бойы заңсыз қамауда отырғанына нақты құқықтық баға бермеген. Адвокаттың сөзінше, қылмыстық іс сот өндірісіне 2025 жылғы 16 мамырда қабылданған, алайда күзетпен ұстау мерзімі заңда көрсетілген алты ай өткен соң дер кезінде ұзартылмаған. 

«Қылмыстық-процестік кодекстің 342-бабына сәйкес, күзетпен ұстау мерзімі сотқа іс келіп түскен күннен бастап алты айдан аспауға тиіс. Бұл мерзім 16 қарашада аяқталды, алайда сот оны ұзарту жөнінде қаулы шығарған жоқ. Ал бүгін соған қарамастан, сот бұлтартпау шарасын өзгеріссіз қалдырып, сотталушыларды тағы алты айға тергеу изоляторында қалдыру туралы қаулыны оқыды. Айналып келгенде, сотталушылардың 32 күн не себепті заңсыз отырғаны туралы сұраққа судья нақты жауап бере алмады. Осыған байланысты біз судьяның әрекетін заңсыз деп танып, оған қарсылық білдірдік», — деді Қалжатбай.

Сотталушының туыстары сот шешіміне қарсы шығып, қалалық сотқа шағым түсірді. Олардың сөзінше, балаларын «кінәсіз» деп жариялауға не сүттен ақ, судан таза деп айтуға асықпайды. Алайда заңсыз түрде тергеу изоляторында  32 күн қамалып, артынша тағы 6 айға ұзартылғанына наразы екендерін айтты. 

Айта кетейік, бүгінгі сот процесінде таңертеңнен кешке дейін тек осы қаулы қаралды. Сот залында тек сотталушының туыстары, адвокаттары және прокурор болды. Жәбірленушілер мен олардың қорғаушылары онлайн режимде қатысты. Бұған дейін біз жазғандай, олар сотталушы тараптың өтінішхатына бірауыздан қарсы екендерін мәлімдеді. Яғни, тараптардың пікірі сот залында қалай айтылды, солай берілді. Сот отырысы барысында судья Кеңесоваға қатысты қарсылық енді басқа судьяға берілетін болады. Orda.kz алдағы уақытта сот процесін ақпарат таратады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар