Қарыз алушыларды оңалтудың жаңа тетігі іске қосылады

cover

8 сәуірде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлеген қарыз алушыларды оңалтудың жаңа тетігі іске қосылады, деп хабарлайды қаржы реттеушісінің баспасөз қызметі.

Ол 90 күннен астам мерзімі өткен кредит өтелген болса, қарыз алушыға кредиттік бюро жүйесінде «ақталған» мәртебесін беруді көздейді.

— Бұл мәртебе азаматтың банктер мен басқа да кредиторлар алдындағы өз міндеттемелерін адал орындауының дәлелі болып табылады. Мәртебе алу үшін қандай да бір құжаттар талап етілмейді, рәсімді кредиттік бюро мерзімі өткен борышты өтегеннен кейін 12 ай өткен соң және осы кезеңде өзге мерзімі өткен берешек болмаған кезде жүргізеді, – деп атап өтті қаржы реттеушісі төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдірахманов.

Мерзімі өткен берешегі толық емес, ішінара өтелген қарыз алушылармен банктер кейіннен өтеудің неғұрлым ыңғайлы графигімен оңалту жоспарын жасау үшін оның төлем қабілеттілігін бағалау бойынша жеке жұмыс жүргізетін болады. Тиісінше, мұндай қарыз алушылар «ақталған» мәртебесін алу оңалту жоспарын орындаған жағдайда және соңғы 12 айда өзге мерзімі өткен берешек болмаған кезде мүмкін болады.

Өз кредиттерін алған сәттен бастап өтемеген қарыз алушылар санатына проблемалық берешекті реттеудің сотқа дейінгі жаңа тәртібі қолданылатын болады. Соттарға жүктемені жедел шешу және азайту үшін агенттік сотқа дейінгі реттеудің бірыңғай құқықтық режимін енгізуді көздейтін заңнамалық нормаларды әзірледі.

— Жаңа тәртіп шеңберінде банктер осындай қарыз алушылардың төлем қабілеттілігін бағалау бойынша жеке жұмыс жүргізуге және оңтайландырылған борыш жүктемесі мен қарызды өтеудің жаңа кестесін қамтитын кредитор мен қарыз алушы үшін өзара қолайлы оңалту жоспарын жасауға міндетті. Заңнамалық түзетулерді қабылдау екі есеге – 180 күннен 90 күнге дейін қарыз алушылардың өтініштерін қарау және олардың проблемалық берешектерін реттеу мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік береді, - деді Нұрлан Әбдірахманов.

Агенттіктің мәліметінше, өткен жылы тұтынушылық қарыздар бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен берешек деңгейі 6,9% - ға дейін төмендеді, 2019 жылы бұл көрсеткіш 8,6% - ды құрады. Халыққа кредит берудің негізгі өсімі ипотекалық қарыздар есебінен болды, оларды беру көлемі 2020 жылы 34,3% - ға өсті.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар