Ақтөбеде түнде полиция бөліміне рұқсатсыз кіргендер қамалды

cover Фото: Бейнежазбадан кадр

Ақтөбеде түнде полиция бөліміне рұқсатсыз кіргендер қамалды. Ақтөбеде бір топ адам түн жарымда полиция бөлімінің қақпасын өздері ашып, стратегиялық аймаққа рұқсатсыз кірген. Желіде полиция бөлімінің ауласында жүрген бір топ адамның бейнежазбасы тарады, деп хабарлайды Orda.kz.

Оқиға 5 шілде күні Ақтөбе облысы Алға ауданындағы полиция бөлімшесінде болғаны анықталды. Сол күні құжатсыз әрі кәмелетке толмаған бала айдаған көлікті тоқтатып, бөлімшеге әкелген.

Желіде тараған бейнежазбада бейтаныс адамдардың бөлімшеге өз үйіне келгендей еркін кіргені көрінеді. Қоңырауды баспай, сыртқы есікті қалай ашып жатқаны бейнежазбаға түсіп қалған. Одан сәл әріректе полиция қызметкерінің көлігінің жанына тұрған топ көрінеді. Әңгімелесіп тұрып, сырттан келгендердің бірі екінші полиция қызметкеріне бұрылғаннан кейін оның кетіп қалғаны көрінеді. Жалғыз қалған полиция қызметкерімен сырттан кірген адамдардың не деп сөйлескені белгісіз.
Orda.kz тілшілері мән-жайды облыстық полиция департаментіне хабарласып анықтады. 

Ресми мәліметке сүйенсек, аудандық полиция қызметкері 05.07.2025 жылы сағат 02.00 шамасында Алға қаласы Уәлиханов көшесі бойында көлікті тоқтатады. «Hyundai Tucson» автокөлігін кәмелетке толмаған балалар тізгіндегенін көреді. Құжатсыз көлік жүргізген жасөспірім полиция бөліміне жеткізіледі. Кейін оның туысқан ағасы мен оның таныстары 7 адам болып полиция бөлімшесіне келген. 

«7 жігіт Алға ауданы ПБ келіп, қызметкердің жұмысына кедергі келтіреді. Заңды талабына бағынбай, ПБ-не рұқсатсыз кіргендері үшін әрқайсысына әкімшілік Кодекстің 667-бабы 1-бөлігі, 506-бабы 1-бөлігіне қатысты хаттама жасалды», деп хабарлайды Ақтөбе облысы ПД.  

Қазіргі уақытта 7 адамның төртеуі ғана әкімшілік жауапқа тартылып, 4 тәулікке қамауға алынған. Бүгін, яғни 14.07.2025 жылы тағы екі құқықбұзушыға қатысты құжаттар аудандық сотқа жолданды. Қалған 1 құқық бұзушының Ақтау қаласынан шақыртылғаны айтылды. Құқық бұзушы келгеннен кейін ісі аудандық сотқа жолданады.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заң бойынша, 506-бап «күзетiлетiн нысанға заңсыз кіру», ал 667-бап “құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган, әскери полиция органы, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің (әскери қызметшісінің), сот приставының, сот орындаушысының заңды өкіміне немесе талабына бағынбау» айыптары тағылды.

Автор: Ардақ Ерубаева

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар