Адвокаттардың соңғы үміті – олар президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа петиция жолдамақшы
«Адвокаттық қызмет және заң көмегі» туралы заң жобасы Батыс Қазақстанның адвокаттары арасында наразылық тудырды. Осыған байланысты олар шұғыл шараларға дейін баруға мәжбүр екендіктерін айтып, Оралда өткен баспасөз конференциясында мұндай заң жобасы адвокаттардың тәуелсіздігіне шектеу болып салады деп мәлімдеді. ORDA осы мәселенің мән-жайына көңіл аударып көрді.
Адвокаттар коллегиясының мүшелері ел президентіне петиция жазып жатқандарын жасырмады, олардың айтуынша жаңа заң жобасы 1997 жылы қабылданған демократиялық мәні бар және адвокаттардың тәуелсіздігі сақталған заңмен салыстырғанда анағұрлым осал.

Коллегия мүшелерінің ашу-ызасын тудырған ең басты мәселе – оларды Республикалық адвокаттар коллегиясын «асырауға» және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» компаниясы қызметтерінің ақысын төлеуге міндеттеуі.
— Қазақстанда «EGOV» мемлекеттік электронды порталы жүйелі түрде жақсы жұмыс істеп тұр. Кез келген адам оған кіріп, өзіне қажетті ақпаратты ала алады. Сот ісіне байланысты «сот кабинетіне» кіріп, тегін қызмет ала аласыз. Ал біз ақпараттарды неге ақылы негізде алуымыз керек? Біз бұдан не ұтамыз? Бұл ақылы қызметтен түскен кірісті кім алады? Біз сонда кімді «асырап отыруымыз» керек?, деді адвокаттар коллегиясының мүшесі Айгүл Орынбекова.
Айгүл – 33 жыл адвокаттық қызмет жасаған тәжірибелі заңгер. Оның айтуынша, адвокатура – тәуелсіз, өзін-өзі басқаратын, өзін-өзі қаржыландыратын ұйым, оның қызметіне мемлекеттің араласып, оған қандай ақпараттық қызметті пайдалануы керектігін айтып, тіпті мүшелік жарна белгілеуіне құқы жоқ.
Алайда, адвокаттардың айтуынша, заңның «Е-Заң көмегі» ақпараттық пилоттық жобасы, 2019 жылдан бастап Нұр-Сұлтанда, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында енгізіліп жатыр.
Облыстық адвокаттар коллегиясының төрағасы Ержан Қалиевтың айтуынша, эксперименттердің нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Соған қарамастан «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен келісімшарттарға қол қойылған.
Бұл жоба бойынша мәселе тек ақшада емес. Бұл жерде сақталуы тиіс - адвокаттық құпия деген түсініктің жоққа шығарылып тұрғаны. Өйткені, «Е-Заң көмегін» пайдаланушылар ақпараттық жүйеге ақша төлеп, тек өзінің ғана емес, клиенттерінің де жеке деректерін енгізуі керек екен.
— Бұл жүйе бойынша адвокаттың айналысып жүрген ісі қатаң бақылауға алынбақ. Басқаша айтқанда, ол кімді жақтап, кімді ақтап, қандай құжат жинап жүргені бәрі ақтарылады. Ал мұның өзі клиенттің құқығының бұзылуына әкеліп соғады, онда адвокат клиентін қалай қорғамақ, дейді Айгүл Орынбекова.
Мәди Мырзағараев, Адвокаттардың республикалық коллегиясы президиумының Батыс Қазақстаннан сайланған мүшесі «Е-Заң көмегі» жүйесін «мемлекеттік тежеу» деп атады.
— Бұл жүйеден түскен ақша халыққа бөлінсе бір жөн. Бірақ олай болмайтыны анық. Ол кіріс «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның акционерлері арасында бөлінеді. Ал олар халыққа не жақсылық жасапты? Олар неге миллиардтаған кірісті табыс ретінде өздері бөліп алады?, дейді Мырзағараев.
Батысқазақстандық адвокаттардың жүйкесіне тиіп тұрған тағы бір мәселе – олар неге Республикалық адвокаттар коллегиясын «асырауы» керек деген сұрақ.
— Республикалық адвокаттар коллегиясының бізге қатысы да жоқ, бізге олардың қажеті де жоқ. Бізде, өзімізде кәсіби дайындықтан өткізу орталықтары бар. Адвокаттарымыздың 95 пайызы қызметпен қамтылған. Облыстық коллегияға қажеттіліктің бәрін мүшелік жарнамыз есебінен өзіміз шешіп отырамыз. Республикалық адвокаттар коллегиясы бізге ешқандай көмек жасап отырған жоқ. Сонда біз не үшін ай сайын оларға ақша аударып отыруымыз керек?, дейді көпшілік адвокаттар атынан сөйлеген Лаура Өтешова.
Республикалық адвокаттар коллегиясы туралы басқа да дәйектер айтылды. Еліміздің адвокаттар коллегиясында 5 адам істейді екен. Республика бойынша 5300 адвокаттың әрқайсысы ай сайын оларға айлық есептік көрсеткіш сомасын аударып отырса, жыл соңында ол сома 130 мың теңгені құрайды екен. Әрқайсымыз 130 мың теңге аударсақ, 5300 адвокаттың ақшасы қанша болады? Айлық есептік көрсеткіш жыл сайын өсіп отыратыны тағы белгілі ғой... Ары қарай санай беріңіз.

Батысқазақстандық адвокаттардың нысанасына ілінген тағы бір өткір мәселе – қылмысты істердің онлайн-режимде қаралуы.
— Бұған жол беруге болмайды. Бұл режиммен қылмысты істерді, өте ауыр қылмысты істерді қарауға болмайды. Өйткені сот өз сұрағына жауап беріп жатқан кінәлінің немесе куәгердің қандай жағдайда жауап беріп отырғанынан хабарсыз. Сот процесі кезінде сотталушы изоляторында, адвокат өзінің үйінде, прокурор өз кабинетінде отырып сотқа қатысамыз. Ақпараттық технологиялармен шектен тыс айналысып кеттік. Керемет озық технологиялы Америкадағы соттар да сотты онлайн өткізбейді», деді Айгүл Орынбекова.
Адвокат Руслан Шағатаевтың айтуынша «Адвокаттық қызмет және заң көмегі» туралы заң жүзеге асып жатса сол заңның нормаларына сәйкес адвокатура бұрынғы тұтқындардан құралуы мүмкін.
— Қазір сотталғандар арасында құқық қорғау мекемелерінің сыбайлас жемқорлықпен, пара алып немесе алаяқтықпен сотталғандары өте көп. Олар жазасын өтеп шыққан соң, енді өз саласына қызметке қайтып келе алмайды, жолдары кесілді. Ал адвокатураға – есік ашық! Мұндай «рұқсатпен» оншақты жыл өткенде адвокаттар коллегиясы түгелге дерлік сотталып келген құқық қорғаушылардан түзілетіні ғажап емес, дейді Шағатаев.
Баспасөз конференциялары, президентке хат, митингтер... Адвокаттар өз мақсаттарына жету үшін, өздері туралы кәсіби заңды жүзеге асыру үшін осы аталған наразылықтар түрін пайдаланбақ.
Ең құрығанда олар үндемей қалмауға бекінді. Өйткені олардың пайымынша бұл жаңа жобаны жүзеге асыруда белгілі бір топтың мүддесін қорғайтындар бар.
— Егер Сенат төменгі палата ұсынған жобаны қолдап, адвокаттардан мүшелік жарна алынатын заңды бекітетін болса – адвокаттар қоғамы президент Тоқаевқа ұжымдық өтініш жазып, заң жобасына еліміздің адвокаттары мен заң кеңесшілері атынан тыйым салуын сұраймыз, дейді батысқазақстандық адвокаттар.
Адвокаттар наразылықтарын жазып ашынып, өз дұрыстығын дәйектеп жатқанда Әділет министрі Марат Бекетаев «Ұлттық ақпараттық технология» АҚ-мен келісімшартқа міндетті түрде отыру туралы бұйрығын шығарып қойды. Енді сол бұйрыққа сәйкес адвокаттар заң аясында қызмет көрсетуі үшін міндетті түрде келісімшарт жасап және ол қызметті пайдаланғаны үшін ақша төлеуі керек. Сонда заң жобасы әлі бекітілмегеніне қарамастан әділет министрінің бұйрығын орындауға адвокаттар мәжбүр болып отырғаны ма?
Авторы: Эльвира Сәрсенова
Аударған: Баян Таңатарова
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық