Адам бопсалағаны үшін ұсталған блогердің әйелі жеке шоты бұғатталғанына наразы

cover Фото: Instagram/ Дамир Көшеев

Көп балалы ана Ақмейір Көшеева күйеуі ұсталғаннан кейін жеке шоттарының бұғатталғанын айтып, шағымданды, деп хабарлайды Orda.kz.

Ақмейір Көшеева Алматы полиция департаментінің тергеушісін айыптап отыр. 

«Полиция аға лейтенанты Нұрғазы Күлшебаев менің жеке шотымды жауып тастады. Енді олар мені қорқытып отыр. Олар шотымды жауып тастағандықтан, бес баламды тамақ, дәрі-дәрмекпен  қамтамасыз етсін. Менің жеке шотыма туыстарым балаларға көмек ретінде ақша аударған», - деді блогердің әйелі. 


Орда тілшісі бұл жағдайға қатысты заңгердің пікірін сұрады. 

«Мұның бәрі күдіктінің не үшін ұсталғанына байланысты. Егер бұл әйелдің күйеуі ақшаны ұрлады немесе иемденді деп ұсталса, онда тергеушінің әрекеті өте орынды. Бұл үшін нақты дәлел қажет. Мүмкін тергеушілер блогер ақшаны әйелінің шотына аударғанын біліп отырған шығар», - деді заңгер.

Еске салайық, Алматыда блогерлер Дамир Көшеев пен Руслан Кәрімов ұсталды. Күдіктілер әлеуметтік желіде жәбірленушіге қатысты компромат жариялаймыз деп қорқытып, 8 миллион теңге бопсалаған. Сонымен қатар олар жәбірленушіні сот шешімі бойынша төлеуге міндеттелген 20 миллион теңгеден бас тартуға көндіруге тырысқан. Күдіктілер жәбірленушіден 10 миллион теңге алып жатқан кезде қолға түсті.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар