Ақтауда 4 жасар қыздың жүрегі оң жақ, бүйрегі сол жағында

cover

Ақтауда тұратын 4 жасар Ағлестің жүрегі кеудесінің оң жағында, ал бүйрегі сол жақ бүйіріне орналасқан. Ішкі ағзаларының орналасуы керісінше болса да, бүлдіршін өзін өте жақсы сезінеді. Мінезі ашық, пысық, қимылы ширақ, әрі кез келген адаммен тіл табысып кете береді.  

Кішкентай Ағлес жүрегінің оң жақ тұсында орналасқанын да жақсы біледі екен. Өйткені анасы үнемі айтып отыратын көрінеді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлады.

Ол – өте ойы ұшқыр қыз. Айтқан нәрсеңді тез жаттап, лезде қағып алады. Өлең оқуда елгезектігі бірден байқалады. Есепті де жақсы шығырады. Ата-анасы балаларының ерекше қасиетін балабақшаға барғанда-ақ байқапты. Ал, оның жүрегінің оң жақ кеудесінде орналасқанын перзентханада айтқан. Басында таң қалған. Одан кейін қобалжу, қорқу, толқу да болған. Тіпті, жақындарының күмәнмен қарағанын да жасырмайды.

— Басында ешкім жақсы қабылдаған жоқ. Кішкене балаға мүсіркеп, аяп қарайтын. Кейін барлығы жақсы екенін білгеннен кейін олар да үйреніп кетті. Ал оған дейін, әрине, болды. Астанаға дейін барып, тексеруден өтіп келгенбіз. Өйткені бір жасқа дейін көп ауырды. Қазір бәрі ұмытылды, - деді анасы Ұлжан Ақжарова. 

Дегенмен ата-аналары әр 3 ай сайын жүрегі мен бүйрегін медициналық тексеруден өткізіп тұрады екен. Дәрігерлер уайымдауға еш негіз жоқ деп отыр. Жүректің оң жақта орналасуы - туабітті жаратылыс. Ол сирек кездесетін құбылыс, ешқандай ауытқу немесе ауру емес, сондықтан қорқудың қажеті жоқ.

— Мысалы, дене мүшесінің керісінше орналасатын кезі болады. Бұл мүшенің ысырылуына байланысты. Ол туғаннан кейін керісінше өседі, мұндай жағдайда қауіп төндіруі мүмкін. Ал қазіргі уақытта бұл балада ондай қауіптілік жоқ. Яғни, ешқандай мүше ысырылып жатқан жоқ. Ол өзі солай жаратылған, - деді емхананың бас дәрігері Серік Қасым.

Анасының айтуынша, мұндай ерекше жағдай тұқымында алғаш рет кездесіп отыр. Жүрегі мейлі оң жағында немесе сол жағында орналассын, ең бастысы қызым аман-сау, бақытты болсын дейді анасы.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар