8 наурыз мерекесінің шығу тарихы

cover Фото: Pixabay

Көктемнің алғашқы күндерінде-ақ елімізде ауқымды мерекелер басталады. Қаһарлы қыстан кейінгі адамға жылу сыйлайтын – нәзік жандардың мерекесі 8 наурыз. Барлығымыз осы мерекені тойлаймыз, ал бұл мерекенің түп тамыры қайдан шықты?

Orda.kz тілшісі 8 наурыз мерекесінің тарихын баяндап береді.

1857 жылы АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында тоқыма және аяқ киім фабрикаларында жұмыс істейтін әйелдер көшеге шеруге шықты. Олардың басты талабы: жұмыс уақытының қырсқартылуы, жайлы орын және жарық, сондай-ақ ерлермен бірге тең жалақы болды. Дәл сол кез әйел құқығы үшін күрестің маңызды бастамасы ретінде тарихта қалды. 

Кейін Халықаралық әйелдер күні алғаш рет 1910 жылы Копенгагенде өткен Халықаралық социалистік әйелдер конференциясында бекітілді. Бұл идеяның бастамашысы — неміс әйелдер құқығын қорғаушысы әрі марксизм теоретигі Клара Цеткин болды. Германия, Австрия, Швейцария және Дания бұл мерекені алғаш рет 1911 жылдың 19 наурызында атап өтті, ал Кеңес Одағы 1917 жылы оны мемлекеттік мереке ретінде алғаш болып жариялады. 8 наурыз күні халықаралық деңгейде 1921 жылы ресми түрде бекітілді.

Халықаралық әйелдер күні ұлттық мереке ретінде мына елдерде жарияланды:

  • Моңғолия (1957),
  • Ангола (1961),
  • Украина (1965),
  • Куба (1966),
  • Вьетнам (1975),
  • Мозамбик (1975),
  • Замбия (1996).

1977 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы 8 наурызды Халықаралық әйелдер күні деп жариялады — бұл күн жыл сайын бүкіл әлем әйелдерді, олардың қоғамға қосқан үлесін атап өтіп, құрметтеп, еске алуы тиіс күн ретінде белгіленді.

Қазақстанға 8 наурыз мерекесі түсінігі қалай келді?

Қазақстанда 1923 жылы 8 наурыз мерекесі «Халықаралық әйелдер» мерекесі емес, «Халықаралық еңбекші әйелдер» мерекесі болып бекітілді. Мереке алғаш рет кеңес одағының құрамында болған кезде ресми түрде атап өтіле бастады. 1965 жылы бұл күн мемлекеттік деңгейде бекітіліп, демалыс күніне айналды.

Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанда мереке сақталып, ұлттық деңгейде атап өтілетін мейрамдар тізімінде қалды. Бұл айтулы күн тек әйелдерді құттықтау күні ғана емес, қоғамдағы гендерлік теңдік мәселелерін талқылау күніне айналды. Тәуелсіздік алғаннан кейін де Қазақстанда 8 наурыз мемлекеттік мереке ретінде сақталып, әйелдерді құрметтеу және олардың еңбегін бағалау күні ретінде тойлана береді. Ол ресми мереке ретінде Қазақстанда 1998 жылы жарияланды.

Құрметті арулар, аяулы аналар! Сіздерді 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Бұл көктемнің шуақты мерекесі сіздерге мол қуаныш, мықты денсаулық, толағай табыс және шексіз бақыт әкелсін. Әр күндеріңіз нұрға, жүректеріңіз жылулыққа, жүздеріңіз шаттыққа толы болсын. Сіздердің мейірімдеріңіз бен парасаттарыңыз, даналықтарыңыз бен төзімдеріңіз — қоғамның тірегі, отбасының берекесі. Еңбектеріңіз әрдайым бағаланып, армандарыңыз орындала берсін! Көктем көңіл-күй, шабыт пен жаңа жетістік сыйласын. Мерекелеріңіз құтты болсын!

Оқи отырыңыз:








Жаңалықтар

барлық жаңалықтар