«6 жасар егіз қыздарды аймалаған еркек»: Сот қызылордалық педофилге үкім шығарды

cover Коллаж Orda.kz

Қызылорда облысында елді дүрліктірген қылмыстық іс бойынша сот отырысы өтті. Алты жастағы екі қызға азғындық жасаған еркектің үстінен жас балаларға сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін 121 бап 4 тармақ және 124 бап 1 тармақ бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бүгін, 9 қыркүйекте өткен сотта 30 жастағы психикалық ауытқуы бар ер адам 6 жастағы екі егіз қызға азғындық көрсеткені үшін Алматы облысы Ақтас ауылындағы Республикалық психиатриялық аурухананың қатаң бақылау бөліміне мәжбүрлеп емдеуге жіберілді. Бұл — елдегі қайта емделмейтін, қылмыс жасаған сәтте өз әрекеттері үшін жауапкершілікке тартылмайтын садистер мен қанішерлерге арналған атышулы жабық мекеме. 

Orda.kz тілшісі қыздардың анасы мен адвокатына хабарласып, істің мән-жайын сұрастырды.

Жалпы зорлық-зомбылық бойынша ҚР ішкі істер министрлігі статистика және арнайы есептер комитетінің биылғы мәліметтеріне зер салсақ, кәмелетке толмағандарды зорлау бойынша 97 оқиға тіркелген. Ал оларға осы жыныстық сипаттағы күштеу әрі зорлық-зомбылық бойынша 87 оқиға тіркелді. Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе басқа жыныстық сипаттағы 138 оқиға тіркелді. Тіркелмегені қаншама?

Ал енді бүгін сот отырысы болған Қызылордадағы істің мән-жайына көшсек...

«Ешкімге айтпа»

Жәбірленушілердің анасы қыздарының өмірін мәңгілікке өзгерткен сол бір күн туралы былай дейді:

«10.05.2024 жылы кешке жеті шамасында жұмыстан қайтып үйге келдім. Үйде егіз қыздарым (6 жасар) тиынға таласып жылап отыр екен. Мәдинаның (есімі өзгертілді ред.) беті қатты қызарып кеткен. Мен Мәдинаның эпилепсиясы ұстап, мазасызданып отыр екен деп қасына жақындап, жай дауыспен екеуінен мән-жайды  сұрадым», — деді анасы.

Сұрақ қоя бастағанда екінші қызы Мөлдір (есімі өзгертілді ред.) анасына көршісінің шалбарын шешіп ұстатқанын, жыныс мүшелерін сипалағанын айтыпты.

«Серік аға: «Мамаларыңа ештеңе айтпаңдар, ертең тағы келіңдер!» деді. Мәдинаның бетінен қатты тістеп алды. Серік аға шалбарын шешіп, көтенін ұстатты бізге және біздің де шалбарымызды шешіп, тәтәмәйімізді (қыздың алдыңғы жыныс мүшесі) сипалап, менің қолыма тиын берді мен сарайдан шығып кеттім, Мәдина сарайда қалып қойды», — деді егіз қыздың бірі. 

Қазіргі кезде іс сол сарайда қалып қойған бір қызға қатысты қозғалды.

Істі жүргізген заңгер Ләззат Рақышева айыптының қоғамға қауіпті екенін, стационарлық орталыққа жатқызылуы қажет екенін баса айтты. 

«Айыпты осы екі қыздың үйінің тура қарсында тұрыпты. Бүгінгі судьяға ұсынған талап-арызда стационарлық орталыққа жатқызылуы жайлы және әкелік құқықтан айыру жайлы ұсыныс бар. Себебі бұл азаматтың отбасы бар. Екі баласы бар. Өзінің баласына да азғындық жасауы мүмкін. Бұл адам қоғамға қауіпті», — деді Ләззат Рақышева. 

Адвокат Айман Омарова істің екі қызға да қатысты қозғалуы қажет екенін айтқан болатын.

«Экспертиза оның ақыл-есі дұрыс емес деп шығарды. Алайда отбасы, бала-шағасы бар ер азаматтың әдейілеп дәл көршісінің қыздарына азғындық істегеніне қарап, біз күмәнданып отырмыз», — деді Айман Омарова.

Тергеу орындарына уәж

Сонымен қатар, адвокаттар тергеу органдарының немқұрайлы көзқарасына қатты наразылық білдірді. Тергеушілердің бірі қыздардың анасына қыздарының «қыздық пердесі жыртылмағандықтан», олардың арыздарын қайтарып алу керектігін айтқан.

«Жыныс мүшесіне қол тигізу, оральды әрекеттерге мәжбүрлеу және іш киімді шешу зорлық-зомбылық емес пе?» – деп заңгер Ләззат Рақышева.

Ләззат Рақышева өзінің парақшасына айыптының телефонындағы порнографиялық бейнежазбалар іздегенін көрсетті.

«Егер ер адамның психикасы ауытқыған болса, неге ол қыздарды қалуға мәжбүрлеп, оларға ақша берген? Неге ақыл-есі кем болса, балаларға мұндай азғындық жасайды?» – деді Ләззат Рақышева өз жазбасында.

 «Бүгін менің балама тиіссе, ертең сіздің балаңызға тиіседі»

Қыздардың анасы айыптыны әкелік құқықтан айырса деген ниетін айтты.

«Мен осындай қоғамға қауіпті адамды әкелік құқықтан айырса дегенді айтқым келеді. Себебі ол қандай әке болады? Ол өзінің балаларын қалай тәрбиелейді? Қазір кішкентай бүлдіршіндерге мынадай арсыздық, ұятсыздық көрсетіп жатыр. Сондықтан бүгін менің балама тиіссе, ертең сіздің балаңызға тиіседі, солай басқа да балаларға қауіп төнеді. Сондықтан әкелік құқықтан айырса деген ниеттемін. Мұндай адамдардцң жабық мекемеде болғаны дұрыс», — деді қыздардың анасы.  

Сондай-ақ жәбірленуші қыздардың анасы заң жағынан көмектескен орталыққа алғысын айтты.

«One stope service - «Бір қадам» орталығының басшысы Айман Омароваға, Ләззат Рақышеваға, Хабаева Жеңісгүл ханымға алғысым шексіз. Осы кісілер заң жағынан маған бағыт беріп отырды. Үйге келіп балаларыма мейіріммен қарап тілдесті. Ләззат Рақышеваның заң жағынан көмегі тисе, Жеңісгүл Хабаева кішкене қыздарыма психологиялық көмек берді. Жасөспірім шағында да және кейін де осы педофилдің көрсеткені әсер ететінін айтып қолдау көрсетті. Осы соттағы жеңістен кейін мен әділдіктің бар екеніне сендім», — деді қыздардың анасы.  

Жаға ұстатарлық жағдайдан әбден қорқып қалған ана тағы да айыптының жабық мекемеде қалуын қатты сұрады.

«Менің бар талабым — осы қылмыскердің қоғамнан алыста,  жабық мекемеде қалып, балаларға мүлде жақындамауы», — деді егіз қыздардың анасы. 

Бұл трагедия — жас балаларға көрсеткен сексуалдық зорлық-зомбылық туралы іс емес. Бұл – құқық қорғау органдары мен соттардың мұндай қылмыстарға қалай қарайтыны және олар көмекке зәру адамдарды қаншалықты қорғай алатыны туралы мәселе. Қыздардың анасы мен адвокаттары әділеттілікке қол жеткізу үшін күресті. Ақыры сот әділ шешім шығарып, айыптыны қатаң түрде емдеу орталығына жіберді.


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар