Тәжікстаннан пана тапқан Талибандар саны артып келеді

cover

Күннен күнге Тәжікстаннан пана тапқан Талибандар саны артып келеді. 22 маусымындағы жағдай бойынша 17 талиб Тәжікстан территориясында болса, бүгінгі таңда олардың саны 1 600-ға жеткен.

Бұл туралы Orda.kz хабарлады.

Белгілі болғандай, 17 күнде Тәжікстан шекарасы 5 рет бұзылып, нәтижесінде 1 600 талибан аумаққа өтіп кеткен.

Бұл жағдайды білген көрші мемлекеттер өз шекараларын күшейткен. Тәжікстан өзінің шекарасына 20 мыңға жуық әскер жіберген. Олар өздерінің қауіпсіздіктеріне алаңдаушылық танытқан.

Сондай-ақ, осындай қарбаластың кесірінен Тәжікстан экономикасы зардап шеккен. Олар Ауғанстан арқылы Пәкістан, Үндістан және Иранға тауар шығара алмай отыр.

Мұндай бассыздықтың орын алуына 20 жыл Ауғанстанның қауіпсіздік мәселесіне араласып келген АҚШ-тың 90 пайыз әскерінің шығарылуы себеп болған.

Тәжікстан амалсыздан оңтүстік аймағын қорғап қалу мақсатында Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымынан көмек сұраған.

Мәселе бойынша Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров былай деген:

– Ауғанстандағы жағдайды жіті бақылап отырмыз. Елдегі ахуал күрт нашарлап кетуі мүмкін деген қауіп бар. Бұған АҚШ пен НАТО әскерінің ауған жерінен кетуі әсер етіп отыр. Ондаған жылдар бойы соғысқан шетел әскерлері Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру бойынша айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алмады. Біз Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасындағы Ресей базасының әлеуетін пайдалана отырып, одақтастарға жасалатын кез келген агрессиялық әрекеттерге тойтарыс беру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайынбыз.

Ал Қазақстандық сарапшылар әзірге болжам жасауға болмайды деген.

Бірақ Талибандардың Тәжікстан мен Өзбекстан территориясында белсенділігі артқанын жоққа шығаруға болмайды.

АҚШ барлық әскерін шығарған кезде Ауғанстан билігі кімге өтсе, әлемдегі жағдай соған байланысты болмақ.

5 шілде АҚШ босқындарды Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан аумағына кіргізуге ұсыныс тастаған. Сондай-ақ, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер Ауғанстаннан шығарылған әскер Қазақстанға кіргізілуі мүмкін, қазір «келіссөздер жүргізіліп жатқанын» айтқан.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар