2021 жылдан бері Қазақстанда екі миллиард ағаш отырғызылып жатыр. Соның қаншасы шынымен орманға айналады?

cover Фото: Игорь Улитин / Orda.kz

Қазақстанда екі миллиард ағаш отырғызу бастамасына биыл күзде тура бес жыл толады. Бұл идеяны президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы қыркүйектегі халыққа жолдауында жариялаған еді. Әуелі ағаштар 2025 жылға дейін толық отырғызылады деп жоспарланған. Алайда өткен жылдың қорытындысы бойынша, өз мерзімінде үлгермейтіні анықталды. Осыған байланысты бағдарлама 2027 жылға дейін ұзартылды. 

Orda.kz осы жоба аясында қанша ағаш егілгенін, оның қаншасы жерсінгенін және бұл мақсатқа қанша қаражат жұмсалғанын саралап көрді

Ағаш егу деген — жай арифметика емес

2021 жылдан бері «Екі миллиард» деп шартты түрде аталып кеткен (ресми атауы жоқ) бағдарлама аясында қанша ағаш егілгенін Экология министрлігі биылғы мамыр айының соңында жария етті. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Елемесовтің айтуынша, бүгінде 1,36 миллиард ағаш отырғызылған. Алайда олардың нақты қаншасы жерсінгені жөнінде шенеунік ештеңе айтпады.

Orda.kz бұл мәліметті анықтау үшін Экология министрлігіне ресми сауал жолдады. Ресми жауапта ағаштардың саны бұдан да көп екені көрсетілді. Жауапқа қарасақ, 2021 жылдан бері Қазақстанда 1,383 миллиард ағаш отырғызылған. Айта кету керек, бұл көрсеткіш тек елді мекендерден тыс орналасқан орман алқаптар туралы дерек береді. Қалалардағы көгалдандыруды қосып есептемегендегі көрсеткіш.

Бұл сан екі санатқа бөлінеді:

    • 743 миллион — бұл көшеттер. Яғни, биіктігі 20–25 см-ден аспайтын кішкентай ағаштар;

    • 640 миллион — бұл тікелей жерге себілген тұқымдар.

Көктеген ағаш көшеттері бұл санатқа жатпайды. Министрлік мұндай әдіс елді мекендерде ғана қолданылатынын айтып, сол үшін сол санатқа жатпайтынын түсіндірді.

Фото: Игорь Улитин / Orda.kz


1,38 миллиард ағаштың қаншасы жерсінді? Orda.kz Экология министрлігінен отырғызылған ағаштардың және тұқым ретінде егілген ағаштардың қаншасы нақты жерсінгенін жеке сұратқан еді. Алайда бізге бұл екі санат бойынша емес, жалпы жылдар бойынша жерсіну пайызымен жауап берді:

«Жерсіну көрсеткіші жыл сайын түгендеу нәтижесінде анықталады және мынадай болды: 2021 жылы – 45,3 %, 2022 жылы – 35,1 %, 2023 жылы – 31,2 %, 2024 жылы – 50,5 %», – деп жазды Экология министрлігі. 

Бірақ бұл – тек пайыздар. Ал нақты ағаш саны қанша? 2023 жылы Orda.kz бағдарламаның алғашқы екі жылы бойынша санын жариялаған еді. Олар депутат Нұрлан Бекеновтың сұранысына министрліктің берген жауабынан алынған. 2023 жылдың деректерін министрлік өзінің баспасөз хабарламасында көрсеткен. 2024 жылғы мәліметтерді экология министрі Ерлан Нысанбаев 2025 жылдың наурызында Парламенттегі тұрақты даму мақсаттары жөніндегі комиссия отырысында атаған.

Біз өз бетімізше есептеп көрдік (2025 жылға қатысты мәліметтер әлі жоқ):

  • 2021 жыл: 138 миллион ағаш → 45,3% жерсінген → 62,5 миллион;
  • 2022 жыл: 280 миллион ағаш → 35,1% → 98,3 миллион;
  • 2023 жыл: 340 миллион ағаш → 31,2% → 106 миллион;
  • 2024 жыл: 306 миллион ағаш → 50,5% → 154,5 миллион.

Жалпы 1,064 миллиард отырғызылған ағаш бойынша дерек бар. Соның 421,3 миллионы ғана жерсінген, бұл – шамамен 39,6 %. Біз әртүрлі әдіспен есептеп көрдік, бірақ қандай формула қолдансақ та, нәтиже шамамен 40% деңгейінде болды.

Ақша қайда кетті? Министрліктің жауабына сүйенсек, 2021–2025 жылдар аралығында орманды көбейту және қалпына келтірудің кешенді жоспарлары аясында, соның ішінде тұқым егу арқылы, ағаш отырғызуға 36 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.

Бұл – әр ағашқа орта есеппен 18 теңге деген сөз.

Жаман емес. Дегенмен, егер жерсіну көрсеткіші 40 пайыз шамасында деп алсақ, онда ағаш отырғызуға бөлінген 36 миллиард теңгенің тек 14,4 миллиарды ғана расымен өскен ағаштарға жұмсалды деуге болады.

Орман географиясы: 60% ағаштың қурауы шығын ба?

Ағаштардың 60 пайызы жерсінбеген болса, бұл қаржының тиімсіз жұмсалғанын білдіре ме? Шындығында, олай емес. Себебі ағаш отырғызу ісінде 100 пайыз жерсіну деген болмайды.

Экология министрлігінің түсіндіруінше:

«Ағаштардың жерсіну нормативін белгілеу, орман алқаптарын өсірудің тиімді әдістері мен агротехникасын жасау мәселелерімен орман шаруашылығы ғалымдары 1960–80 жылдар аралығында айналысқан. Сол зерттеулер нәтижесінде Қазақстан аймақтарының топырақ-климаттық ерекшеліктері мен ағаш түрлерінің биологиялық қасиеттерін ескере отырып, ағаш пен бұта түрлерінің жерсіну нормативі 30–70% аралығында белгіленген». 

Байқағанымыздай, министрліктің жауабында нақты аймақтар бойынша қазіргі жағдайға бейімделу де жоқ. Сондықтан біз бұл мәселеге түсініктеме беру үшін сарапшы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің орман ресурстары, аңшылық және балық шаруашылығы кафедрасының профессоры Талғат Кертешевке хабарластық.

Алдымен, 40–60 жыл бұрын жасалған жерсіну есептеу әдістемесі ескірмеді ме деген сұрақ қойдық. Ғалымның айтуынша, бұл қарапайым математика, сондықтан өзектілігін жоймаған.

Талғат Кертешев Қазақстанда бірыңғай жерсіну көрсеткіші болмайтынын растады. Өйткені еліміздегі климаттың әртүрлілігі тым ауқымды. Оңтүстікте шөлейт, ал солтүстік-шығыста тайга белдеуі бар. Бұған таулы жерлердегі биіктік белдеулерін қосыңыз. Сол себепті әр аймақта жерсіну нормативі әртүрлі.

«Мәселен, Ақмола облысында 70% жерсіну жақсы көрсеткіш саналады. Ал Қызылорда облысында, Арал маңына егілетін сексеуіл үшін 40% қалыпты деңгей. Өйткені ол жақта жағдай күрделірек, топырақ әлі қалыптасып жатыр. Егер жерсіну көрсеткіші нормативтен төмен болса, отырғызу жұмыстары қайталанады. Ал егер 25%-дан да төмен болса, бұл құрыған орман болып есептеледі», — дейді профессор. 
Талғат Кертешев. Фото: facebook.com/tkerteshev

Ғалым география тек жерсінуге ғана емес, ағаш түрін таңдауға да әсер ететінін айтады. Мысалы, қарағайды кез келген жерге егуге болмайды:

«Қарағай өзіне тән табиғи аймақтарда ғана өсуі керек. Қазақстанда бұл — Ақмола және Абай облыстары. Бұл өңірлерге Алтай өңіріндегі «жолақ ормандар» деп аталатын қарағай белдеулері жатады. Абай облысында қарағай өсіретін арнайы бақтар жасалған. Ал Шығыс Қазақстанда шыршаға қолайлы жағдай бар», — дейді Кертешев. 
Фото: Игорь Улитин / Orda.kz


Соңғы төрт жылда әр өңірде нақты қандай ағаштар отырғызылғаны туралы министрлік ақпарат бермеді. Бірақ бақтарда қанжай түрлері өсірілетіні туралы тізім ұсынды:

«Негізінен бақтарда көбіне аймақтарға тән ағаштар түрі өсіріледі. Мысалы, солтүстікте — қарағай мен қайың, шығыста — қарағай, шырша, майқарағай мен самырсын. Ал оңтүстік пен батыста түрлер әлдеқайда көп — жөке, сексеуіл, үйеңкі, терек, алма, жиде және басқалары», — деді министрлік бізге берген жауабында. 

Талғат Кертешевтің айтуынша, тұқым мен көшеттер жерсінсе, олардың нәтижесі көзге көрінуі үшін көп уақыт қажет емес.

«2021 жылы отырғызу басталса, бес жылдан соң кейбір орман алқаптары 1 метр биіктікке жетеді. Егер бұл жапырақты ағаштар болса және саны нормативке сәйкес келсе, сол аумақты ресми түрде орман деп есептеуге болады. Демек, 2026 жылы алғашқы отырғызылған ағаштар орман санатына ауыстырылуы мүмкін», — дейді ғалым. 

Ал толыққанды ересек ағаштарға айналуы үшін бірнеше ондаған жыл қажет. Қылқан жапырақтылар – ертерек, жай жапырақты ағаштар кешірек өседі. Бірақ бұл да табиғаттың жағдайына тәуелді.

Қытай тәжірибесі және сексеуіл

Дегенмен сексеуіл көбіне тез өсіп, жетіледі. Ол шамамен 10 жылда өсіп, үлкен ересек болады. Бірақ сол ересек ағаш болып алғаннан кейін өсуі тым баяулайды. Сондықтан шығыс өңірдегі Алтай тайгасынан келген адам Арал маңындағы сексеуіл орманын көріп, оны орман деп айта да алмауы мүмкін. Алайда Қазақстандағы ормандардың негізгі бөлігінде дәл осы сексеуіл тоғайлары бар.

Профессор Талғат Кертешевтің айтуынша, сексеуіл отырғызу жұмыстары да екі миллиард ағаш жобасына жатады. Бірақ 2023 жылғы Экология министрлігінің баспасөз хабарламасында бұл ағаш бөлек көрсетілген. Ал 2025 жылғы мамырда Мақсат Елемесов екі миллиардтан тек бір топ сексеуілді – Арал теңізінің құрғаған жеріне егетіндерін айтты. Дегенмен, қанша ағаш екенін сол кезде де айтпады. Тек 486 мың гектар аумаққа егілгені ғана көрсетілген.

2024 жылдың наурыз айында Арал теңізінің құрғаған жеріне егілген сексеуілдер. Фото: Игорь Улитин / Orda.kz


Мүмкін, нақты санын министрлік есептей алмаған болар. Себебі сексеуіл көбіне тұқым арқылы егіледі. Көшеттер де қолданылады. Бірақ олар әлдеқайда аз. Ал Талғат Кертешевтің айтуынша, сексеуіл тұқымының жерсіну көрсеткіші өте төмен.

Осы тұста Қытайдың шөлді көгалдандырмақ болғаны еске түседі. Видеохостингтерде Қытайдың Такла-Макан шөлін көгалдандыру туралы бейнероликтер көп. Алдымен шөппен төртбұрыштарға бөлінген аумақ жасалады, кейін онда шөп, одан соң бұта мен ағаш өседі. Біз бұл әдістің шын мәнінде тиімділігі бар ма, әлде жай ғана пиар ма деген сұрақты профессор Кертешевке қойдық. Ғалым бұл әдістің шынымен де жұмыс істейтінін, тіпті Қазақстанда соған ұқсас тәжірибе жасалғанын айтты.

«Ақтөбе, Алматы, Түркістан облыстарында мал негізінен ауыл маңында ұсталады. Мұндайда ауыл айналасындағы жайылымдар тозып, құм ауылдарға қарай жылжиды. Біз Алматы облысындағы Бақбақты ауылында және Түркістан облысындағы Аралқұм станциясында биологиялық және механикалық әдістерді қолданып көрдік. Құмды бөліп, 65 см биіктікте қамыстан қалқан орнаттық. Соның арқасында көлеңке мен ылғал пайда болды. Ылғал бар жерде сексеуіл, жүзгін мен басқа да бұталар өсе бастайды. Қазір сол аймақтарда өскен сексеуіл ауылдарды қоршаған жасыл белдеуге айналды», – дейді ғалым. 

Алайда, оның айтуынша, бұл жұмыстар грант берілетін жоба аясында жүзеге асқан. Алайда кейін ешкім жалғастырып әкетпеген соң, сол күйі қалып қойған. Қадірлі оқырман, міне ел бойынша жоспарланған екі миллиард ағаштың 617 миллионы ғана отырғызылмаған. Бұл өте өзекті мәселе. Қазақстанда құмның таралуына қарсы күресу үшін дәл осындай мемлекеттік бағдарламалар қолға алынуы қажет.  

Автор: Игорь Улитин 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар