Желі қолданушылары білуге тиіс ақпарат: таныстықтың соңы неге апарады?

cover 5СФЕР

Пандемия басталғалы адамдардың өмірі виртуалды көрініс тапты. Бәрі қашықтан. Тіпті жаңа таныстықтар әлеуметтік желі мен таныстық алаңдарында бұрынғыдан да кең етек жая бастады. Әрбір алтыншы некедегі жұп ғаламтор арқылы танысады.

Orda.kz ғаламтордағы таныстықтың арты неге апаратынын анықтауға тырысып көрді.

Тың дерек

Ғаламтордың жаһандану кезінде адамдардың өмірі виртуалды көрініске ие болып келеді. Әрбір үшінші адам өмірінде бір рет болсын таныстық алаңдарына кіріп көрген. Біріне ұнаса, бірінің көңілі толмаған.

Адамдар таныстық алаңдарында өзінің ең әдемі, әрі сәтті шыққан суретін қояды немесе желідегі басқа сымбатты тұлғаның суретін уақытша ала тұрады. Зерттеу бойынша таныстық алаңында адамдардың 57%-ы өзі туралы ақпаратты толық бермейді, болмаса барынша шындықты бұрмалайды.

Сіз кез келген жағдайда бұрынғы тұтқынмен немесе үйде масыл болып отырған жалқау адаммен хат алмасуыңыз да әбден мүмкін.

48% адам таныстық алаңына қызығушылық танытып кіреді. 13%-ы болашақ жарын табуға ниеттенеді. Оннан бірі жыныстық қатынасқа түсетін адам іздейді. Ал қалғандары тек жаңа таныстық іздеп ғаламтор шарлайды.

Онлайн-азғындық, онлайн-педофилия

  1. Көп жағдайда желідегі таныстық азғындарға толы болып келеді. Олар хат-хабарлама алмасу кезінде өздерінің жыныстық мүшелерін суретке түсіріп жіберіп, я болмаса сізді азғындық жолына тартуы мүмкін.

Әдетте ересектер үшін мұндай тұрпайы хат алмасу, болашақта бопсалау құралына айналып жатады.

Ал жасөспірімдер үшін онлайн-педофил өте қауіпті. Еске салсақ, 2020 жылы қыркүйекте Павлодар тұрғыны кәмелетке толмаған балаға ұятсыз суреттер жібергені үшін 6 жылға сотталды.

Өткен жылы Ішкі істер министрлігі 200-ге жуық жалған парақшалар ашып, онлайн-педофилдердің ізіне түскен. Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитеті департаментінің орынбасары Ділбар Төлегенованың айтуынша, порнографиялық материалдарды таратуға арналған екі мыңнан астам интернет-ресурстар анықталған. Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігі осындай 1,5 мыңнан астам сайтты бұғаттаған.

Адам саудасы

2. Арам пиғылды адамдар таныстық алаңдары арқылы өзінің жаман ойын іске асыруға ұмтылатындығын естен шығаруға болмайды. Бейтатаныс адамдарға сене салу жақсылыққа апармайды.

Қазақстан адам саудасы бойынша Орталық Азияда көшбасшы болып қалуда.

«Тірі тауарларды» негізгі импорттаушылар Таяу Шығыс елдері мен Қытай. Жақында 39 қазақстандық әйел Бахрейн Корольдігінде жыныстық құлдықтан босатылды.  

Көбіне жас қыздар мен ажырасқандар зардап шегеді. Рекрутерлер жұмыс істемейтін отбасында тұратындарды арнайы іздейді, олар әлеуметтік желілер арқылы байланысқа шығады.

Жантүршігерлік оқиғалар

3. Әлеуметтік желідегі таныстықтың соңы қорқынышты жағдайлармен аяқталып жатқан оқиғалар аз емес. Мысалы, 2018 жылы бір азамат жәбірленушілердің сеніміне кіріп, 11 адамды аяусыз өлтірген. Бүгінде жыныстық маньяктар мен педофилдер интернетте өз ойлағандарын іске асыру үшін жаңа мүмкіндіктерге ие болды.

Жақында осындай, жантүршігерлік оқиға қайта орын алды. Бойжеткен Аяжан Еділова өзін өлтірген адаммен желіде танысып, байланысқа шыққан. Басылымдар түрлі болжам жасауда. Оның бірінде – бұл күдіктінің алғашқы құрбаны емес делінген. Оқиғаның мән-жайы әлі анықталуда.

Позитивті сценарий

Иә, көріп тұрғандарыңыздай әлеуметтік желі мен таныстық алаңдары балалар үшін ғана емес, тіпті ересектерге де үлкен қауіп төндіруде. Алайда олар желіге құрбан боламын деп емес, жақсы таныс, өмірлік жар іздеп кіреді. Бұл туралы психолог Юлия Абдулина былай дейді:

– Адамдар әлеуметтік желі мен таныстық алаңдарына қарым-қатынаста болғысы келгендіктен кіреді. Олар сонда болашақ махаббаттарын табуды армандайды. Бірі бір түнге махаббат іздесе, бірі ұзақ мерзімге қатынас құруды көздейді. Әрқайсысы әр түрлі мақсатпен кіреді.

Ал жасөспірімдерге келер болсақ, олар мұндай қадамға неліктен баратыны белгісіз. Бірақ, менің ойымша, олардың көбінің отбасылық қиындықтары бар. Оларға ересек адамдардың сенімді қарым-қатынасы жетіспейді. Өздерімен үлкендердің тең дәрежеде, ересек адамдарша қатынас жасағанын қалайды. Олай болмаған күнде қажеттіліктерін сырттан іздей бастайды. Бала кәмелеттік жасқа толып, ақыл тоқтатқанша оған ата-аналары жауапты болады. Ата-ана баласын қадағалап отыру керек.  Бірақ біржақты патологиялық бақылауда ұстамай, дұрыстап қадағалау керек. Яғни, ата-ана баламен байланыс орнатып, одан қал-жағдайын сұрап тұрса, ол байланысты сырттан іздемейді. Ол бәрін ата-анасына айтады.

Желіге өзіне-өзі зиян келтіретін мінез-құлығы бар адамдар кіреді

Психологияда «өзіне-өзі зиян келтіретін мінез-құлық» деп аталатын құбылыс адамның ішкі жан дүниесінде болса, ода қорқу немесе алаңдау қабілеті болмайды. Мұндай жағдайда адам жағымсыз жағдайға тап болуы әбден мүмкін.

Әлеуметтік желіге көбіне байланысы жоқ адамдар бет алады. Адамдар байланысқа әрдайым мұқтаж болып келеді. Ал қылмыскерлер жақсы психолог бола алады. Олар өзінің құрбанына не керегін жақсы түсінеді. Осылайша, оның осал тұсын өз пайдасына қолданады. Олар зардап шегушілерге қажетін беруге сөз береді. Ал мұқтаж адам міндетті түрде мұндайға алданады. Қылмыскердің сөзіне ереді, соңынан зардап шегуші болып шыға келеді.

Менің тәжірибемде әлеуметтік желіден зардап шегушілер болмаған, бірақ мен оның зиянды тұстары жайлы білемін. Әдетте, менің клиенттерім желіде танысып, отбасылы болып жатады.

Әр адамның ішкі сезімі, түйсігі болады, ол әрдайым жол сілтейді.

Медиа тәжірибе

Жақында super.mamasita өзінің күйеуімен қалай танысқаны туралы айтып берген.

Олар таныстық алаңында танысып, кездесіп, 7 ай жүріп, отбасын құруға бел буған. Мұндай позитивті жағдай кім-кімді болса да, шабыттандырмай қоймайды.

Пандемия басталғалы өмір виртуалды кейіпке енді. Әлеуметтік желі мен таныстық алаңдарындағы байланыстың болашағы қандай? Бұл тенденция әлі де дами ма? Бұл сұраққа Qamalladin Media агенттігінің өкілі Диана Кулакеева жауап берді:

– Жалпы желідегі таныстық ол шындық. Қазіргі ХХІ ғасырда, 2021 жылы адамдарда басқаша танысуға мүмкіндік жоқ. Егер бұрындары оған күмәнмен қарап, олай жасамауға тырысса, қазір дәл солай айтып тұрып, бірақ сондай қадамға барады. Менің қол астымдағы қызметкерлердің 99 пайызын қыздар құрайды. Біз бұндай жағдайларға қалыпты қараймыз. Иә, қыз болғаннан кейін ұялады, бірақ жекеде жауап қайтарып, назарын өзіне аудартуға барынша тырысады. Бойжеткендер бұлай танысу дұрыс емес деп жатады, бірақ шындыққа келер болсақ, ол қалыпты дүние.

Бұрындары өзімде желідегі таныстыққа күмәнмен қарайтынмын. Қазір мен пандемия кезінде адамдардың басқа амалы жоқтығын түсінемін. Адамдар өз уақыттарын өткізіп, сөйлесіп, танысу керек. Сондықтан студенттер мен жастар үшін бұл мүлде жеңіл дүние.

Желідегі таныстық өзектілігін жоғалтпайды. Ол қалатын дүние. Адамдар Instagram-ға кіріп, атын жазып, белгілі бір адамды табуға тырысады. Қазір бәрі осылай болып жатыр. Бір жерде көріп қалып, оның Instagram парақшасын алып, жекесіне шығып, таныстық жалғасып жатады. Адамдар желіде жиі, тіпті әрқашан танысады. Ол қазір өзекті және өзектілігін жоғалтпайды.

Редакциядан: Кәмелетке толмаған баланың қауіпсіздігіне бірінші оның ата-анасы жауап береді. Оның ғаламтордағы әрбір іс-әрекетіне де ата-ана жауапты. Баланы интернеттен шектеу, әсіресе бүкіл әлем онлайн режимге көшкенде қиынға соғады. Интернеттен бала ақпарат алады, youtube-те бейнежазбаларды көреді, әлеуметтік желілерде және жедел хабарламаларда хат алмасады. Сондықтан ата-аналарға операциялық жүйелер мен браузерлерде «ата-аналық бақылауды» орнатуға кеңес беріледі. Ол арқылы сіз тақырып бойынша сайттарға кіруге шектеу қойып, смартфондарда бағдарламаларды іске қосып, онлайн сатып алуға тыйым сала аласыз. Жалпы, баланы аз да болса, өз бақылауыңызда ұстайсыз.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар