«Жалғыз үйіміз құлап кете ме деп алаңдаймыз»: су тасқынынан зардап шеккен ауыл тұрғындары көмекке зәру

Түркістан облысы Сауран ауданы Игілік ауылының тұрғындары су тасқыны ауылға алып баратын жалғыз жолды шайып, кей үйлерді зақымдады дейді. Бір аптадан бері байланыссыз қалған олар өкіметтен көмек сұрайды.
«Үйіндінің астында қалмасақ екен»
32 жастағы Рима Қалдыбекованың бес баласы бар. Тұңғышы – 5- сыныпта оқиды, кенжесі 7 айлық. Күн жылынғанда кісінің малын бағады. Қалған уақытта балаларының жәрдемақысымен күнелтеді.
Рима отбасымен Игілік ауылының шетінде орналасқан үш бөлмелі кепе тамды паналаған. Көпбалалы ана ескі үйдің іргесі қашан қаланғанынан да бейхабар. Кесектен салынған үйдің іргетасы цементтелмеген, әуелден тау тастарымен қаланған. Үйдің сырты лай сылақпен тұр, кей жерінде ол да түсіп қалған. Бір бөлмесі көгеріп, төбесінен су аққан соң есігін жауып тастаған.
3 ақпан күні Түркістан облысында қатты жауған жауын мен еріген қалың қардан тасыған су бұл отбасын да айналып өтпеді. Ескі үйдің іргесіндегі тасты шайып, қабырғанын қисайтқан.

– Су тасығанда үйдің артына жиналып қалды. Үйдің іргесі тас, цемент құйылмаған. Сол тастар жылжып кеткен. Тасты орнына қойдық. Түнде тағы жауын жауып, тас жылжыды. Не істерімізді білмей, қорқынышпен күн өткізіп отырмыз, – дейді көпбалалы ана.

Риманың айтуынша, күйеуі екеуі күнде кезекпен үйді күзетіп жүр. Баспанасы құлап, бес баласымен үйіндінің астында қаламыз ба деп алаңдайды.
– Су тасып, беті қайтқаннан соң әкімдіктен адамдар келіп, үйдің жайын тексеріп кетті. Құжаттарын бердік. Үйді жөндеуге, не басқа үй салуға жағдайымыз жоқ. Күйеуім де, өзім де жұмыс істемейміз. Жазда кісінің малын бағамыз. Ол тамағымыздан артылмайды. Көмектесіңіздерші, – дейді Рима Қалдыбекова.
«Ауылға алып баратын жалғыз жол жабылды»
Түркістан қаласынан шамамен 50 шақырым қашықта орналасқан Игілік ауылында бас аяғы 25 отбасында жүзден аса адам өмір сүреді. Барлығы дерлік - көпбалалы отбасы. Онда 4-сыныпқа дейін оқитын бастауыш мектеп қана бар. Ауылға алып баратын жалғыз тас жолдың өзін су шайып, миы шығып жатыр. Жол жабылған соң көрші жатқан Бабайқорған ауылындағы мектепке арнайы автобуспен тасымалданатын жоғарғы сынып оқушылары онлайн оқуға көшкен. Бірақ байланыс жоқ, интернет желісінің өзі бірде ұстап, бірде ұстамайды.

Игілік ауылының тұрғыны Абзал Пірімқұлов күн шықпай, жерде мұз қатып тұрғанда көлігімен ауылдан шығып, Түркістан қаласындағы жұмысына жетіп алады. Сол кеткеннен үйіне түн ортасы ауғанда келеді. Әйтпесе, су тасын шайып кеткен жолмен жүру мүмкін емес.
– Ауыл байланыссыз қалды. Күндіз ауылға алып баратын жалғыз жолмен жүру мүмкін емес. Жедел жәрдем қызметінің өзін шақыру мүмкін емес. Ауыл адамдары азық-түлік алуға шыға алмай отыр. Ел болған соң ауыратын адам бар. Көлік батпаққа батып қалады. Кіші қызымның жүрегі ауырады. Егер ауруы бірден асқынып қалса дәрігерге қалай уақытылы жеткіземін?, – дейді ол алаңдап.

Абзал Пірімқұлов бір аптадан бері онлайн оқуға көшкенімен, интернет ұстамай, сабақ оқи алмай қалған жоғарғы сыныпта оқитын екі баласының оқу үлгерімі төмендеп кететін болды дейді.
– Ауылда медпунк жоқ. Өкіметтің бар екенін көрсететін аядай ғана бастауыш мектеп бар. Асфальт жол төсеу туралы айтып, әкімшіліктің табалдырығын тоздырдық. Міне, енді жүзден аса адам айдалада еш байланыссыз қалдық, – дейді ол.
Игілік ауылына алып баратын жалғыз жолды су шайып кеткенін Түркістан облысының әкімдігі растайды. Әкімдіктің Orda.kz тілшісіне берген мәліметінше, жоспарға сай биыл Игілік ауылына жаңа жол салынады. Ауа-райының қолайсыздығына байланысты құрылысты бастау талапқа қайшы. Сондықтан бұл жолмен жүру үшін тас төселіп жатыр.
«Жауын су шайған үйлерді анықтау үшін арнайы комиссия құрылған. Олар әлі қорытынды шығарған жоқ» делінген әкімдік хабарламасында.
Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы Игілік ауылындағы 5-11 сынып оқушыларының онлайн оқуға интернет байланыс жоқ дегенді жоққа шығарады. Басқарманың хабарлауынша, төтенше жағдайға байланысты ауылдан көрші Бабайқорған жалпы орта мектебіне тасымалданатын 18 оқушы онлайн оқуға көшкен. Интернет жұмыс істейді.
Ал ауылдағы Игілік шағын жинақты бастауыш мектебінде 14 оқушы офлайн форматта оқып жатыр.
2 ақпанға қараған түні Түркістан облысында қатты жауын-шашын мен қалың қар еріп, бірнеше қала мен ауылдарға су кірген. Бір тәуліктен соң су басу қаупінен Шаға ауылының тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілген. Ондаған мал қырылып, су аулалар мен үйлерді бүлдірген. Кейіннен 21 ауылдағы 234 үйдің ауласына су кіргені белгілі болды. Әзірге қанша үй бүлінгені белгісіз. Төтенше жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылған. Тексеру жалғасып жатыр.
Жаңалықтар
- «Ленина 36» дәмханасының атауы өзгеретін болды
- Шымкентте 20 млн теңгенің алтынын жымқырған пәтер ұрылары ұсталды
- «Менің үнсіздігімді 3 пәтермен сатып алғысы келді»: Сот үкімінен кейін Сәкен Мамаштың экс-әйелі пікірін айтты
- Тоқаев жаңа салық кодексі туралы заңға қол қойды
- «Кінәсін мойындамады»: Әйелінің 9 жастағы жиенін зорлаған ер адам өмір бойына сотталды
- Бұрынғы дипломат Сәкен Мамаш әйеліне зорлық көрсеткені үшін алты жылға сотталды
- «Астанада емделеді»: Науқас ұрғаннан жансақтау бөліміне түскен хирургтың жағдайы ауыр
- «104» деген лақап аты бар рэпер тұрмыстық зорлық-зомбылық жасады деп айыпталды
- Тікұшақ тасыды: Алматы тауында жасөспірім 15 метрлік жардан құлап мертікті
- Испания билігі Нұрсұлтан Назарбаевтың қызынан көшені қайтарып алды
- Журналист Лұқпан Ахмедияров кибершабуыл құрбаны болды
- Путин Панфиловтың немересі Алуа Байқадамованы марапаттады
- Атырау облысында түйелер жаппай қырылып жатыр
- Цифрлық жүктемеге қарсы балама: фотоны сақтау үшін жаңа шешім пайда болды
- «Хирургты жансақтау бөліміне түсірген науқас»: Денсаулық сақтау министрі қазақстандықтарға үндеу жасады
- «Резонанс үшін сотталды»: Шерзаттың ісіндегі айыпталушы тарап аппеляциялық соттың ашық өтетінін айтты
- Белгілі жазушы Исраил Сапарбай дүниеден өтті
- Перизатты Димаш Құдайберген, Мәулен Әшімбаев және Ерлан Қарин қайырымдылық жолында қалай қолдады?
- Анасының сырқатын сылтауратқан: Ұлытаудың бұрынғы прокуроры үш жарым жылға сотталды
- Тентіреген жастар, торыққан қараша халықтың шындығы және құрып бара жатқан Арал туралы «әдемі» баяндамалар