«Тек қазақ тілінде ашылсын»: Алматыда ата-аналар жаңа мектептің аралас тілде ашылғанына қарсы

cover Фото: Threads/@rakhimberlinturar

Алматы қаласының Бостандық ауданында қазақ мектебі болады деп күтілген жаңа білім ордасында орыс сыныптарының ашылуы ата-аналардың ашу-ызасын туғызып, желіде қызу пікірталас тудырды.

Оқиғаның мән-жайын Orda.kz журналисі анықтап көрді.


Қыркүйек жақындап, жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Алматының Бостандық ауданында ашылуға дайын тұрған №215 жаңа мемлекеттік мектепке қатысты ата-аналар арасында дау туып отыр.  

Ата-аналардың айтуынша, бастапқыда №215 мектеп толықтай қазақ тілінде болады деп хабарланған. Көпшілік осыған қуанып, балаларын жаңа қазақ мектебіне беруге дайындалған. Бірақ құжаттарды қабылдау басталғанда жағдай өзгерді.

«Құжат өткізуге барған кезде орыс сыныптарына да ата-аналар ұзын-сонар кезекке тұрғанын көрдік. Содан кейін мектепті аралас қылып ашатынын айтты», – дейді ата-ана.

Олардың пікірінше, Бостандық ауданында орыс мектептері онсыз да жеткілікті, ал қазақ мектептері санаулы ғана. Сондықтан жаңа мектептің аралас емес, таза қазақ мектебі болғаны қажет дейді. 

«Орыс мектептері жеткілікті, жаңа мектептің артында толық орыс тілді 38 гимназия орналасқан. Біз жаңа 215-мектеп қазақша болады деп қуанып едік, енді аралас дегенде көңіліміз қалды», – дейді ата-аналардың бірі.

Ата-аналар мектептің тек қазақ тілінде болатыны жөніндегі өтінішпен қала әкімі Дархан Сатыбалдыға хат жолдаған. Хатта Бостандық ауданындағы 9 қазақ тілді мектепте оқушы орындары тапшы екені айтылған.

Сонымен қатар, хатта тұрғындар аралас мектептердің бірқатар кемшіліктеріне назар аударған.

  1. Оқушылардың тілдік негізде бөлінуі. Бұл жағдай біртұтас мектеп мәдениетінің қалыптасуына кедергі келтіріп, балалар арасындағы өзара қарым-қатынас деңгейін төмендетеді.
  2. Мемлекеттік тілдің беделінің төмендеуі. Қазақ тілі негізгі емес, қосымша тіл ретінде қабылданады, бұл мемлекеттік тілге деген құрметті кемітеді.
  3. Тілдік орта жеткіліксіз. Қазақ тілді оқушылар орыс тілді ортамен жиі бетпе-бет келіп, бұл олардың тілдік, мәдени болмысын толық қалыптастыруға кедергі жасайды.
  4. Тәрбиелік іс-шараларды ұйымдастыруда қиындықтар. Шаралардың екі тілде өтуі олардың мазмұндық және ұйымдастырушылық деңгейіне кері әсер етеді.
  5. Педагогикалық тепе-теңсіздік. Аралас мектептерде екі тілді бірдей меңгерген білікті педагогтардың жетіспеушілігі байқалады.

Дәл осы маңда орналасқан аралас №146 мектепте бір сыныпта 36 оқушыға дейін білім алады. Ата-аналардың айтуынша, мұндай жағдайда сапалы білім алу мүмкін емес.

«Атап айтар болсақ, қазіргі таңда №146 мектеп-лицейде балаларымыз білім алуда. Оқушы саны баршылық. Бір сыныпта орта есеппен 28-36 оқушыға дейін оқиды. Бір кабинетте 20-22 оқушы отырса білім алуына да мұғалімнің 45 минутта сабақ үйретіп, үй тапсырмасын сұрап үлгеруіне де лайықты.  Ал, 25тен жоғары 34-36 оқушыға дейін баланың сыныпта артық отырғаны білім алуға кедергі жағдайлар туындайтыны сөзсіз.», деп жазылған хатта.


Желі қолданушысы Дархан Ардақұлы Facebook парақшасында 15 тамыздан бастап бұл жағдайға қатысты пікір білдіріп келеді. Ол қазақ тілді мектептердің көбеюі уақыт талабы болғандықтан, жаңа білім ордасы да қазақ тілді болу керектігін алға тартты.

Кейін мектепті қазақ тілінде ашуды талап еткен Дархан Ардақұлы 15 күнге қамалғаны белгілі болды. Бұл туралы белсенді  парақшасында жариялады.

«Мені 15 күнге соттап жіберді. 488-баптың 7-тармағы бойынша «мектепке барамыз»   деген сөзімді митингке шақыру деп айыптады. №215 мектептің қазақ мектебі болғанын талап етемін. Ештеңеге өкінбеймін,  7 қыркүйекке дейін абақтыдамын, өкінішке қарай ешқандай әрекет жасай алмаймын» деп жазды Дархан.

Әкімдік не деді?

Әкімдіктің мәліметінше, жаңа №215 мектептің оқыту тілі ата-аналардың сұранысы мен қажеттіліктерін ескере отырып анықталады. Яғни, мектептің оқыту тілі туралы алдын ала нақты шешім қабылданып, жоспарланған емес. 

«Сынып бала саны 25-ке толған жағдайда ашылады. Оқыту тіліне байланысты сұраныстар саны 25-ке жетпеген болса, ондай сынып ашылмайды. Бұл жағдайда ата-аналарға қалаулары бойынша балаларын жақын маңдағы мектептерге беру туралы ұсыныс жасалады» деп жазылған ресми жауапта

Сондай-ақ, әкімдік желіде айтылып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтады.

«Нақты айтқанда, қазір Бостандық ауданында барлығы 34 мектеп бар. Оның 9 қазақ тілінде, 15 – аралас, 10 – орыс тілінде» деп жазылған хатта.

Әкімдік сонымен қатар Алматыда қазақ сыныптарына деген сұраныс жыл сайын артып келе жатқанын мойындады. 1990 жылы қалада небәрі 11 мың оқушы қазақша оқыса, қазір олардың саны 177 мыңға жеткен.


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар