Түркістан: Күш көрсеткен экс-полиция қызметкерлеріне үкім шықты

cover

14 желтоқсанда Түркістанның Ордабасы аудандық соты Отырар аудандық полиция бөлімінің бұрынғы үш қызметкеріне үкім шығарды. Жасұлан Сейітжаппаров, Қанат Налмишов, Сағадат Жандарбек «азаптау» және «өзін-өзі өлтіруге шақыру» бойынша кінәлі деп танылды.

Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Сейітжаппаров төрт жарым жылға сотталып, майор шенінен айрылды. Налмишов төрт жылға бас бостандығынан айырылып, капитан шенінен түсті. Жандарбек төрт жылға сотталып, аға сержант шенінен айрылды.

Сейітжаппаров, Налмишов және Жандарбек Азаттыққа айыпты мойындамайтындықтарын және апелляциялық шағым түсіретіндерін айтты.

Іс бойынша жәбірленуші болған Азамат Жарасов пен Нүркен Салханов сот үкімімен келісетіндіктерін айтты.

Тергеу мен айыптаудың анықтауы бойынша, айыпталушылар жануарларды ұрлады деген күдікпен полицияға әкелінген облыстың екі тұрғыны - Нұркен Салханов пен Азамат Жарасовты азаптаған. Жәбірленушілердің бірі, іс құжаттарына сәйкес, кейінірек өзіне қол жұмсамақ болған. Үш полиция қызметкері азаптау, қорлау, тұншықтыру, жәбірленушілерге физикалық және психологиялық қысым көрсету бойынша айыпталды.

10 желтоқсандағы жарыссөзде сотталушылар өздеріне тағылған айыпты үзілді-кесілді жоққа шығарды және Отырар аудандық прокуратурасы полицияның ізіне түсуге «мүдделі» екенін мәлімдеді.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар