Соғыс құпиясы: Қытайда кеңес тыңшысы болған қазақ жайлы құпия құжаттарда не жазылған?

cover Фото: жеке мұрағатынан

Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихы егжей-тегжейіне дейін зерттеліп біткендей-ақ көрінеді. Алайда бізге әлі беймәлім деректер бар. Сондай құпиялардың бірі — Баймұқат Тілеубаевтың Қытай еліне тыңшы болып барғаны. Соғыс кезінде шекараның арғы бетінде қалған Қытайдағы қазақтар да азаттыққа жетуге ұмтылды. Саяси күштер, соның ішінде өз мүддесін ойлаған Кеңес үкіметі де оларды астыртын қолдап, тыңшыларын жіберді. 

Orda.kz арғы беттегі қазақтың азаттық алуы үшін құпия іссапарға аттанған азаматтың әлі еш жерде жарияланбаған деректерін баяндағалы отыр.

Әуелі арғы беттегі қазақтар жайлы қысқаша айта кетсек. Өткен ғасырда Қазақстандағы қазақтар Ресей құрамында, ал Қытайдағы қазақтар Қытай құрамында болғанда Ілеге қатысты екі ел Петербор келісімін жасап, шекара сызығы сызылды. Солайша Шығыс Түркістан жері арғы бетте қалып қойды. Сол жердегі қазақтар 1944 жылы Шығыс Түркістан республикасын құрған болатын. Былтыр Шығыс Түркістан республикасының құрылғанына 80 жыл толды. Қазір бұл жер — Шыңжаң (ред. қытайша хing jiang - жаңа жер) деп аталады. 

Фото: Wikipedia, Шығыс Түркістан, хing jiang

Марқұм Баймұқат Тілеубаев мәңгілік сапарға аттанып кеткен. Оның бала-шағасы мен немерелері естелігін көзінің қарашығындай сақтап отыр. Ардагердің сегіз қызының бірі – Роза Баймұқатқызы Тілеубаева әкесінің еленбеген ерлігі жайлы сыр шертті. Отбасында сақталған аздаған ресми құжаттары және Баймұқат Тілеубаевтың өз қолымен толтырылған жеке кадрлық құжаты бар. Ол 1917 жылдың 2 қаңтарында дүниеге келген. Жас қазақ жігітінің өмірбаяны комсомолмен, партиямен байланысты болды.

«Соғысқа дейінгі жылдары әкем Қоңыратта жұмыс істеді. 1935 жылдан 1938 жылға дейін балалар үйінде, кейін комсомол комитетінде қызмет атқарды. Кейін әскерге шақырылып, 1940 жылдың сәуірінен 1941 жылдың ақпанына дейін Ташкенттегі артиллериялық полкта қарапайым сарбаз болып әскери борышын өтеді. Соғысқа санаулы айлар қалған еді, бірақ сол кезде мұндай қасіретті бастан кешіреміз деп кім ойлаған?!» — деді Роза ханым.

Әскерден оралғаннан кейін әскери дайындықтан өткен комсомол мүшесін Қоңырат ауданы бойынша әскери инспектор қызметіне жіберді. 1941 жылдың 15 маусымында Баймұқат коммунист қатарына өтті. Ал бір аптадан соң соғыс басталды... Баймұқат достарын майданға шығарып салды. Ал оны басқа майданға – Балқаштағы әйгілі №517 қорғаныс зауытына жұмысқа жіберді.

«Бұл жерде, тылда да, оңай болған жоқ. Ол күндіз-түні еңбек етті. Қорғаныс зауытының өзіне жүктелген маңызды тапсырмалары бар еді. Ал жас коммунист тыл майданының алдыңғы шебінде жүріп еңбек етті», — деді Роза апайымыз.

Жеке іс құжатында 1942 жылдың мамырынан 1946 жылдың маусымына дейін Баймұхат №517 Балқаш әскери зауытында жұмыс істегені көрсетілген. Шын мәнінде дәл осы кезеңде ол Қытайға арнайы іссапарға жіберілген еді.

«Әкем әрқашан адалдық пен уәдеге берік адам еді.  Бұл тақырыпта ашылып сөйлеген емес, бірақ партияның тапсырмасымен Қытайда арнайы міндеттер орындағанын жасырмайтын. Алайда ол қандай тапсырмалар екенін ешқашан айтпады», – деп еске алады Роза Баймұхатқызы.
Шығыс Түркістанға халық жасақтарына кеңесші болып бару жөнінде арнайы тапсырма алады. Ол жақта тұрып жатқан жергілікті мұсылман бауырлармен қоян-қолтық араласып кету үшін біраз дайындық керек болады. Оны жүзеге асыру үшін түркі тілдес халықтардың тарихынан деректер алынып, қазақ қиссаларын жаттайды. Кеңестік дәуірде ұмыт бола бастаған ислам дінінің негізгі кағидаларын еске түсіріп жан-жақты дайындықтан өткен. Бұл әскери бөлім 1942 жылы Қорғас өзені арқылы Шығыс Түркістан өлкесіне халық көтерілісіне көмекке аттанды.

Қытайда Гоминдан билігіне қарсы ереуілдің күшейе түскен кезі болатын. Халық жасақтарына қару-жарақ жетпей, әрі соғыс тәсілін жетік білмегендіктен, көп шығынға ұшырап отырған. Қазақстаннан барған әскери бөлім ел ішін аралап жүріп, жергілікті қазақ, қырғыз, ұйғыр азаматтарынан жасақ ұйымдастырады. Әскер басшылары көтерілісшілерге қару-жарақ беріп көмектеседі. Аз уақыт ішінде олар полк жасақтайды.

Бұл кезде Кеңес Одағының қарулы күштері фашист басқыншыларына қарсы Ұлы Отан соғысында бір талай жеңістерге қол жеткізе бастаған болатын.

Майдандағы бұл езгерістер Қытай халқының, онда өмір сүріп жатқан аз ұлттардың көңілін елең еткізіп, бостандыққа деген сенімдерін күшейте түседі.

«Аз ұлттар жасағының» ісі өрге басып, бастапқыда полк болып құрылған бұл құрамаға «Синцзяндағы аз ұлттар дивизиясы» деген ат беріледі. Бұл дивизия Қытай Халық Республикасының қазіргі
СҰАА (Синцзян ұйғыр автономиялық ауданы) өңірінде жаңа үкіметтің жеңіске жетуіне зор үлес қосты. Осы күнгі Қытайдың қазақ облысының жерін, Тұрпан, Қашқар өңірін азат етіп, онда жаңа демократиялық үкімет орнатуға белсене атсалысады.

«1949 жылы бұл дивизияға «Аз ұлттардың ерекше бостандық дивизиясы» деген атақ беріледі. Бостандық үшін болған бұл соғыс шығынсыз болмады. Қытай коммунистік партиясы бастаған жаңа үкімет батыс өңірде жеңіске жеткен соң, 1946 жылы әскери бөлім елге оралады. Ол кезде бұл адамдардың жат жерде істеген еңбегі, көрсеткен ерлігі әскери құпия ретінде сақталған еді», — деп еске алды Роза ханым.

Баймұқат Тілеубаевтың өмірбаянында Қытайға жасаған сапары тек «әскер қатарында болды» деп қана көрсетілді. Қытайдан оралғаннан кейін Баймұқат 40 жылға жуық партия жане кеңес органдарында қызмет атқарды. Әкесінің бұл әскери құпияны өзімен бірге мәңгілікке алып кеткенін дәлелдейтін айғақ – оған берілген соғысқа қатысушы куәлігі.

Ардагерлер жақсы біледі. Мұндай куәлікті алу оңай болған жоқ – сан түрлі анықтамалар мен дәлелді құжаттар талап етілетін. Демек, оған мұндай құжатты беруге негіз болған. 

«№379709. Құрметті Баймұқат Тілеубаев! Сізді 1986 жаңа жылыңызбен және КСРО қорғау жолындағы әскери қимылдарға қатысушы ретінде мойындалуыңызбен шын жүректен құттықтаймыз. Соғысқа қатысушы куәлігіңіз бен жеңілдіктер купоны бар парақшаңыз Жезқазған облыстық УККБ кадрлар аппаратына жіберілді. Құрметпен, Қазақ КСР КГБ кадрлар басқармасы бастығының орынбасары В.А. Никитин» деп жазылған құжатта.

Яғни, соғысқа қатысқан, бірақ нақты қай оқиғаларға қатысқаны беймәлім болып қала берді. Әкесінің өміріндегі бұл құпияны қайтыс болғаннан кейін балалары анықтауға тырысты. 1995 жылы ҚР ҰҚК-не жолдаған сұраныстарына:

«Әкеңіз Б.Тлеубаевтың қызметі туралы толық мәліметтер жоқ» деген жалтарған жауап келді. Бірақ хат соңында бір сілтеме бар: «Сіздің көрсеткен №35328 әскери бөлімі КСРО КП(б) Орталық Комитетінің желісі бойынша майданға жіберілгендіктен, сізге Қазақстандағы Партия тарихы институтына жүгінуге кеңес береміз».


Арнайы тапсырманың орындалғанын дәлелдейтін фактілер бар. Тілеубаев тіпті ата-анасына да хат жазбаған. Қытайға басқа фамилиямен аттанған, ол жақта өткізген жылдары зауыттағы жұмыс ретінде бүркемеленген, арнайы іссапарлар туралы ешқандай анықтама жоқ. Тағы бір ескі чекистің айтуынша, кейін тарихи Отанына оралған бір репатриант қазақ кездейсоқ кездесуде Тілеубаевты танып, Қытайда көргенін айтқан.

Тағы бір айғақ бар: Б.Тілеубаевпен бірге дәл сондай құпия тапсырманы тағы бір жерлесіміз – Т.Құрдабаев та орындаған. Бұл туралы жалғыз анықтамада мақсат та, ел де көрсетілмесе де, құжаттың өзі маңызды. Өйткені ол 1946 жылдың маусымында – арнайы іссапар аяқталған уақытта берілген. Бұл құжатпен қатар өткен оқиғалардың шынайылығын дәлелдейтін басқа да айғақтар бар. Отбасыға беріліп келген ақшалай жәрдем тоқтатылған. Бұл жеңілдік тек майдангерлердің отбасыларына ғана берілетін. Құжатта тағы бір жазба бар:

«Жолдастың арнайы іссапарда болған кезеңі үшін партиялық жарналарды қабылдау туралы жұмысы жалғасатын орынның партком хатшысына нұсқау беріңіз».

Бұл досынан қалған анықтама – баға жетпес қазына. Осы құжат Б.Тілеубаевтың осы әскери бөлімге қатысы бар екенін дәлелдеуге көмектесті. Өйткені олар сол жылдар бойы – 1943 жылдан 1946 жылға дейін бірге болған.

Әрине, аумалы-төкпелі заманда қазақ халқының басынан талай нәубет өтті. Ашаршылық, ұжымдастыру, репрессия, соғыс...

Қандай қырғынды, бұғауды көрсе де, қазақ халқы азаттыққа ұмтылды. Оған тарихымыздағы ұлт-азаттық көтерілістер мен Желтоқсан оқиғасы дәлел. Күрес Қытай жерінде де болды. Арғы беттегі Шығыс Түркістан қазақтары мен Оспан батыр бастаған көтерілісшілер халқының азаттығын ойлап сол жолға өмірін арнады. Біз тағдырдың бұйрығымен сол азаттыққа ұмтылған қазақтармен жолы түйіскен бір тағдырды баяндап бердік. Соғыс ардагері – Баймұқат Тілеубаевтың ұрпағы бүгінде оның ғұмыры жайлы толыққанды ақпарат іздеп, оның ерлігін келер ұрпаққа жеткізгісі келеді. Бұл – біздің тарихымыз. Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар