Шыңжаңдағы лагерь: кісеннің сылдыры мен сақшылар өктемдігі
2017 жылдан бастап Қытайдың діни азшылық топтарға қысым жасап
жатқаны айтыла бастады. Пекин басында бұл ақпаратты жоққа
шығарғанымен кейіннен «терроризмнің алдын алу», «қайта тәрбиелеу орталықтары» деп атады. 2017 жылы өткен Дүниежүзілік қазақтар құрылтайында Германияда тұратын этникалық қазақ Өмірхан Алтай Қытай қазақтарының қамалып жатқанын айтты. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев қамау туралы естімегенін мәлімдеді. Сол жылы 10 қыркүйекте Human Rights Watch халықаралық ұйымы «қайта тәрбиелеу орталықтары» туралы мәлімдеме жариялады. Ұйым Шыңжандағы мұсылмандардың «заңсыз қамалып жатқанын» айтады. Бүгінге дейін лагерьдегі адам саны туралы нақты дерек жоқ.
Дина Нұрдыбайқызы, Шыңжаңдағы «саяси тәрбиелеу лагерінде»
болған
Дина Іле автономиялы облысының Нықы таулы аймағында тұрған. Өңір халқының басым бөлігі – қазақтар. Оның айтуынша 2002 жылы қос тілді міндеттеу арқылы Қытай өз саясатын жүргізе бастайды.
«Бастауыш сынып екі тілде болды, орта сыныпта тек қытайша оқыдық. Қазақстан тарихының орнына қытай тарихын оқығандықтан, Қытай патшалықтары, Ұлы қорған дегенді білеміз. Мұғалімдердің өзі сендер «дым білмейтін сасық қазақ, оқы, үйрен» деп боқтайтын еді. Ұратын кездері де жоқ емес. Ұялғаннан оқитынбыз. Солай таза қытай болдық», – дейді ол.
Айтуынша, ұлтының қазақ екенінен хабардар болса да, қазақта қандай батыр болғаны, олар қалай тәуелсіздікке жеткені оған беймәлім.
«Апамнан естуім бойынша, 90-жылдары қытайларды ішкі Қытайдан алып келіп, әр үйге бала етіп беріпті. Өзіңнің балаңмен бірдей өсір, бұлар аш, сендер кең пейіл халықсыңдар», деген екен.
Бастапқыда олар қайыр тілеп, ұнға дейін сұрап жүретін. Кейіннен дүкен ашып, үй алды. Қазір ауылда қытай көп.
Динаның айтуынша қысым аймақтағы этностардың ұлттық мейрамдарын азайтудан басталған. Қазір діндік сипаты жоғары деп сүндет тойды да жасатпайды. Үйленерде бір жапырақ той қағазын береді, ал молдаға барып, неке қидырғандарды көрсе, идеологиясы таза емес деп абақтыға жабады.
“2017 жылдан бастап ашық түрде салт-дәстүрге шектеу қойды. Оған дейін қазақы киім кие беретінбіз”, дейді Дина.
«Қазақстан қауіпті мемлекет…»
«2007 жылдары ұйғырға ұқсағанның бәрін өлтірді. Менің ағамды да
ұйғырсың деп ұстап, мұрнын сындырды. Ол қасы қосылған, әдемі жігіт еді. Сол кезде көтерілісті бастаған ұйғырлар емес, қытайлар екен. Қолдарына таяқ алып, аяғы ауыр әйел, үлкен кісі демей ұрған. Ауылда сегіз ұйғыр отбасы болатын. Қазір бәрі түрмеде».
Дина этникалық қазақтардың 2017 жылдың оныншы айынан бастап түрмеге қамала бастағанын, қудалаудың «еш себебі жоқ екенін» айтады.
«Қолымызға кісен салып, бір-бірімізді көрмеу үшін басымызға қап кигізіп, мал сияқты машинаға тиеді. Тек кісеннің сылдырлаған даусы мен сақшылардың үні ғана естіледі… Оған «Қазақстанға барғансыңдар, ол мұсылман әрі қауіпті мемлекет» деген айып таққан. Қытай сол кездері қауіпті 26 мемлекет тізімін шығарып
қойғанды. Соның ішінде Қазақстан да бар екен», - дейді Дина.
Ол қанша күн отыратынын сұрағанда, «12 күн» деп жауап берген.
«Мені ұстар күні ерте ұйықтап қалғам. Таңертең телефонымды қосқанда бірден хабарласты. «Екі сағат қана сұрақ-жауап аламыз» деген екі жігіт формасыз келіп, алып кетті де, 12 күннен кейін «қайта тәрбиелеу» лагеріне жіберді. Лагерьге күніне 50-100 адам келетін. Басында бір бөлмеде 2 кереует болған еді, кейіннен 12-13 адам жататын болды. Тамақты да сол бөлмеде ішіп, дәретке де сол бөлмедегі шелекке баратынбыз. Төрт бұрыштан төрт камера түсіріп тұратын», – деп еске алады Д. Нұрдыбайқызы.
Айтуынша таңертең 4:30-да оянғаннан кішкентай орындықта отырады да теледидардан қытай ережелерін жаттайды. Сөйлеуге, бас көтеруге болмайды. Біраз уақыт өткен соң оларды сыныпқа бөліп, қытай тілін, әнін үйрете бастаған.
«Миыңды айналдырып, өзіңнің өзгерісіңді жаз деп отырғызып қояды. Өзіңді өзің қылмыскер деп айтуың керек. Олар саған басқа айып тақпайды. Лагердің ішінде жүргенде жеті рет орын ауыстырдым. Жамылғың мен жуынатын заттарыңды дайындап, түн ортасында келсе де дайын отыруың керек. Маған таққан негізгі айыптары: «шет елге шыққансың, телефоныңда WhatsApp бар». Қандай WhatsApp екенін көрсетіңіздер десем, көрсете алмайды. Мен негізі Samsung телефонымды осы жақтан (Қазақстаннан-ред.) алған едім. Соның ішінде өзімен келген қосымшасы бар екен. Телефон алғаннан кейін Құлжаға қарай Қорғастан өттім ғой. Сол кезде Қытайдың кәртішкесін телефоныңа салған кезде автоматты түрде оларға барлық ақпарат түседі. Бәрін көріп отырған. Мысалы, түрмедегі үлкен кісілердің көбінде WhatsApp бар деген айып таққан. Бірақ олар телефондарын немерелеріне берген ғой».
Дина лагерге түскен соң бір айдан кейін оған вакцина салған. «Вакцинадан кейін күн мен түнің бірдей боп қалады» дейді ол. Оны бірнеше айдан кейін қайта егеді екен. Айтуынша, екпеден соң түрлі сұрақтарға жауап беріп, Қазақстанды жамандатқызады. Лагердегі адамдар қарсылық білдірсе 24 сағат бойына орындыққа отырғызады, дәретке де шығармайды. «Мен солай екі рет отырдым» дейді Дина.
«Бірде басымды көтеріп, теледидардағы сөзді оқығаным үшін мойнымнан ұрып қалған. Көзім қарауытып, біраз уақыттан кейін ғана есімді жидым. Кейде қағаз әкеліп береді. Қол қою керек. Ішінде өзіңнің қылмысыңды мойындаймын дейтін сөздер бар. Соңына қарай өзіміз олардан қандай да бір айып тағып, түрмеге отырғызуын сұрадық. Себебі ұзақ уақыт сұраусыз жүру бізге моралды тұрғыдан ауыр болды. Қашан шығатының да белгісіз.
Істегендері жанымызға батты. Белгісіздік қиын екен».
«Қай күні алып кетеді, қай жерде шалыс бастым?»
2018 жылдың төртінші айында лагерлерге шет елден тілшілер келе
бастайды. Сол кезде туыс-туғаны бар адамдарға бөлек тізім жасалған. Ал Динаны ешкімі жоқ деп архивке кіргізіп қойған екен. Тек арада төрт ай өткеннен кейін оның Қазақстандағы туыс-туғандарынан арыз түскен. Сөйтіп, архивтен алып шыққан жеті адамның қатарына кіреді. Осыдан кейін Динаның босап шығуға үміт оты тұтанады, алайда оны тамызға дейін қара жұмысқа салған. Үлкен алқапты ешқандай техника, құралдың көмегінсіз қолмен тазалаған.
«Ол жерде ата-анасы түрмеге түскен балалар мен қарттар да болды.
Солардың тазалығын қадағалап, кірін жудық. Олардың да тәртібі біздікіне ұқсас. Тізіліп барып тамақ ішеді. Көбі ұйғыр еді. «Нан жегіміз келеді» - деп жылайды. «Біздің де ата-анамыз сіздер сияқты жүр ме?» - деп сұрайды. Лагерден шыққаннан кейін миың толықтай тазарады. Бостандықта маған ештеңе қызық болмады. Кәртішкенің кілт сөзіне дейін ұмытып қалдым. Бұдан соң ол тоғыз ай үйқамақта отырған. Өзі де толықтай 24 сағат бақылауда болады. «Кейде, табан астынан, 10 минутта кел деп шақырады, не істеп жатқаның маңызды емес. Айтты ма, баруың керек. Сақшылар екі күннің бірінде үйге қонып, суретке түседі», - дейді Дина.
«Кейін жолдасым іштегі адамдарға қарағанда сыртта жүргендерге қиынырақ болғанын айтты. Қай күні алып кетеді екен, қай жерде шалыс бастым деп, өзіне-өзі қол жұмсағандар көп болыпты. Лагерден шыққаннан кейін де өздеріне қол жұмсағандар аз емес. Менде өзімді өлтіруге бірнеше рет талпындым. Бұлай отырғанша лагерде болғаным дұрыс еді деп ойладым. Үйде жүргенде бөтен дыбыстан қорқасың. Лагерде сиренаның үніне ұқсайтын дауыс болады. Ол кез келген уақытта қосылғанда қолыңды желкеңе қойып, диванның астына жата қалуың керек. Түнде шошып оянып, ұйықтай алмаған кездерім болды».
Лагерге дейін кейіпкеріміздің жеке кәсібі болған. Ол мемлекетке
қайтарымды, бірақ өсімсіз ақша алған. Шыққаннан кейін (лагерден-ред.) бір жолғы өсіммен бүкіл қарызды мойынына іліп, аяғы ауыр болғаны себепті де елге қайтарған.
«Жолдасымның көлігін, өзімнің косметика сататын дүкенімді
асханасымен саттық. Бір жыл түрмеде отырдың демеді. Соның өзінде 57 мың юаньды 12%-пен төлеп отырмыз. Қазір 30 мың юань қалды. Қытайдағы тұратын әкемнің екі бауырының кәртішкеде қарызым болғаны үшін бермей отыр. Өйткені қарызды қайтармай қояды деп қорқады».
Қазір Дина баламен үйде отыр. Арасында тапсырыс қабылдап, маска тігеді. Жолдасы құрылыста жұмыс істейді. Тапқан табыс қарызды қайтаруға, пәтер ақысына кетеді.
Фарида Қабылбекқызы, 17 жылдан бері Қытайдағы жолдасын елге
қайтара алмай жүр. Фарида 2002 жылы отбасымен Қазақстанға көшіп келеді. Екі жылдан кейін жолдасы, ұлы, қызымен Қытайға қонаққа барғанында тұрғылықты жердің қауіпсіздік комитеті жолдасын алып кетіп, бір жылға қамап қойған. Бір жыл өткен соң, тағы да он үш жылға «Қазақстанның тыңшысы» деп соттады.
«Содан бері араша сұрап бармаған жерім жоқ. Азаматтыққа
тапсырып қойғанымызда, қолымызда ықтияр хат болған. Ондайда
визасыз жүре беруге рұқсат. Сол мүмкіндігімізді пайдаланып,
туыстарға барғанбыз. Жолдасым қайта алмады. 2017 жылдың
қыркүйегінде түрмеден шығарып, бір жарым жылға лагерге қамады. Ол жерден шыққанына биыл екі жылға таяп қалды».
Жолдасын елге қайтаруға асыққан кейіпкеріміз бүгінге дейін Қытайдың Астанадағы елшілігі, Сыртқы істер министрлігі, Президенттің әкімшілігіне де барған. Наразылығын білдіріп, пикетке де шыққан, «бірақ біздің биліктен қайыр жоқ», - деп налиды.
«Сыртқы істер министрлігіне хабарласқанымда, жеке куәлігі дайын деді. Бірақ өзінің қолына бермей отыр. Қазақстан билігі құжатын беріңдер деп айта алмайды екен. Шекара ашылғанын күтіп отырмыз. Ол да нақты қашан келетінін білмейді. Айтуынша, денсаулығы жақсы. Үкіметтің саясаты туралы тіс жармайды. Лагерде денсаулығы нашарлады ма деп алаңдаймыз. Қытайда жұмысы жоқ адамдарға беретін бір бөлмелі үйі бар екен, қазір сонда жалғыз өзі тұрып жатыр».
Фариданың айтуынша, балалары мен немерелері күнде WeСhat арқылы сөйлесіп тұрады. Немерелері атамыз қашан келеді, неге ол жақта жатады деп жиі сұрайды екен.
«Біздің министрілік бәрін істеп жатырмыз дейді. Олар берген барлық жауапты жинап отырмын. Егер Сыртқы істер министрлігі шынымен жұмыс істеп жатқан болса, неге бір адамды құтқармаған? Кінәсіз отырғанын елдегілер де біледі ғой.
Қытайдағы қазақтар мәселесін көтеріп жүрген «Атажұрт еріктілері»
ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтхан бұл қырғын 2009 жылы
басталғанын айтады.
«Алғашында, ұйғырларға зорлық көрсетті. Арасында бірен-саран
қазақтар болды. Ол кезде не болғанын біз де түсінбедік. Сөйтсек
арандату екен. Қытайдың мақсаты - ұйғырларды террорист қылып
көрсету. Мақсатына жетті де. Бірақ неге бүтін бір ұлт террорист болуы керек? Тұтас ұлтты айыптау қисынға келмейді».
Оның айтуынша, Қытайлар дәл осы әрекеті арқылы демографиялық әрі мәдени геноцид істеп отыр. Лагерге кіргеннің іс-түссіз жоғалып кеткені көп. Оларды ағзасы үшін ұрлайды дейді. Қазақша кітаптарды өртеу, қытай тілін күштеп үйрету, лагердегі адамдарға отбасымен тек қытайша сөйлеуге бұйыру - мәдениетті жоюдың белгісі, - дейді ол.
Осы іспен айналысу барысында жергілікті басшылар тарапынан қысым болған екен.
«Қытайлар қала, аудан дәрежесіндегі адамдарды осы жердегі қолдары арқылы сатып алды деп ойлаймыз. Олар (ҰҚК-ред.) жатқан-тұрғанымызды аңдып отыр. Қытайға 10 мың, 20 мың доллар беру ештеңе емес. Сондықтан олар (ҰҚК арқылы-ред.) арқылы тікелей, жанама қысым көп. Серікжанға (Серікжан Біләш-ред.) да жала жабылған еді. Ол қазір лагерден шыққан адамдарға медициналық көмек көрсету қамымен Түркияда жүр. Себебі ол жақтан кеп жатқандардың денсаулығы жоқ. Кем дегенде үш-төрт түрлі ауруы бар. Бұл қасақана істеліп отыр!»
Халықаралық адам құқықтары ұйымының санағына жүгінген ол лагерде 500 мыңнан астам қазақ, миллионнан астам ұйғыр бар екенін айтады. Бірақ бұл бір уақытта лагерде жатқан адам саны екенін ескерсек, арасында кіріп-шыққандар да бар. Оларды қосқанда көрсеткіш бұдан да көп. Олардың денсаулығын құртып, отбасын бұзып, бизнесін тартып алып дегеніне жетеді (Қытай-ред.) Сүйтіп бірін шығарып, орнына басқасын кіргізеді, - дейді.
«Халықаралық ұйымдар шындап кіріссе мұны тоқтатуға шамасы келеді. Бұл коммунистік партияда отырған санаулы адамның ісі. Ол жақта миллиардқа жуық адам болса, оның барлығы қырғынды қолдайды деген сөз емес. Осы мәселеге қатысты көп жазушы мен ғалымның ішінен оншақтысы ғана ойын ашық айтты. Біз олардың
әрекетсіздігіне ренжіп жүрсек, үнсіз отырғаны жақсы екен, өзіңе
шаппаса болды».
Бүгінгі күні Атажұрт ұйымының мүшелеріне қозғалған бір қылмыстық, бір әкімшілік іс бар. Қылмыстық іске айғақтары жеткіліксіз болса да әлі жабылмай тұрғанын, ал әкімшілік іс бойынша айыппұл төлеу керек екенін, ұйымға қаражат халықтан жиналатынын айтады.
Авторлар: Нарқыз Ерес, Думан Терликбаев
Жаңалықтар
- Трамп Үшінші дүниежүзілік соғыс үш айдан кейін басталуы мүмкін деп болжады
- Түркияда кадрлық дағдарыс: 791 мың жұмыс орны бос қалды
- ҚАЗТЕСТ-тің жаңа ережелері бекітілді
- Шығыс Қазақстандағы ауылдардың бірінде қыстауда жиналған 600 тонна шөп жанып кетті
- Еуроодақ Қазақстанға соғыстан қашып келген алты ресейлікке кіруге рұқсат берді
- «Қазақ суретшісін халықаралық деңгейде ұлықтау»: Өзбекстанда көрме өтіп жатыр
- Назым Қызайбай бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны атанды
- Талғарда ұйымдасқан қылмыстық топ 16 жастағы жасөспірімді қаскөйлікпен өлтірді ме? Тоқаев Путинге сыйлық жасады. Мәсімов уақытша ұстау изоляторында.
- Талғардағы өрт тергеуі: айғақтар алынып, сараптамалар жүргізілді
- Армения президенті Қазақстанға ресми сапармен келеді
- Астанадағы алғашқы қар: Жүздеген апат болды
- «Митинг болмайды»: Талғардағы Шерзаттың үйі өртенгелі қандай жағдайлар болды?
- Шығыс Қазақстанда «Шығыс салбұрыны» халықаралық бүркіт фестивалі басталды
- Sәlem: «Пацанские истории» – 5 жылдық
- Qarmet 2025 жылдың екінші жартысында ішінара газбен жұмыс істей бастайды
- Шерзат Болаттың ата-анасының көршілері: Қаржаубайдың балалары өртенген үйде түнемек болған
- Қазақстан мен Франция сегіз жобаны жүзеге асыруда
- Ұлттық орталық бірегей тарихи қолжазбаның көшірмесін ұсынды
- «Құқық қорғау органдарына реформа жасау маңызды»: Аймағамбетов Талғардағы оқиғаға қатысты пікір жазды
- Алматыда Қазақстан мен Словения құрамалары арасындағы ойынға арнайы автобустар шығады