Шенділер уәдесі: Қазақстандағы бейресми жаза – «түрмедегі азап пен қорлық» қашан тыйылады?

ІІМ қарамағындағы Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің басшылығы сәрсенбі күні ОртКом-да өткен брифингте Қазақстан түрмелеріндегі жағдайды жақсартуға уәде берді. Үш жылда түрмедегі азаптау, құқық бұзу жөнінде 400-ге тарта іс қозғалса да оның небәрі төртеуі ғана сотқа жолданған.
Комитет төрағасы Жанат Ешмағамбетов баяндамасында елдегі «демократиялық өзгерістер қылмыстық-атқару жүйесіне тікелей әсер етіп, саланың рөлі айтарлықтай жақсарғанын» атап өтті. Оның айтуынша, қазір жүйе «жазаны өтеудің тәртібі мен шарттарын қамтамасыз ете отырып, сотталушылардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, оларды түзеу құрал-шараларын айқындау, әлеуметтік бейімделуге жәрдемдесуді негізгі міндетін» алға қойып отыр.
Ешмағамбетов «кейбір сотталғандардың жазаны өтеудің заңды тәртібін сақтамай, сол үшін әкімшілікке түрлі арандатушылық, оның ішінде жалған мәлімдемелер арқылы қысым көрсету әдістерін қолданады» дейді.
«Десе де абақты қабырғасындағы құқық бұзушылық жөніндегі әр хабарлама төтенше жағдай ретінде қабылданады. Азаптау-қорлық фактілері мен олардың кез келген ықтимал жағдайы міндетті түрде тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіледі» деп ағынан жарылды.

Керек кезде істемей қалатын камераның күйі
Елде абақтыдағы азаптау тақырыбы тұрақты түрде көтеріледі. Бірақ жабық мекемеде болғандықтан, оны дәлелдеу қиын. Арызданушылар мен құқық қорғаушылар түрмедегі бейнекамералар айғаққа жарарда жиі істемей қалатынын айтады.
– Түзеу мекемелері мен министрлікке қарайтын барлық ғимараттарына жаппай бейнебақылау камералары орнатылып жатыр. Жоспарға сәйкес 2022-2023 жылға қарай толығымен қамтамасыз етіледі. Осыған дейін қойылғандарының көбі ескірген. Сарапшылармен ақылдаса келе «соқыр аумақтың» бәрін ескеріп құрылғы орнату орындарын нақтыланды, – деп мәлімдеді комитет төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев.
Осыған дейін азаматтық белсенді Дулат Ағаділ астанадағы тергеу изоляторларының бірінде белгісіз жағдайда қаза тапты, «саяси тұтқын» әрі диссидент, ұзақ жылдар абақтыда отырып, айықпас дертке шалдыққан Арон Атабек денсаулығы жақсармай, көз жұмды.
Ресми құлақтандыру: Азаптау-қорлыққа ұшыраған немесе түрмеде құқығы бұзылған сотталушылар я олардың туыстары комитет төрағасының блогына шағым түсірсе болады. Сонымен қоса, өтінім тәртібін жеңілдету үшін +7 7172 72-30-65 сенім телефонына, +7-776-677-8077 нөмірлі WhatsAPP мессенджерімен «жедел желі» арқылы хабарласа алады. Әлеуметтік желілерде ресми парақшалар (Facebook және Instagram) бар, интернет платформалары мен БАҚ-қа тәулік бойы мониторинг жүргізіледі.
Бірер жылда абақтыдағы жүздеген адам азапталған
Брифинг барысында редакция тілшісі кейінгі үш жылдағы түрмедегі азаптауға қатысты келіп түскен шағымдар мен қозғалған істер және сотқа жолданған саны жайлы сұрады. «2019 жылы 200 қылмыстық іс қозғалды, оның үшеуі сотқа жолданып, 8 адам сотталды. Ал былтыр, 2020 жылы осыған ұқсас 126 іс тіркелсе, оның біреуі сотта қаралып, бір қызметкер жазаға кесілді. Биылғы он бір айда 65 қылмыстық іс қозғалды, сот шешімі қабылданған жоқ» деді ол.
– Түрмедегі құқық қорғау заң жобасы дайындалып жатыр. Түрмедегі азаптау мәселесі қайта қаралды, оған жаза қатаңдады. Бас прокуратура мен ІІМ ұсынымы бойынша, тұтқындарға зиян келтірген түрме қызметкерлеріне жаза күшейіп, кешірім берілмейді. Мүлде рақымшылыққа ілінбейтін болады. Желтоқсан айының аяғына дейін ашық порталда жарияланып, талқыланып қабылданады, – деді төраға орынбасары Аюбаев.
Комитет басшылығының хабарлауынша, түрме жүйесінің инфрақұрылымын дамыту мақсатында алғашында, 2022-2024 жылдары Алматы, Ақтөбе, Маңғыстау және Түркістан облыстарында 4 мекеме салынады. Жалпы 2029 жылдың соңына дейін мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде салынатын барлығы 16 нысан қолданысқа беріледі. Тағы бір уәдесі – пенитенциарлық медицинаны денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына берілмек.
Биыл тамызда Қызылордадағы ЗК-169/5 түзеу мекемесінде бір топ сотталушы құқығы аяқасты етілгеніне жауапты мамандар мойын бұрмаған соң қарсылық ретінде өзін жаралаған. Қараша айының ортасында Қарағанды облысы Қарабас кентіндегі АК/159-18 түрмесінің сотталушылары аяусыз азапталғаны туралы хабарланды (спикерлер аталған екі жағдай бойынша қосымша ақпарат беретінін жеткізді – ред.). Жуырда Шымкентте тергеу кезінде жауап алуға келген жігіттің азапталып өлгені қоғамды дүрліктірді. Осылайша, құқықтық жүйе нысандарындағы азаптау тәуелсіздіктің отызыншы жылы да «НКВД үлгісінде жалғасуда» деп сыналады. Amnesty International құқық қорғау ұйымы былтырғы есебінде «елдегі түрмелерде азаптау мен басқа да қорлық түрлері жиі қолданылады, билік бірді-екілі жағдайда болмаса, көбіне мұндай оқиғаларға байланысты әділ әрі ашық, тәуелсіз тергеу жүргізбеген» делінген.
Ашық дереккөздердегі ақпаратқа қарағанда, Қазақстанда 64 түрмеде 30 мың сотталушы және 16 тергеу изоляторында 4 мыңнан аса адам отыр.
Жаңалықтар
- «Жабық ел»: Украиналық телеарна Түркіменстан билігінің ашуына тиді
- Ақмола облысында сот «жала жапқан» әйелді ақтады
- Перизат Қайратқа қатысты сот басталды
- ІІМ алаяқтардың айласына түскен журналист Кәкен Қамзин туралы түсініктеме берді
- Алматы облысы әкімінің орынбасары жол апатына ұшырады
- Медициналық колледждерге түсу ережесі өзгерді
- Сауд Арабиясында қазақстандық пауэрлифтингтен Азия жүлдегері ұсталды
- Шымкентте жастар театрының басшысы сыбайластарымен бірігіп қомақты қаражат жымқырды
- Талибан басшылары әйелдердің құқығын таптағаны үшін қамауға алынады
- Бақыт Қажыбаев Қытайдағы халықаралық кинофестивальде «Үздік актер» атанды
- Тәуелсіз «Орда» басылымын рейдерлік жолмен тартып алмақ: Басылымды неге түртпектейді?
- Ақтөбеде демалыс орталығында жарақат алған 9 жастағы қыздың анасы көмек сұрады
- Сауда министрлігі АҚШ-тың жаңа тарифтеріне қатысты мәлімдеме жасады
- 2021 жылдан бері Қазақстанда екі миллиард ағаш отырғызылып жатыр. Соның қаншасы шынымен орманға айналады?
- ҰҚК құрамына енген Антикор тізгінін жаңа басшы ұстады
- Жетісуда балық инспекторы жеке мейрамын мемлекеттік мерекеге айналдырды
- Маңғыстаудың дауға қалған экс-әкімі жаңа қызметке тағайындалды
- Жамбыл облысында жер сілкінді
- Қазақстан енді қарасорадан қағаз шығарады
- Жоғалып кеткен ҚБТУ студенті 6 күннен бері табылмай жатыр