СҚО-да COVID-19 жұқтырған балалардың саны артты

cover

Солтүстік Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған балалардың саны өткен  аймен салыстырғанда шілдеде 8,5 есе өскен.

СҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде коронавирустың таралуы бойынша брифинг өткізген мамандар бұл дертті балалардың да көптеп жұқтырып жатқанын айтты.

Індет басталғалы бері 839 бала коронавируспен ауырса, биылғы маусымға қарағанда шілде айында ауру жұқтырғандар саны 8,5 есе артқан.

Соңғы уақытта стационарларға осы дертті жұқтырып,  ауырып түсетін балалар саны да 4 есе көбейген.

— Осы уақытқа дейін 621 бала дерттен жазылды. Қазір 218 бала дәрігерлердің бақылауында. Олардың 22-сі стационарда ем алып жатыр, жағдайлары орташа. Бұрын балаларда коронавирустың белгілері көбінесе болмайтын немесе жеңіл өтетін. Қазір олардың да дене қызуы көтеріледі, өкпелері қабынып, демалулары қиындап, бізге интоксикациямен түседі, - дейді СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Құмар Күсемісов.

Бүгінде облыс бойынша 196 бала амбулаторлық ем алып жатыр. Бұл туралы СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы маман Татьяна Горлова айтып өтті.

— Тамыз айында мектеп оқушылары арасында 128 жағдай тіркеліп отыр. Сол себепті жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналарды вакцина алуға шақырамыз. Мектептерге де эпидемиологиялық және карантиндік шаралардың сақталуына қатысты үнемі мониторинг жүргізіледі. Мұғалімдердің вакцина алуы да біздің назарымызда. Әзірге олардың 95,6 %-ы ғана екпе алған. Облыстың мемлекеттік бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, белгілі санатқа жататын адамдар 10 тамызға дейін вакцинаның бірінші компонентін алуға тиіс болатын. Әлі 1 қыркүйекке дейін уақыт бар, - дейді Татьяна Горлова.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар