Рим Папасы, Германия, Австрия елімізді Тәуелсіздік күнімен құттықтады

cover

Мемлекет басшысына Тәуелсіздік күніне орай көптеген елдерден құттықтау хаттар келіп жатыр. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер өз елінің атынан және өз атынан Қазақстан халқын тәуелсіздік мерекесімен шын жүректен құттықтады.

«Еліңіз тәуелсіздік алғаннан бері бізді тығыз достық қарым-қатынас байланыстыруда. Қазақстандағы этникалық немістер олардың мәдениетін құрметтейді және біздің мемлекеттеріміздің арасындағы табиғи көпір ретінде қызмет етеді. Сіздің Берлинге өткен жылы жасаған сапарыңыз біздің ынтымақтастығымызға қосымша серпін берді. Германия Қазақстанның сенімді серіктесі болып қала береді», - дейді Германия Президенті жеделхатында.

Өз кезегінде Австрияның Президенті Александр Ван дер Беллен өз хатында барлық қазақстандықтарға амандық тіледі.

«Еліміз арасында қалыптасқан достық қарым-қатынас экономикалық және энергетикалық салалардағы ынтымақтастықты дамыту мен кеңейтуге одан әрі ықпал ететініне сенімдімін», - деп жазды ол.

Рим Папасы Франциск жеделхат жолдап, бүкіл елге бейбітшілік, ынтымақтастық тіледі.

Өз құттықтауында Қырғыз Республикасы Президентінің міндетін атқарушы Талант Мамытов тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан мемлекеттік құрылыс, саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуда үлкен жетістіктерге жеткенін атап өтті.

«Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі жүйелі түрде нығая түсуде. Мен Қырғыз Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы тату көршілікке, стратегиялық серіктестікке және одақтастық қатынастарға негізделген екіжақты қатынастар біздің халықтарымыздың игілігі үшін әрі қарай дамып, тереңдей беретініне сенімдімін», - делінген.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына құттықтау жеделхаттары Нидерланд Королі Виллем-Александр, Канада генерал-губернаторы Джули Пайет, Малайзия премьер-министрі Тан Шри Мухиддин Ясин, Тайланд Корольдігінің премьер-министрі генерал Прают Чан-Оча, Австралия генерал-губернаторы Дэвид Херли, Никарагуа президенті Даниэль Ортега Сааведра және Никарагуа премьер-министрі Росарио Мурильодан түсуде.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар