Ресей агенттері Украинада Қуат Ахметовті ұрламақ болды

cover Фото: видеодан кадр

Ресей барлау қызметінің агенттері қазақстандық белсенді Қуат Ахметовті Украинадан ұрлап әкетуді жоспарлаған. Бұл туралы «Досье» орталығының зерттеуші-журналистері қолға түсірген құпия құжаттарда жазылған, деп жазады Orda.kz.

Қуат Ахметовті ұрлау операциясы қалай жоспарланды?

Украинада тұратын қазақ тілді белсенді Қуат Ахметовке қарсы арнайы операция ұйымдастырылғаны белгілі болды. Құпия құжаттарда Ресей агенттерінің Украина Ішкі істер министрлігіндегі байланыстарын пайдаланып, оның жеке деректерін қолға түсірмек болғаны жазылған. Одан кейін ұялы байланыс трекингі арқылы орналасқан жерін анықтап, оны қолға түсіру жоспарланған. Алайда Ахметов аңдуда екенін сезіп, Түркияға жасырын кетіп қалған.

«Қуат Ахметов ешқандай із қалдырмады. Банктік операциялар жасамаған, пәтер жалдамаған, ықтиярхат алмаған. Оны Қазақстанның арнайы қызметі қорғап отыр деп сенуге негіз бар» деп жазылған Ресей барлау қызметінің ішкі құжаттарында.

Мәскеудің құпия агенті кім?

Бұл деректер Ресей Бас барлау басқармасы (ГРУ) офицері, полковник Денис Смоляниновке жіберілген есепте көрсетілген. Құжаттың авторы – Виктор Васильев есімді агент. Ол 2022 жылы ақпанда Украинаға барып, екі апта бойы Қуат Ахметовті аңдығанын баяндайды. Васильевтің жоспары іске аспаған соң, ол өзіне де аңду басталғанын сезіп, Одессаға қашып, одан кейін Молдова арқылы Ресейге өтіп кеткен.

Васильев (Луковенко) атына Украинаға шақыру 

 Кең ауқымды соғыс қарсаңында Ресей әскери барлау қызметінің Қазақстаннан шыққан белгісіз белсендіге назар аударуы біртүрлі көрінуі мүмкін. Бірақ бұл ГРУ агентінің Украинадағы жалғыз міндеті емес еді. Оның басты тапсырмаларының қатарында ықтимал ынтымақтастарды өз жағына тарту және Украина жағында тұрған орыс ұлтшылдары жайлы мәлімет жинау. Бұл іске оның өз өткен жолы да сеп болды.

Қазақ белсендісін аңдуға жіберілген ГРУ офицері Украинаға Васильев Виктордың атына жазылған шақырумен келді. 1985 жылы туған бұл адам жайлы ресми дереккөздерде ешқандай айқын ақпарат жоқ. Тек оның паспорт нөмірі мен салық төлемегені үшін қозғалған екі атқарушылық іс бар. Себебі қарапайым: Виктор Васильев бұл есімді 2018 жылы ғана алған, ал оған дейін Луковенко деген тегі болған. Бұл дерек «Роспаспорт» құжаттарынан анықталды.

Виктор Луковенко – Мәскеу мемлекеттік университетінің экономика факультетінің бұрынғы аспиранты және неонацистік қозғалыстың белгілі өкілі. 2000-жылдардың соңында ол «Орыс вердикті» ұйымының белсендісі болған. Бұл ұйым ұлтшыл радикалдарға құқықтық көмек көрсетумен айналысты, олардың арасында адам өлтіру, шабуыл, бұзақылық және экстремизм үшін сотталғандар көп еді. «Орыс вердикті» өз кезегінде «Орыс образы» қозғалысымен тығыз байланыста болды. Бұл ұйымның жетекшісі Илья Горячев кейіннен адам өлтіру және неонацистік «БОРН» тобының құрылуы үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ал Луковенко 2010 жылы құрылған «Образ-М» ЖШҚ директоры ретінде тіркеліп, журнал сатумен айналысқан.

Алайда ММУ аспиранты өзінің серіктерінен алысқа ұзай алмады: 2011 жылы ол «Орыс маршы» күні Шри-Ланканың 58 жастағы тумасын өлтіргені үшін 8 жылға қатаң режимдегі колонияға қамалды. Алайда 5 жылдан кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босап шықты. «Такие дела» басылымына берген сұхбатында ол өзінің ұстанымдарынан бас тартпағанын, бірақ бұрынғы өміріне қайта оралғысы келмейтінін айтқан. Оның айтуынша, қалыпты күнделікті өмір оны көбірек қызықтырады.

Қазір Васильев-Луковенконың «Инстаграмдағы» парақшасында: «Саяхаттаймын, өмірден ләззат аламын» деген сипаттама тұр. Бірақ өткен өмірінің көлеңкесі әлі де қыр соңынан қалмай келеді. Парижде ол метродағы қара нәсілді жолаушылардың суреттерін жариялап, қаланың «ластанғанына» шағымданады. Басқа бір жазбасында «образ» деген екіұшты хэштегпен «Division 83» жазуы бар кепкамен түскен фотосын бөліскен (83 саны радикалды топтар арасында «Heil Christ» деген мағынада қолданылады, дәл 88 санының «Heil Hitler» деп шифрланатыны сияқты). Ал Киевке сапары жайлы ештеңе жазбаған. Оның орнына дәл сол күндері Қырғызстанда түсірілген суреттерді жариялаған. Өз айтуынша, саяхат кезіндегі жазбаларды кешіктіріп салу – оның ережесі.

Қуат Ахметов не үшін нысанаға айналды?

Қуат Ахметов 2021 жылы қазақ тілінің мәртебесін талап еткен белсенді әрекеттерімен танылған. Ол түрлі мекемелерде, сауда орындарында қазақша қызмет көрсетуді талап етіп, заңсыздықтарды видеоға түсіріп, YouTube-та жариялап отырған. Оның «Тіл майданы» қозғалысы Қазақстан қоғамында қызу талқыланса, Ресей ақпарат құралдары оны «русофоб», «ұлтшыл радикал» деп сипаттаған.

Ахметов дүкендер мен супермаркеттерде қазақша жазулардың жоқтығына, қазақ тілінде қызмет көрсетпейтін қызметкерлерге наразылық білдіріп, олардың мемлекеттік тілде сөйлеуін талап еткен. Бұл әрекеттері Кремльшіл ақпарат құралдарының назарын аударып, Ресейдің Ішкі істер министрлігі оны «ұлтаралық алауыздық тудырушы» деп танып, 50 жылға елге кіруге тыйым салған.

Ахметов не дейді?

«Азаттық» Қуат Ахметовке Ресей барлау қызметінің мәліметтері туралы сауал қойған. Ол Украинадан Түркияға кеткенін растады, бірақ Қазақстанның арнайы қызметі көмектесті дегенді жоққа шығарды. Ахметов Киевте украин белсенділерінің бірінің үйінде тұрғанын, Украинада визасыз жүру мерзімі аяқталған соң Түркияға кеткенін айтты.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар